Қиналғанда аруағынан медет сұраған жанның тілегін қабыл еткен Бекет атаның сан қырын кейінгі ұрпаққа насихаттаушының бірі – Ислам қажы Мырзабекұлы. Абыздың кіндік қаны тамған киелі мекен – Жылыой ауданындағы Ақмешіт қорымында ұзақ жыл шырақшы болған ол «Бекет ата» кітабын жарыққа шығарған еді. Енді дәл осы кітап ағылшын тіліне аударылып, оқырман қолына тиді. 300 беттік кітаптың таралымы – 1000 дана.
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ректоры Гүлзада Шакуликованың айтуынша, бұл идеяны аталған оқу ордасында жұмыс істейтін «Болашақ» бағдарламасының түлектері қолға алыпты. Бірнеше шетел тілін меңгерген жастар Ақмешіт қорымына барғанда осындай шешімге бекінген.
– Ұлы дала тарихы – халқымыздың мәңгілік мұрасы. Ұлттық құндылықтар мен асыл мұраларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуді баршамыздың борышымыз деп ұғынуымыз керек. Сол себептен ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап қана қоймай, бабалардан жеткен шежірелі тарихымызды өзге тілде насихаттауды көздедік, – дейді Гүлзада Шакуликова.
Атырау облысы