07 Мамыр, 2010

ДҮБІРГЕ ТОЛЫ ДҮНИЕ

537 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
МӘСКЕУ: ЖЕҢІС ПАРАДЫНА КІМДЕР БАРАДЫ? Кеңестер Одағы деген алып ел фашизммен кү­ресте Ұлы Жеңіске жетті. Сол Жеңіс сол алып елдің құрамына кірген барлық республикалар үшін кезінде ортақ болды. Кейін сол республикалар тәуелсіз мем­лекеттерге айналғанда, бұл жеңіске көзқарас өзгерді. Оны дұрыс дей­ік, бұрыс дей­ік, бірақ бұл – шындық. Әркім өзінше топшы­лайды, әркімнің көзқарасын сый­лауымыз керек дейміз. Осы біз кім үшін соғыс­тық, кім үшін қан төктік деп пәлса­фа соғатынымыз да бар. Осы сұ­рақ­тарды сол соғыста қаза тапқан­дарға қоя алмаймыз. Бірақ олар өз өлімдерімен жауап беріп кетті. Кү­ні кеше өткен Баукеңе – Бауыр­жан Момыш­ұлына да қоя алма­дық. Қорықтық. Баукеңнің жауа­бынан қорықтық. Жауап берудің орнына Баукең: “Не деп шатып тұрсың, ақымақ!” деп айқай салуы мүмкін еді. Сонда сұрақ қойған кейбір мүскіндердің жүрегі жарылып кетер еді. Біздің аталарымыз бен ағала­рымыз майданға қасиетті Отанды қорғау үшін аттанды. Сол Отан­ның бір пұшпағын қазақ жері құ­рады. Сол жер үшін қазақтардың ата-бабалары да қан төккен. Қажеттілік туса, бүгінгі, болашақ ұрпағымыз да сол жерді қорғауға бас тігеді. Осыдан 65 жыл бұрын қол жеткен Жеңіс бізге сол үшін қымбат. Бұл – сол соғыста көз жұмған шахидтерге тағзым. Сөйтсе де бұл соғыс орыстар үшін қымбаттырақ. Олардың ұлт болып, халық болып қалуы тара­зыға түскен еді. Соғыста орыстар­дың қаны көбірек төгілді. Майдан­ға аттанғандарға ғана емес, бейбіт халық та көп қырылды. Сол Же­ңіс­тің орыстарға қуанышы көбі­рек. Бірақ басқаларға да менше қуан деп талап етуі артықтау, өкпелеуі де орынсыз. Сол Жеңіс орыстарға көбірек қуаныш әкелгендіктен де, үлкен тойдың Мәскеуде өтетіні де заңды. Тойға бару, қуаныш бөлісу де парыз. Мәскеудегі ұлан-асыр тойға көптеген елдердің басшы­ла­ры келмек. Мұны да жұрт сая­сатқа апарып тірейді. Келмегендерді сол жеңісті сыйламағандық, мойын­да­мағандық, Ресейді құрметте­ме­гендік деп те қабылдайтындар көп. Оны тіпті мемлекеттік деңгейде солай қабылдайтындар жеткілікті. Сірә, кейбір елдердің басшылары сол тойға сондай пікір тумасын деп те, дипломатиялық әдеп сақтап та баруы әбден мүмкін. Шақыру ал­ғанына көп бол­са да, айталық, Қы­тай басшысы Ху Цзиньтао Мәс­кеуге келетінін парадқа бір апта қалғанда ғана ха­барлап, орыс ағай­ындарды мық­тап қуантты. Қытайдай алып елдің келгені – үлкен абырой. Оған дейін Еу­ропаның біраз елінің басшы­лары Мәскеудегі парадты көрмекке баратынын мәлімдеп үлгерген. Франция президенті Николя Саркози, Чехия президенті Вацлав Клаус, Болгария президенті Георгий Пырванов, Италия премь­ер-министрі Сильвио Берлускони, Германия канцлері Ангела Мер­кель, Сербия президенті Борис Тадич, сондай-ақ ТМД елдерінен Армения прездиенті Серж Саргсян, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, әрине, біздің басшымыз Нұрсұлтан Назарбаев баратын­да­рын хабарлады. Израиль прези­денті Биньямин Нетаньяхудың келетіндігіне де түсіністікпен қарайсың – сол соғыста ең үлкен қасірет шеккендердің бірі де еврей халқы ғой. Бұл ретте украин мен беларусь халықтарының атынан сол елдер басшылары Виктор Яну­кович пен Александр Лукашен­коның да Мәскеуге барғаны жөн сияқты еді, бірақ олар өз елдерінде де парад болады, сонда қаламыз дегенді айтты. Сарапшылар бұдан да саясат табын аңғарып отыр. Сол парадқа баратындардың біразын атадық, тағы да бара­тын­дар қосылар. Енді бармайтындарға келейікші, Молдавия президен­тінің міндетін атқарушы Михай Гимпу жаймашуақтатпай, бірден ашып айтты, бармаймын деді. Балтық жағалауындағы елдер де бұл жеңіске қуана қоймайтыны белгілі. Сол үшін оларға өкпе­ле­месе де болады. Әр елдің өз тари­хы, өз тағдыры бар. Әсте де, бі­реу­ге бір саясатты тықпалаудың жөні жоқ. Фашистерге қарсы соғыста Ресейге одақтас болған Ұлыбри­танияның үкімет басшысы Гордон Браун да Мәскеуге бара алмайды. Ол өз еліндегі сайлаумен әлек. АҚШ президенті Барак Обама да келемін деп құлшынбайтын кө­рі­неді. Той тойлаудан да маңыз­дырақ шаруалары бар шығар. Жалпы, келдің, келмедің деп, содан саясат жасаудың да қажеті жоқтай. Әркімнің өз қалауы, өз бағалауы бар. УКРАИНА: ТЕКЕТІРЕС ДӘСТҮРГЕ АЙНАЛҒАНДАЙ Бұл елдегі президент сайлауынан соң, алдымен қар­сыластар біраз қақтығысқаннан кейін, әркім өз ор­нын біліп, жағдай біршама қалыптасқандай еді. Пре­зидент Виктор Януковичтің алғашқы қадамдарын жұрт мақұлдағандай болған. Бірақ соңғы күндері жағдай қайта ушықты. Оған басты себеп Ресей Қара теңіз флотының Қырымда ор­на­ласу мерзімін ұзарту жөніндегі келісімді пар­ламентте бекіту болды. Бұл мәсе­ле бұрыннан ай­тыс-тартысқа не­гіз болып келген. Жаңа президент бірден Ресейге бетбұрыс аңғартты. Мұны белгілі дәрежеде оппозицияға қыр көр­сету деуге де болғандай еді. Оппозиция бұған көнбеді. Білек сыбанып, Жоғарғы Радада төбелеске шықты. Мұрын қанады, тұмсық бұзылды. Оны бүкіл әлем көрді. Көп адам оған күлді де. Мұндай тұрпайы әрекетті ба­рынша айыптағанмен, бар кінәні оппозицияға жаба салуға да болмастай. Билікке келгендер халықтың көңіл күйін де аңғарса жөн еді. Сол мәселені дәл қазір шешпесе де, күйіп кетпес еді. Егемендік, ұлт мүддесі деген шетін мәселелер халықтың айтарлықтай бөлігін толғандырып отырғандығы да белгілі. Оппозиция оны пай­даланып қалды. Біраз адам сол парламенттегі төбелес үшін ұлт мүддесін қорғаушылар деп оппо­зицияға іш тартты. Айтысарға ілік таппай отырған оппозициядағы басты тұлға Юлия Тимошенко белсенді әрекетке көшті. Биліктегілерді банда деп атап, олар Украинаны біржола құртуға кірісті деген айыпты алға тосып, халықты көтерілуге ша­қыр­ды. Әрине, оппозиция айып­тайды екен деп, биліктің қажетті әрекеттен бас тартпауы керек. Сөйтсе де, осынау өтпелі кезеңде халықты бөлетін, оларды орынсыз әрекетке итермелейтін қадамдар­дан тартыла тұрған да жөн еді. Тимошенко шақырды деп халық көтеріліске шықпас, бірақ халық­тың белгілі бір тобы дүрлігетіні анық. Украина үшін дәл қазір оның болмағаны қажет. Ресейдің “Газ­промы” мен Ук­раинаның “Наф­тагазын” бі­рік­тірудің эконо­ми­калық тиімділігі қаншалықты еке­нін уақыт көрсе­тер. Ал саяси тұр­ғыда дәл қазір ел­де біршама теріс пікір тудыратыны анық. Тағы да биліктегілер сол халықтың көңіл-күйін есепке алғаны жөн емес пе дейсің. Халық­тың белгілі бір бөлігінің нара­зылығын тудырғанынан олар ешнәрсе ұта қоймас. Онсыз да халықтың бөлінуінен, саяси күштердің орынсыз текетіресінен бұл елдің көп ұтылғаны бар. Күні кеше парламентте болған төбелес алда да жалғасатын сыңай­лы. Юлия Тимошенконың блогы (ЮТБ) президент Виктор Януко­вичке сенімсіздік білдіру мәселесін күн тәртібіне шығарып отыр. Президенттің импичменті үшін депутаттардың үштен екісі дауыс беруі керек. Януковичке ондай қорқыныш жоқ, депутат­тардың басым көпшілігі оны жақтайды. Бірақ төбелес шығаруға мәселенің қойылысының өзі жетіп жатыр. Өз кезегінде билік бұрынғы премьер-министр Ю.Тимо­шен­коға қарсы іс қозғап үлгерді. Бас прокуратураның айыптауына қарағанда, оның билік тізгінін ұстаған кезінде 12,5 миллиард доллар қаржы із-түссіз жоғалып кетіпті. Қалай құрығанын дәлел­дей алмаса, түрмеге жетелейтін қылмыс. Ал билік Юлия ханымды аяйын деп отырған жоқ. Қарап тұрсаң, бұл елде билік пен оппозиция арасындағы күрес­тің бітіспес текетірес сипатына көшуі дәстүрге айналғандай. Тіл табысу бұларға жаттай көрінеді. Соның бір жаманы – бұдан халық бүлінеді. Қоғам бүлінеді. Елден береке кетеді. Мамадияр ЖАҚЫП.