21 Ақпан, 2014

Қарлығаш ниетті адам

379 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
_0436Егер бір адам туралы бір адамның пікірін естісеңіз, қабылдамауға болады. Ал, сол адам туралы екінші бір адамнан дәл сондай пікір естісеңіз, ойланып қаласыз. Ал, сол адам туралы үшінші бір адам алғашқы екеуінің пікірін қайталаса, әлбетте қабылдайсыз. Белгілі заңгер, Алматы облыстық адвокаттар алқасының төрағасы Кәміл Марасулов туралы естіген алғашқы пікіріміз кейінде естіген талай пікірлермен ұштасып жатты. «Ол – қарлығаш ниетті адам» дейді Марасулов туралы айтатындар. «Әке көрген оқ жонар» деген даналық бар. Әке жолын қуғандар туралы айтылатын сөз. Ал, Кәміл ағамыз әкесін көрген жоқ. Әпкесі Қалипа мен жездесі Нұрғали Нүсіповтің тәрбиесінде өсті. Бірақ өзі көзін көрмеген әкесін санасында жаңғыртып, оны көргендердің айтуымен бейнесін көз алдына әкеліп, іштей ширығып, «әкемдей болсам» деген арман ниетпен есейді, ер жетті. Себебі, оның әкесі Марасул ел қызметінде болған адам. Жұртының қамын жеген жан екен. Ол кезде Жетісу губерниясына қазіргі Жамбыл облысының бір бөлігі, Алматы, Талдықорған өңірі толығымен қараған кез дейді. Қазақтың бас көтерер зиялы азаматтары сол кездегі қиын ахуалға қарамастан, мемлекеттік маңызы бар жұмыстарды жүзе­ге асырады. Марасул Бүркітбаев та озық ойлы азаматтардың қатарында болып, сол кездегі Қордайдан тартып, мына шеті Қытаймен шекараласатын Нарынқол, Кеген, Жалаңаш аймақтарында қызмет ат­қа­рады. Сондай жауапты қызметтерде жү­ріп ол белгілі мемлекет және қоғам қайрат­керлері Ораз Жандосов, Ыдырыс Көшкінов сияқты тағы да басқа азаматтармен бірге жұмыс атқарады. Кеңес өкіметінің саясатын жүргізу үшін Кеген, Жалаңаш аймақтарында жұмыс істейді. Ел алдындағы зор беделін байқаған жоғарыдағылар 1930 жылы Марасулды сол кездегі Красногор, қазір­гі Сұлутөр ауылы атқару комитетінің төрағасы етіп сайлады. Осылай еліне, жұртына адал қызмет етіп жүрген Марасул Бүркітбаев 1938 жылы халық жауы атанып, қанды тырнаққа ілінеді. Сотсыз, тергеусіз ату жазасына кесіледі. Сол жылы оның соңғы тұяғы Кәміл дүниеге келеді. Әкесін көрмесе де, әкесінің кім болғанын естіп, біліп өскен Кәміл ағамыз әке жолын қууға бел байлайды. – Мен әкемнің түр-келбетін көрмей өстім, – дейді Кәміл Марсулұлы, – ол кісіні білетін замандастарының айтуымен және суреттен көрген бейнесін ғана көз алдына елестетемін. Және сол жалғыз суретті әлі күнге сақтап келемін... Кәміл Марасуловтың балалық шағы ел басына күн туған соғыс жылдарымен тұс­па-тұс келеді. Сондықтан да, сол дәуірдің ұрпа­ғы болған олар ерте есейді. Кәмілдің за­ман­дастарының тағдыры бір-біріне ұқсас. Соғыс салған қайғы-қасірет, кисе киімге, ішсе тамаққа жарымаған олар есесіне білім алуға, білімді болуға ұмтылды. Кәміл ағамыз да орта мектепті тәмамдағаннан кейін Алматыға келіп, училищені бітірді. Полиграфия комбинатында еңбек жолын бастады. 1960-1964 жылдары Кеңес армиясы қатарында қызмет етіп, елге қайта оралған соң Қазақ университетінің заң факультетіне оқуға түседі. «Орнында бар оңалар» деген осы. Универ­ситетті бітіргеннен кейінгі «соқтықпалы, соқпақсыз» өмір жолы басталып кетті. Заңгер әрі әріптес інісі Адайбек Шаңқұлұлының Кәміл Марасулов ағасына арнаған өлеңінде мынадай бір шумақ бар: Солмаса терек болар шыбық бір күн, Осы бір заңдылықты ұғып жүрдің. Әйтеуір келер күнге үміт қылдың, Өмірде өзіңді өзің шынықтырдың. Расында да, «келер күннен үміт қылған», «өмірде өзін шынықтырған», Кәміл Мара­суловтың нағыз еңбек жолы осы кезден бас­талады. Әуелі Алматы қаласындағы Совет аудандық ішкі істер бөлімінде тергеуші болып қызметін бастайды. 1970 жылы Алматы облысындағы Талғар аудандық халық сотының судьялығына сайланады. 1977 жылы Алматы қалалық сотына ауысады. Ал, 1982 жылы Алматы қаласындағы Октябрь аудандық халық сотына судьялыққа сайланады. 1990 жылдан бастап күні бүгінге дейін Алматы облыстық адвокаттар алқасының төрағасы қызметін атқарып келеді. – Адвокаттық кәсіп ең ауыр, ең абыройлы қызмет қой, – дейді Кәміл Марасулұлы, – заңгерлік мамандықтың қай-қайсысы да жеңіл емес, дегенмен адвокаттық қызметтің атқаратын рөлі ерекше. Бүгінде біздің қатарымызда бүкіл саналы ғұмырын адвокаттыққа арнап келе жатқан азаматтар аз емес. Олардың ішінде Д.Әділбекова, К.Толыбаева, К.Есмұханова, Г.Кастеева, Ш.Күсемісова, Т.Лавринова тә­різ­ді қорғаушылардың есімдерін ерекше атап өткім келеді. Сондай-ақ, бұрын заңның басқа салаларында қызмет етіп, бүгінде адвокат болып жүрген А.Бейімбетов, В.Әбиев, К.Тұрмамбетов сияқты азаматтардың өмірлік тәжірибелері мен білім-біліктері кейінгі буын жастарға өнеге... Жоғарыда Кәміл Марасуловты «қарлығаш ниетті адам» деп атайтыны туралы айтқанбыз. Оның себебін іздеп көрсек, төркіні әріде екен. Бұл оның тек қана қызметіне ғана емес, туа бітті адамгершілігіне де қатысты секілді. Осы орайда Адайбек Шаңқұлұлының тағы да Кәміл Марасуловқа арнаған өлеңіндегі: Қиянға жетелейді биік жолдар, Ел жұрты адал жанды сүйіп қолдар, Айналдың қоғаушылар қорғанына, Жазықсыз кетпесін деп күйіп жандар... – дегеніндей, абзал азамат, белгілі заңгер Кәміл Марасуловқа «қорғаушылырдың қор­ғаны» болып жүре бер дегенді айтқымыз келеді. Адайбек БЕЙІМБЕТОВ, заңгер, Шарафаддин ӘМІРОВ, журналист.