21 Ақпан, 2014

Күн тәртібінде – келісім жобасы

258 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Таяуда Минскіде Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің отырысы өтті. Оған қазақстандық делегацияны Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев бастап барды, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі. Күн тәртібіндегі ең негізгі мәселе Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімнің жобасын дайындау мәселесін талқылау болды. Мемлекет басшыларының тапсырмасы бойынша келісімдегі біздің әріптес елдермен бірлескен қызметіміздің шешуші сәттері, сондай-ақ, мемлекеттердің өзара тиімді мүдделерін қанағаттандыруға және интеграцияны одан  әрі дамытуға бағытталған ережелер қарастырылуда, деді отырыс қорытындысында Б.Сағынтаев. Атап айтқанда, тараптар сауда саясаты, техникалық реттеу, санитарлық-фитосанитарлық шаралар салаларын қарастырды. Сондай-ақ, басқосуда қаржы рыногын дамытудың көкейкесті бағыттары, Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістікке мүше мемлекеттердің өнеркәсіп және агроөнеркәсіп кешені салаларындағы өзара іс-қимылын тереңдету мәселелері талқыланды. Бүтіндей алғанда, біз Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік шеңберінде алға қойылған мақсаттарға қол жеткізуде ілгері қарай үлкен қадам жасадық, деп атап өтті Б.Сағынтаев. Осы күні, ЕЭК Кеңесі отырысына қатысу шеңберінде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Кеден одағына мүше мемлекеттер делегациялары басшыларымен бірге Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкомен болған кездесуге қатысты. Кездесуде Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің күн тәртібі талқыланып, сонымен бірге, Кеден одағы мен Біртұтас эко­номикалық кеңістік шеңберіндегі эко­но­­микалық интеграция және өзара іс-қи­мылдардың көкейкесті мәселелері бойынша пікір алмасылды.