«Елдегі экономикалық жағдай мен ұлттық мүдделер барлық ауғандықтардан саудада отандық валютаны қолдануды талап етеді», дейді талибандар.
«Талибан» билікті өз қолына алғаннан кейін халықаралық қаржылық қолдаудың тоқтатылуына байланысты елдегі экономикалық жағдай тығырыққа тірелген.
Осыған дейін АҚШ доллары Ауғанстан нарығында кеңінен қолданылып келген. Сондай-ақ доллар Пәкістан сияқты Ауғанстанның көршілерімен шекаралас аудан-
дарда сауда жасау үшін де жиі қолданыста болған.
«Ислам әмірлігі барлық азаматтарға, дүкен иелеріне, саудагерлерге, кәсіпкерлерге және жалпы жұртшылыққа Ауғанстанның барлық қаржылық операцияларын жалғастыруға және шетел валютасын пайдаланудан қатаң бас тартуға нұсқау береді», деді «Талибан» өкілі Забихулла Мужахида интернетте жариялаған мәлімдемесінде. Ал бұйрықты орындамаған кез келген адам сот алдында жауапқа тартылады.
Тамыз айында «Талибан» билігі елді бақылауға алғаннан кейін, АҚШ Федералды резервтік жүйесі мен Еуропаның орталық банктері Ауғанстанның шетелдік активтерін, яғни миллиардтаған долларын «қатырып» қойған. Ал талибандар елде қолма-қол ақша тапшылығына тап болғанда, шетелде сақталған Ауғанстан активтерін босатуды талап еткен.
Ауғанстан, сондай-ақ шетелдік көмек пен қайырымдылық жобаларынан да айырылды. Шетелден келген гранттар бұған дейін мемлекеттік шығындардың төрттен үшін қаржыландырып келген екен.
Осы жылдың басында Халықаралық валюта қоры (IMF) Ауғанстан бұдан былай өз ресурстарына қол жеткізе алмайтынын мәлімдеді, ал Дүниежүзілік банк елдегі жобаларды қаржыландыруды тоқтатқан.