Спорттың бұл түрі Олимпиада бағдарламасына 2000 жылы ғана енгізілгенімен, әлем чемпионаты сонау 1964 жылдан бері үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Сол аралықта 24 мәрте жалауы желбіреген жарыста ең үздік нәтижеге Ресей құрамасы қол жеткізген екен. Олар 198 (94 алтын+54 күміс+51 қола) жүлде алған. Екінші және үшінші орындарда – АҚШ пен Қытай командалары. Америкалықтар 183 мәрте (69+62+52) жеңіс тұғырына көтерілсе, Аспанасты елінің өкілдері 88 рет (51+29+8) дәл сондай құрметке бөленіпті. Франция (26+23+27) мен Ұлыбритания (20+32+29) үздік бестікті қорытындылайды. Сондай-ақ ТОП-10 команданың қатарында Канада (17+27+23), Аустралия (14+15+18), Португалия (11+8+10), Беларусь (10+21+17) және Германия (7+17+13) құрамалары бар.
Жекелеген спортшылар жайында айтар болсақ, ерлер арасында кезінде америкалық Дэвид Якобс (1967, 1968) пен Уэйн Миллер (1966, 1970), франциялық Ришар Тисон (1974, 1976) мен Лионель Пиолайн (1984, 1986) және КСРО-ның өкілі Евгений Янес (1976, 1978) екі реттен әлем чемпиондары атанған еді. Уақыт оза олардың алдын Евгений Москаленко орап кетті. Ресейдің Краснодар өлкесінің тумасы бұл белесті бақандай бес рет (1990, 1992, 1994, 1999, 2001) бағындырды.
Бір кереметі, 2007 жылдан бері ерлердің жекелеген сайысында Қытай құрама командасының мүшелері алдарына жан салар емес. Сол аралықта шымылдығы түрілген 10 жарыстың барлығында да Аспанасты елінің спортшылары айқын басымдық танытты. Ал Данияның Оденсе, Болгарияның София, Ресейдің Санкт-Петербург және Жапонияның Токио қалаларында өткен соңғы төрт жарыста Гао Лейдің алдына түсер ешкім табылмады. Өзге елдің ең мақтаулы спортшыларына тек күміс пен қола медальды қанағат тұтуларына тура келді.
Әйелдер арасындағы алғашқы төрт әлем чемпионатында АҚШ өкілі Джуди Уиллс Клайн (1964-68) теңдессіз деп танылды. Уақыт оза Ирина Караваеваның шоқтығы биік болды. Ол бес рет (1994, 1998, 1999, 2005, 2007) алтыннан алқа тақты. Қазіргі кезде бұрымдылар бәсекесінде Қытай, Канада, Беларусь және Жапонияның өкілдері табысты өнер көрсетіп, көпшіліктің қошеметіне бөленуде.
Жалпы, спорттың бұл түрінен әлем чемпионатында 14 жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Жоғарыда біз тілге тиек еткен ерлер мен әйелдердің жекелеген сайыстарынан бөлек, аралас синхронды секіру, шағын трамп, акробатикалық жолақ, жекелеген көпсайыс және осы жаттығулардың барлығынан командалық бәсекелер ұйымдастырылады. Ал осының алдындағы әлемдік дода 2019 жылы Токиода өтті. Күншығыс елінде мына елдердің өкілдері жеңіс тұғырына көтерілді:
Жекелеген сайыс (ерлер):
- Гао Лей (Қытай), 2. Иван Литвинович (Беларусь), 3. Дун Дун (Қытай). Жекелеген сайыс (әйелдер): 1. Мори Хикару (Жапония), 2. Дойхато Тисато (Жапония), 3. Розанна Макленнан (Канада). Синхронды секіру (ерлер):
- Тасаки Кацуфуми/Мунэмото Гинга (Жапония), 2. Олег Рябцев/Владислав Гончаров (Беларусь), 3. Михаил Мельник/Сергей Азарян (Ресей). Синхронды секіру (әйелдер): 1. Юми Тагаги/Аяно Киси (Жапония), 2. Анна Корнетская/Сусана Кочесок (Ресей), 3. Саманта Смит/Там Рэчел (АҚШ). Синхронды секіруден командалық сайыс (ерлер): 1. Беларусь, 2. Қытай,
- Ресей. Синхронды секіруден командалық сайыс (әйелдер): 1. Жапония, 2. Ұлыбритания, 3. Канада. Акробатикалық жолақ (ерлер): 1. Александр Лисицин (Ресей), 2. Элиот Браун (Ұлыбритания), 3. Кейден Браун (АҚШ). Акробатикалық жолақ (әйелдер): 1. Виктория Даниленко (Ресей), 2. Шэнис Дэвидсон (Ұлыбритания), 3. Кейли Меган (Ұлыбритания). Акробатикалық жолақтан командалық сайыс (ерлер): 1. Ұлыбритания, 2. Ресей,
- АҚШ. Акробатикалық жолақтан командалық сайыс (әйелдер):
- Ұлыбритания, 2. Ресей,
- Франция. Шағын трамп (ерлер): 1. Михаил Заломин (Ресей), 2. Рубен Падилла (АҚШ),
- Александр Генкерт (АҚШ). Шағын трамп (әйелдер): 1. Лина Стройберг (Швеция), 2. Дибб Бронвин (Аустралия), 3. Александра Бонарцева (Ресей). Шағын трамптан командалық сайыс (ерлер): 1. Ресей, 2. АҚШ, 3. Португалия. Шағын трамптан командалық сайыс (әйелдер): 1. АҚШ, 2. Ұлыбритания, 3. Ресей. Жекелеген көпсайыс: 1. Ресей, 2. АҚШ, 3. Қытай.
Батутта секіруден Олимпия ойындарында небәрі екі жүлде жиынтығы ғана сарапқа салынады. Бұл ретте өзгелерден Қытайдың көші ілгері. Бес ғаламдық доданың нәтижесі бойынша Аспанасты елінің өкілдері 4 алтын, 4 күміс және 6 қола медальмен шашаларына шаң жұқтырған емес. Одан кейінгі орындарда Канада (2+3+2), Ресей (2+2+0), Беларусь (2+0+0), Украина (1+1+0), Германия (1+0+1), Ұлыбритания (0+1+1), Аустралия (0+1+0), Жаңа Зеландия (0+0+1) және Өзбекстан (0+0+1) құрамалары. Биыл Токиода алауы тұтанған Олимпиаданың ерлер бәсекесінде беларусьтық Иван Литвинович бас жүлдені олжалады. Ол Қытайдың екі бірдей дүлүлді – Дун Дун мен Дилан Шмидті артта қалдырды. Бір кереметі, Олимпия ойындарында Беларусь өкілдері қатарынан екінші мәрте алтын тұғырға көтерілді. Осыдан бес жыл бұрын Рио-де-Жанейрода өткен жарыста Владислав Гончаров топ жарған еді. Ал әйелдер сайысында қытайлық Чжу Сюэин мен Лю Линлин алтын мен күміс медальды өзара бөліссе, ұлыбританиялық Бриони Бейдж қолаға қол созды.