Үкімет • 05 Қараша, 2021

Ұлттық қаржы жүйесінің ашықтығы артады

164 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Жиын барысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарап, қабылдады. Аталған құжатқа Парламент депутаттары бастамашылық жасады.

Ұлттық қаржы жүйесінің ашықтығы артады

Заң жобасына сәйкес, енді жария лауазымды тұлғалардың қаржы операция­ларына заңнамалық тұрғыда бақылау жүргізіледі. Бұрын олар қаржылық мо­ниторинг субъектілерінің қатарына қо­сыл­маған еді. Жаңа норма бойынша бұ­дан былай салалық агенттік ұлттық жария лауазымды тұлғалардың тізімін жасайды.

Сондай-ақ қаржы мониторингі жүр­гі­зілетін субъектілер қатарына «майнинг­пен» айналысатын тұлғалар да қосы­лады. Енді олар ақпараттандыру сала­сын­дағы уәкілетті органға өз қызметінің басталғаны туралы ескертуге міндетті болады.

«Қылмыстық жолмен алынған кі­ріс­терді заңдастыру және терроризмді қаржыландыру қоғам мен мемлекет үшін қауіп тудыратыны анық. Сол себепті осы қылмыстарға қарсы іс-қимылдардың тиімділігін арттыру және бұл саладағы сын-қатерлердің алдын алу аса маңызды. Сондықтан бүгін қабылданған заң қылмыстық кірістерді азайтуды және ұлттық қаржы жүйесінің ашықтығын арттыруды көздейді», деді аталған заң жобасы жөнінде пікір білдірген Мәулен Әшімбаев.

Сенатор, Қаржы және бюджет ко­ми­тетінің төрағасы Ольга Перепечинаның айтуынша, заң жобасында «жария лауа­зымды адамдар» ұғымы енгізіледі. Бұл ұлттық және шетелдік мемлекеттік лауа­зымды адамдарға бөлінеді.

«Ұлттық жария лауазымды тұлғалар институтын кезең-кезеңмен енгізу және еліміздегі лауазымды тұлғалардың ақ­шамен және өзге мүлікпен жасайтын операциялары бойынша тиісті бақылауды заңнамалық деңгейде белгілеу көзделіп отыр. Қаржы мониторингі агенттігі жария лауазымды тұлғалардың, олардың жұбайы мен жақын туыстарының тізімін жасайды. Ал Президент тізімді бекітеді», деді О.Перепечина.

Сенатордың айтуынша, қаржы мо­ниторингi субъектiлерiнен тиiстi қызмет алғанда жоғары деңгейлі тәуекелі бар мем­лекеттiк лауазымды тұлғаларға, олар­дың жұбайларына және жақын туыстарына қосымша тиiстi тексеру шаралары қолданылады. Лауазымды адамдар қызметінен кеткеннен кейін, 12 ай бойы олардың қаржылай және мүліктік операциялары тексеріледі.

Сондай-ақ жобада цифрлы актив­терді шығару, олардың сауда-саттығын ұйым­дастыру, осы активтерді ақшаға, не бол­маса басқа мүлікке айырбастау жө­ніндегі қызметтерді жүргізетін тұлға­ларды қаржы мониторингі субъек­тілеріне жатқызу қарастырылған.

«Заң жобасында еліміздегі лауазымды тұлғалардың ақша және өзге мүлік арқылы жасайтын операциялары бо­йынша тиісті бақылауды заңнамалық деңгейде белгілеу көзделген. Ал Қаржы мо­ниторингі агенттігі, өз кезегінде осы адам­дардың және отбасы мүшелерінің, жа­қын туыстарының жеке тізімін жүр­гі­зеді.

Сондай-ақ жобада цифрлы актив­терді шығару, олардың сауда-саттығын ұйымдастыру, осы активтерді ақшаға, не бол­маса басқа мүлікке айырбастау жө­ніндегі қызметтерді жүргізетін тұлға­ларды, қаржы мониторингі субъек­ті­леріне жатқызу қарастырылған. Меке­менің заңды иесі туралы мәліметтердің ашық­тығын белгілеу мақсатында уәкі­лет­ті органға ұлттық тізілімінің дерек­теріне қол жеткізу ұсынылған», деді қо­сымша баяндама жасаған сенатор Бақ­тыбай Шелпеков.

Бұған қоса олар Цифрлық даму, инно­вациялар және аэроғарыш өнеркә­сібі министрлігіне қызметті баста­ғаны немесе тоқтатқаны туралы хабар­лама жіберуге міндеттеледі. Қаржы мони­торингі агенттігіне бизнес-сәйкес­тендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне қолжетімділік беру көзделген.

Сонымен қатар отырыс барысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.

Әбдәлі Нұрәлиев елімізде ауыз су тап­шылығын шешу үшін жерасты су­лары ресурстарын зерттеуді жандан­дыру маңызды екенін айтты. Пре­мьер-Министр Асқар Маминнің атына жол­даған депутаттық сауалында осы саладағы өзекті мәселелерді көтерді.

Сенатор айтқан ақпарат бойынша, Қазақстанда 2040 жылға қарай ауыз су 50 пайызға дейін азаюы мүмкін. Елі­міз­дің тау көлдеріне «Қазгидромет» жүр­­гізген көпжылдық бақылау нәтижесі бо­­йын­ша өткен жылы қар жамылғысы ай­тар­лықтай төмендегені анықталып отыр.

Осыған байланысты біздің еліміздің және көрші мемлекеттердің көптеген су қоймаларында су деңгейі тұрақты түрде төмендеп келеді. Кейінгі үш жылда жағдай мүлдем күрделене түскен. Се­натор өзінің депутаттық сауалында бір­қатар нақты қадамдарды ұсынды, олар­дың орындалуы осы мәселені шешуге көмектесуі тиіс.

«Су ресурстарының болжамды тап­шы­лығын азайту мақсатында елімізде жерасты су қорларын зерттеу мен қайта бағалауды жандандыру қажет. Сондай-ақ ұңғымаларды қазуға бөлінетін субси­дия­лардың көлемін ұлғайту керек. Одан басқа, Қазақстанның бірқатар облыстарын сумен қамтамасыз етіп отырған Шу және Талас өзендерінің бойынан Қырғыз Республикасының «Бурулдай» су қоймасы мен «Бала-Саруу» ГЭС-ін салу жоспарларына байланысты тиісті шаралар қабылдау қажет», деді Әбдәлі Нұралиев.

Сенатор Нариман Төреғалиев елі­міз­дің Премьер-Министрінің атына жол­даған депутаттық сауалында Батыс Қазақ­стан облысында орналасқан өткізу бекет­терінің мәселесін көтерді.

Депутаттың айтуынша, 2016 жыл­ғы қазанда өткен Қазақстан мен Ресей арасындағы ХІІІ өңіраралық ынтымақ­тастық форумында Елбасы еліміздің Үкі­метіне Қазақстан-Ресей шекарасындағы бақылау-өткізу пункттерін жаңғырту, сондай-ақ «Фомин» және «Молодость» жеңілдетілген өткізу пункттерінің мәр­тебесін екіжақты автомобиль өткізу пункттеріне өзгерту туралы тапсырма берген болатын. Осы іс-шаралардың бар­лығы 2018 жылдың 15 желтоқсанына дейін жүзеге асуы тиіс еді.

Депутат аталған тапсырманың орындалмауына байланысты сенаторлар бұл мәселені бірнеше рет көтеріп, депу­тат­тық сауалдар жолдағанын атап өтті. Өкінішке қарай, Үкімет берген уәделерін әлі орындаған жоқ.

Сенатордың айтуынша, бұл мәселені шешу өткізу бекеттеріндегі ұзын-сонар ке­зектерден арылуға және өңірдің эконо­микалық өсуіне жаңа серпін беруге көмектесер еді.

«Жәнібек ауданының «Жәнібек-Виш­невка» өткізу пунктіне көпжақты халық­аралық өткізу пункті мәртебесін, ал Бө­кей Ордасы ауданының «Моло­дость – Верхний Баскунчак» және Казта­лов ауданының «Фомин» өткізу пункт­теріне екіжақты автомобиль өткізу пунк­ті мәртебесін беру мәселесінің шеші­луіне және Өнеге – Бисен – Сайқын респуб­ликалық маңызы бар тасжолын Сай­қын – Шоңай – Молодость (50 км) шекара белдеуіне дейін ұзартып, QazAvtoJol ҰК АҚ есебіне беру арқылы жергілікті маңызы бар жолдан республикалық маңызы бар жол мәртебесіне ауыстыруға ықпал етуіңізді сұраймыз», деді сенатор.

Премьер-Министрдің атына жол­даған депутаттық сауалында Ақма­рал Әлназарова елімізде трансплан­толо­гиялық қызметті дамытуды ұсынды. Сена­тордың айтуынша, мұндағы кезек өте баяу әрі операцияны күтетін пациент­тердің саны артып келеді.

Ақмарал Әлназарова Қазақстанда 2012 жылдан бастап органдарды ауысты­ру бойынша 2 мыңға жуық операция жа­салғаны туралы деректі келтірді. Бүгінгі таңда трансплантацияны күту тізімінде 3 300-ден астам адам бар. Соның 105-і бала. Сондай-ақ соңғы 9 жылда елімізде ба­лаларға 118 бүйрек трансплантациясы жасалды, оның 77 пайызы донор туыс­тардан алынған.

Сенатор жағдайды жақсарту үшін транс­плантологиялық қызметті то­лық­қан­ды қалыптастыру үшін жағдай жасау, сон­дай-ақ халықтың орган донор­лығы туралы хабардарлығын арттыру бойынша жұмыс жүргізу қажеттігін атап өтті.

«Сонымен қатар елімізде транс­план­тологияның дамуын тежейтін негізгі себептерге қолданыстағы нормативтік-құқықтық базаның жетілмегендігі, до­норлық стационарлардың материалдық-техникалық базасының төмендігі, сон­дай-ақ медицина қызметкерлерінің құқықтық тұрғыда қорғалмағаны жатады», деді А.Әлназарова.

Сенатор сонымен қатар донорлық органдар мен трансплантация бригадаларын өңірлерден орталыққа уақтылы және қауіпсіз жеткізудің техникалық қиындықтары бар екенін атап өтті.

Дана Нұржігіт патриоттық тәрбиеге қатысты бөлек заң жобасын әзірлеу қажеттігіне назар аударды. Сенатор ел жастарының әскери-патриоттық тәрбие­сіне алаңдаушылық білдірді. Премьер-Министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында жағдайды жақсартуға ықпал ететін бірқатар қадамдар ұсынды.

Бүгінгі күні Қорғаныс министрлігіне әскери-патриоттық тәрбие беру жөніндегі жұмыстарды жүргізу заңнамамен бекітіліп берілді. Ол патриоттық тәрбие – бұл баршаға ортақ іс екеніне тоқтала келіп, барлық мемлекеттік органдар осы жұмысқа жұмылуы тиіс екенін атап өтті. Сенатор осы мақсатта жеке заң жобасын әзірлеуді және үйлестіру органын белгілеу қажеттігін айтты.

«Бүгінде патриоттық тәрбие беру жүйесінің әлеуметтік-құқықтық мәрте­бесі, рөлі, орны, мақсаты және патриот­тық тәрбие беру жұмыстарын жүргізетін үйлестіруші органның құрылуы заңна­малық тұрғыда айқындалмаған. Әрбір мемлекеттік органның, ведомствоның, ұйымның қызметтерінің бір тармағы патриоттық тәрбиеге бағытталуы тиіс екені көрсетілмеген. Бұл мәселенің заң бойынша реттелмеуі қоғамдық ұйымдардың, патриоттық клубтардың материалды-техникалық базасына да әсер етіп отыр», деді Дана Нұржігіт.