Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауында медицина мамандарына көп көңіл бөлінетінін жеткізген болатын. «Мәселен, дәрігердің еңбегін бағалай білетін болдық. Бір кезде медицина қызметкерлерінің мемлекет назарынан тыс қалғаны рас еді. Дәрігер мамандығын материалдық тұрғыдан да нығайта түсу маңызды болып отыр. Бюджетті таяудағы нақтылау кезінде екінші жартыжылдықта медицина қызметкерлерін ынталандыратын қосымша төлем үшін 150 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. Мұны біз қазіргі дағдарыс кезінде қолға алып жатырмыз, енді оны жүйелі түрде жүзеге асыруымыз керек. 2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысы экономикадағы орташа жалақыдан екі есе артық болады. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі шешілді, бірақ отандық фармацевтика саласын аяғынан тұрғызу керек. Барлық негізгі дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар Қазақстанда өндірілуге тиіс. Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Келесі жылдан бастап осы бағытта нақты нәтиже күтемін», деген еді.
Иә, ұлт денсаулығын нығайту – мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. Мемлекет бұл міндетті орындау үшін барлық күш-жігерін салуда. Соңғы 30 жылда отандық денсаулық сақтау саласы айтарлықтай дамып, тіпті көшбасшы елдер де көз тіге қарайтындай дәрежеге жетті десек, артық айтқандық болмас. Республикада 496 аурухана және 1955 амбулаториялық-емханалық мемлекеттік ұйым бар, оларда 207 мыңға жуық медицина қызметкері, оның ішінде 55 мыңдай дәрігер жұмыс істейді. Барлығы 85 мыңнан астам аурухана төсектік орындары орналастырылған. Қазақстан халқының саны 1991 жылы 16 964 000 адамды құрады. 2019 жылы халықтың 1000 адамына шаққанда негізгі демографиялық көрсеткіштерге тоқталсақ, өлім көрсеткіші – 7,19, туу көрсеткіші – 21,73, халықтың табиғи өсімі 14,54-ті құрады. Денсаулық сақтауға арналған шығындарға келетін болсақ, 1991 жылы – 6 млн теңге, 2004 жылы – 131,2 млрд теңге, 2010 жылы – 562,8 млрд теңге, 2019 жылы 1,3 трлн теңге жұмсалды.
Осы ретте айта кететін жайт, мемлекеттік бағдарламалардың басты нәтижелері – өмір сүру ұзақтығының артуына, халықтың, оның ішінде ана мен бала өлімінің жалпы деңгейінің төмендеуіне ықпал етті. Сонымен қатар 10 жыл ішінде күтілетін өмір сүру ұзақтығы 5 жылға ұлғайды. Бұл көрсеткіш 2019 жылы 73,18 жыл болса, 2009 жыл – 68,33 жыл. Сондай-ақ 10 жыл ішінде жалпы өлім көрсеткіші 23,1%-ға төмендеді. 2019 жылы – 1000 адамға 7,19 болса, 2009 жылы – 1000 адамға 8,9 болды. Ең маңыздысы, ана өлімі 10 жылда 3 есеге азайды (274%). 2019 жылы бұл көрсеткіш 100 мың тірі туғандарға шаққанда 13,7, 2009 жылы 100 мың тірі туғандарға шаққанда 36,80 болған. Және де нәресте өлімі 10 жылда 2,2 есеге (218%) кеміген. 2019 жылы 1000 тірі туғандарға шаққанда 8,37 болса, 2009 жылы 1000 тірі туғандарға – 18,23.
Қазақстанда медицинаның бірқатар бағыты қазірдің өзінде халықаралық деңгейде табысты бәсекелестікке түсуде. Осылайша, бірегей медициналық технологиялар келесі медициналық ұйымдардың негізінде жүзеге асырылады. Олардың қатарында Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы, А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы, Ұлттық нейрохирургия орталығы, Ұлттық ғылыми медициналық орталығы, University Medical Center корпоративтік қоры, Ұлттық ғылыми онкология және трансплантология орталығы бар.
«Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша құрылды. Бұл – қызмет көрсету мен сервистің сапасы мен деңгейі бойынша әлемдік стандарттарға сәйкес келетін, ғылыми-білім беру қызметінде отандық және халықаралық танымға ие, қуатты кадрлық әлеуеті бар, тиімді корпоративтік және бизнеске бағдарланған басқаруы қалыптасқан Орталық Азиядағы жетекші кардиохирургиялық орталық.
Оның бірегейлігі қазіргі кардиологияның, кардиохирургияның және интервенциялық кардиологияның барлық бағыттарының синергиясы деуге болады. Бұл – еліміздегі жоғары мамандандырылған кардиохирургияны қамтамасыз ету саласындағы жалғыз сарапшылық деңгейдегі клиника, сонымен қатар елдегі кардиохирургия және кардиологиялық қызметтерге жетекшілік етеді. Орталық жетістіктерінің бірі – қосалқы қанайналым құрылғыларын (VAD) имплантациялау және жүректі трансплантациялау. Орталық пациенттердің қауіпсіздігі және халықаралық сапа стандарттарына сәйкес Біріккен халықаралық комиссияның (Joint Commission International) аккредитациясынан сәтті өтті. 2018 жылы орталық Ұлттық аккредиттеу орталығынан қайта аккредитациядан өтіп, «Жоғары санат» мәртебесін алды. Республика бойынша алғаш рет орталық базасында ауыр созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар науқастарды емдеуге арналған бірегей жоғары технологиялық кардиохирургиялық операциялар енгізілді. Жүректің жасанды сол жақ қарыншасын имплантациялау қан айналымын ұзақ уақыт механикалық қолдауға мүмкіндік береді. Бұндай операцияны қазіргі уақытта әлемнің жоғары дамыған 20 елі ғана (АҚШ, Жапония, Канада, Франция, Швеция, Швейцария, Аустрия және т.б.) жасайды. Аталған орталықта 324 құрылғы орнатылды. 2012 жылғы 8 тамызда орталық базасында Орталық Азия аймағындағы жүрек жеткіліксіздігімен ауыратын науқасқа алғашқы донорлық жүрек трансплантациясы болды. Бұл отандық кардиохирургияның үлкен жетістігі деуге болады. Орталық бүгінге дейін 80 жүрек трансплантациясын жасады. 2016 жылдың қыркүйегінде бірінші бірегей өкпе трансплантациясы операциясы сәтті өткен болатын. Қазіргі таңда 12 өкпе трансплантаты бар. Орталық Қазақстан мен Орталық Азиядағы жүрек пен өкпені трансплантациялауды жүзеге асыратын жалғыз клиника екенін айта кетсек дейміз. Сондай-ақ орталықта жасанды Carmat жүрегін имплантациялау жүзеге асады. Бұл жасанды жүрек алғаш рет халықаралық деңгейде орталықта 2017 жылдың 19 қазанында имплантацияланды. Carmat клиникалық сынағы аясында 3 толық жасанды жүрек имплантаты жасалды. 2018 жылы әлемде алғаш рет орталық базасында қазақстандық кардиохирургтер бригадасы Чехия, Израиль, Италия және АҚШ серіктестерімен толық имплантацияланатын жүректі қолдау жүйесінің бірегей операциясын сәтті орындады.
Жалпы емхананың сыйымдылығы 200 төсек және 8 клиникалық бөлімше бар. Бүгінгі таңда орталықта ересектер мен балаларға арналған жүрек және қан тамырларына операциялардың толық кешенін, оның ішінде күрделілігі жоғары санаттағы операцияларды жүзеге асырады. Осы уақытқа дейін 55 мыңнан аса науқас емделіп шықты. 13 мыңға жуық ашық жүрек операциясы және 42 мыңнан аса зерттеу жүргізілді. Орталықтың клиникалық базасы барлық аймақтан шоғырланған науқастардың ауыр санаттарын емдеуге және озық технологиялар трансфертіне арналған алаң болып табылады. Ашылғаннан бері диагностика мен емдеудің 23-тен астам жаңа медициналық технологиясы енгізіліп, 3600-ден астам ота жасалды. Шетелдік пациенттер үшін халықаралық JCI стандарттарына сәйкес келетін орталықтың ашылуымен Қазақстанда жоғары технологиялық кардиохирургиялық көмек алу мүмкіндігі туды. Соңғы 3 жылда және 2020 жылдың есепті кезеңінде орталық Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Түрікменстан, Түркия, Ресей, АҚШ, Үндістан, Украина, Болгария, Армения, Эстония, Беларусь, Моңғолия сияқты жақын және алыс шетелдерден келген 145 шетелдік пациентті емдеген.
Ел мақтанышына айналған елеулі емханалардың бірі – Ұлттық нейрохирургия орталығы десек артық айтқандық болмас, сірә. Бұл емхана – Орталық Азиядағы жаңа емдеу әдістерін қолданумен ерте диагностикадан бастап пациенттердің оңалуымен аяқталатын нейрохирургиялық қызметтерді толығымен көрсететін көшбасшы клиникалардың бірі. Оның материалдық-техникалық базасы Орталық Азияда теңдесі жоқ және ең жоғарғы халықаралық стандарттарға сәйкес келеді, бұл әрбір жағдайда дәл диагностика жасау мен емдеудің нақты әдісін қолдануға мүмкіндік береді. Орталықта 96 дәрігер және 222 мейіргер жұмыс істейді. Дәрігерлердің 48%-ы – жоғары санатты, 6 дәрігер – медицина ғылымдарының докторы, 16 дәрігер – медицина ғылымдарының кандидаты, 3 дәрігерде PhD деңгейі бар. 2013 жылы Халықаралық Біріккен комиссия (Joint Commission International) аккредитациясынан өтті. JCI аккредитациясы – медициналық ұйымның қызмет көрсету сапасы мен қауіпсіздігін әлем обьективті түрде мойындайтын «алтын стандарт». Орталық базасында Нейрохирургиялық қоғамдардың Еуропалық Федерациясының (EANS) білім беру курстары өтті. «Қызмет көрсетуші үздік кәсіпорын» номинациясында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын иемденді. «Алтын сапа» – бұл сапа саласындағы жетістіктер үшін берілетін ұлттық награда. Аталған марапат кәсіпорынның өнім шығару немесе қызмет көрсету сапасы мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы жетістіктері, сондай-ақ сапаны басқарудың тиімділігі жоғары әдістерін енгізгені үшін беріледі. Орталықтың 6 дәрігеріне «Қазақстан Республикасында нейрохирургиялық патологияны емдеудің жоғарғы технологиялы инновациялық әдістерін дамыту» тақырыбы бойынша жұмыстар циклі үшін ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлық табысталды. Орталық осы уақытқа дейін 40 мыңнан аса науқасты емдеді, 26 мыңнан аса операция жасады, бұрын Қазақстан мен Орталық Азияда қолданылмаған 66 жаңа нейрохирургиялық технологияны енгізді.
Осындай озық үлгідегі орталықтардың қатарында Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығы бар. Бұл – еліміздегі жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсететін төртінші деңгейдегі көпбейінді аурухана. Көпсалалы аурухана форматындағы Назарбаев Университетінің Медицина мектебінің заманауи клиникалық базасы болып табылады. Орталықтың жалпы сыйымдылығы – 210 төсек. 50 мыңнан аса науқас емделді, кем дегенде 40 мың хирургиялық араласу жасалды, оның 1 мыңнан астамы бірегей.
Еліміздегі «Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты» да – ірі буындарды эндопротездеу бойынша операциялар жүргізетін ілгері басқан іргелі орталықтардың бірі. Бүгінгі таңда онда әлемдік өндірістегі жамбас буынының эндопротездерінің 30-дан астам үлгісін сынақтан өткізіп, енгізді. 7 мыңнан астам ірі буын эндопротездері орнатылды.