Медицина • 05 Қараша, 2021

Жаңа диагностикалық аппаратпен жабдықталды

428 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Медицина мекемелерінің әлеуетін әжептәуір арттырып жатқан заманауи жоғары технологиялық жабдықтар қандай да ауыр дертті ерте анықтап, науқастарды дер кезінде емдеуге септігін тигізуде. Осындай игілікке қол жеткізіп отырған Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 көпсалалы қалалық аурухана жақында тағы бір жаңа диагностикалық аппаратпен толығып, мұнда мультиспиральды компьютерлік томография орнатылды.

Жаңа диагностикалық аппаратпен жабдықталды

Мультиспиральды ком­пью­­терлік томография – адам дене­сінің ішкі мүшелерінің күйі туралы тез ақпарат алуға мүм­кін­дік беретін заманауи және дәл диагностикалық әдіс. Орнатылған жабдықтың ар­тықшылығы – оны пайдалану кезінде пациенттер мен қызметкерлерге радиациялық жүк­теме азаяды. Сәйкесінше зерт­теу уақыты қысқарады және аппараттың өткізу қабілеті артады.

«Қазір біздің денсаулық сақтау саласы медициналық кө­­мек көрсету сапасын артты­ра отырып, пациентке бағ­дар­ланған қағидатқа ден қойып жатыр. Диагностикадан өту, мамандардың ұсыныстары мен қорытындыларын бір жерде алу өте ыңғайлы. Мұн­дай ыңғайлылық пациент үшін де, дәрігерлер үшін де қарас­тырылған. Жаңа құрылғы кеу­де қуысының ауруларын ерте кезеңде диагностикалауға мүм­кіндік береді. Оның үстіне қазіргі пандемия жағдайында азаматтардың денсаулығын ұдайы бақылау және қолдау маңызды», деді қалалық қоғам­дық денсаулық сақтау басқар­масының басшысы Тимур Мұратов.

Осы орайда қазан айының басында №4 қалалық емханада ангиографиямен компьютерлік томографияның жаңа аппараты орнатылғанын да айта кеткен жөн. Кардиопакеті бар заманауи жабдық жүрек-қантамыр жүйе­сіне толық диагностика жүргізеді. 2020 жылы осындай екі аппарат елордалық меди­циналық ұйымдарға жеткізілді.

Бұрын халықты диагности­ка­лық қызметтермен қамту үшін флюорографиялық тексеру бо­йын­ша 2 цифрлы жылжымалы кешен, 6 рентген-аппарат, 2КТ сатып алынды.