Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқовтың мәліметі бойынша, ормандарды өсіру мен молайтудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары мен елді мекендерді көгалдандыру мен жасыл аймақтар жасаудың 2021-2025 жылдарға арналған өңірлік жоспары бекітіліп отыр. Кешенді жоспарға сәйкес, мемлекеттік орман қорының 2 803 гектар жеріне алдағы бес жылда 7,075 млн көшетті жайқалту жоспарланыпты. Ал биыл орман қорының 309 гектар аумағына 905 мың әртүрлі көшет егілетіні көзделіпті. Көктемгі науқанда 250 гектар жер учаскесіне 696,4 мың көшет егілді. Қазір 59 гектарға 208,6 мың көшет егу жалғасып жатыр.
– Облыстың елді мекендерінде де осындай жұмыстар қолға алынып отыр. Алдағы бес жылда 279 гектарға 540 мың көшет өсіріледі. Биыл 48 гектарға 86 320 тал егу жоспарланған еді. Көктем айларында 24 гектарға 48 714 көшет егілді. Оның ішінде Атырау қаласының аумағына егілген 27 786 көшет бар. Енді тағы 24 гектарға 37,6 мың көшетті отырғызу қолға алынды. Орман қорының аумағында орман өсіру, молықтыру, күтіп-баптау, сондай-ақ суару жұмыстарын жүргізу орман шаруашылығы мекемелеріне міндеттеліп отыр. Ал елді мекен аумақтарында көшеттерді күтіп-баптау мен суаруды қалалық және аудандық әкімдіктердің тиісті бөлімдері жүргізеді. Осыған орай өсірілген талдарды күтіп-баптау, тамшылатып суару жұмыстарын айқындауды жүзеге асыратын арнайы комиссия құру жоспарланып отыр, – дейді Н.Жантоқов.
Бұрын аталған басқарманы басқарған Қадыржан Арыстанның айтуына қарағанда, жасыл желек егу жұмыстары екі бағытта жүргізіледі. Біріншісі – мемлекеттік орман қорының аумағына, екіншісі елді мекендерде іске асырылады. Өңірдегі төрт орман қорының аумағына көшеттер емес, биіктігі 20-30 см болатын екпе, ал елді мекендерде бір-екі, не үш жылдық көшеттер егіледі екен. Алдағы бес жылға жоспарланған кешенді жоспарға сәйкес жұмыстарды іске асыруға 870 млн теңге бөлу қарастырылып отыр. Биыл бұл қаржының 178 млн теңгесі бөлініп, арнайы техника, тұқым алуға жұмсалыпты.
Төрт орман қорының бірі Индер ауданында орналасқан. Аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесінің маманы Н.Өтепқалиевтың айтуынша, бес жылда орман қорындағы 608 гектарға 1 млн 85 мың дана сексеуіл, 150 гектарға 330 мың дана қызыл тал егілетіні жоспарға енген. Биыл 70 гектар аумаққа 125 мың түп сексеуіл, 30 гектарға қызыл ағаш егіліпті.
– Бұл жұмыстардың 90 пайызы механикаландырылған. Былтырғы күзде сексеуіл мен қызыл тал егілетін жер жыртылып, өңделді. Қазір бізде 3 трактор мен соқа, көшет отырғызатын машина бар. Көшеттерді біздің мекемеге қарасты 3 гектар орман тұқымбағында өсіріп аламыз. Қазір 2022 жылдың көктемінде егілетін 164,5 гектар жер жыртылып, өңдеу жүргізілді. Ал 2023 жылы 164,5 га, 2024 жылы 164,5 га, 2025 жылы 164,5 га жерге – бес жылда 758 га жерге 1 млн 415 мың түп көшет егіледі, – дейді Н.Өтепқалиев.
Атырау мұнай өңдеу зауыты облыс әкімдігімен арада жасалған Атырау қаласының аумағын көгалдандыру жөніндегі меморандум аясында көшеттер отырғызуды бастады. Бұл үшін Атырау қаласына іргелес Перетаска кентінен 5 гектар жер телімі бөлінген.
– Көгалдандыру алдында арнайы бөлінген аумақ қоқыстан тазартылып, иесіз қалған құрылыстар бөлшектелді. Зауыт қызметкерлері жергілікті сортаң топырақта өсуге бейім қарағаш, терек пен шағанның 2 500 көшетін таңдады. Күзгі кезеңде көшеттерді суару арнайы су таситын техникамен жүргізіліп жатыр. Алдағы жылы әзірленген жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес суару жүйесі бар сорғы стансасын салу жоспарлануда. Қазір зауытта ауданы 224 гектарды құрайтын көгалдандырылған және абаттандырылған санитарлық-қорғау аймағы бар. Осы аумақта 126 270 көшет пен бұта егіледі. Бұған қоса жыл сайын 11 753 дана көшет егіліп, күтім жасалады, – деп хабарлады кәсіпорынның қоғаммен байланыс бөлімі.
Әрине, Атыраудай жартылай шөлейтті аймақта орман алқабын өсіру оңай емес. Десек те, тұрғындар «жасыл желек жайқалып тұрса, шаң басқан өңірдің экологиясын жақсартуға септігі тиер еді-ау» деген үмітін үзгісі келмейді. Демек мұнайлы Атыраудың жасыл аймаққа айналғанын қалайды.
Атырау облысы