Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен палатаның кезекті жалпы отырысы болды. Оны палата Төрағасы сөз сөйлеп ашты. Ол әуелі өткен аптада Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен биылғы Жолдауға қатысты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар жүктегендігін ерекше атады. Осыған орай Парламенттің алдында жаңа заңдарды қабылдау міндеті тұрғанын қаперге салды.
– Жаһандық экономика мен ішкі ахуалға сындарлы талдау жасалып, қоғамды толғандырып отырған барлық мәселелерге жан-жақты тоқталды, – деді палата Төрағасы сөзін сабақтай түсіп. – Ең бастысы, Президент әлеуметтік-экономикалық өрлеудің және ұзақмерзімді міндеттердің тиянақты орындалуын көздейтін кешенді шараларды белгілеп берген. Сондықтан да, депутаттар алдында халықтың әл-ауқатын жақсартуға, кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыруға, қаржы секторының тұрақтылығын арттыруға, инвестициялық ахуалды оңтайландыруға бағытталған шаралардың заңнамалық негізін жетілдіру міндеті тұр.
Сенат Төрағасы келесі кезекте Елбасы әлеуметтік міндеттемелер толық көлемінде сақталатынын мәлімдегенін, ағымдағы жылдың сәуірінен әлеуметтік төлемдер, зейнетақы мен студенттер стипендияларының көлемі ұлғайтылатынын атап көрсетті. Еңбекақы төлеудің жаңа моделін жасау шеңберінде білім беру, ғылым, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және әлеуметтік қорғау салалары қызметкерлерінің жалақыларына 10 пайыз көлемінде ай сайынғы қосымша төлемді қарастыру талабы қойылып отыр, деді Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті кеңінен қолдау мақсатында рұқсат беру жүйесін түбегейлі қайта қарап, барлық құқықтық-нормативтік актілерді ревизиялау және мемлекеттің экономикаға араласуын төмендету жөнінде тапсырма бергендігі де атап айтылды. Бизнестің өңдеу өнеркәсібін дамыту мен индустрияландыру жобаларын қаржыландыруға Ұлттық қордан 1 триллион теңге бөлінетін болады. Осы орайда, Елбасы бюджет қаражатын орынды жұмсауды қатаң бақылау және аса қатаң қаржылық тәртіп орнату қажеттігін атап көрсетті, деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Енді инвестициялық тартымдылық деңгейі мен шетелдік инвесторлар сенімі атқарушы билік қызметін бағалаудың басты көрсеткішінің бірі болады. Олай болса, палата инвестициялық ахуалдың жақсаруын қамтамасыз ету үшін жаңа құқықтық негіз қалауы тиіс.
Бұл ретте, палата Төрағасы отандық агроөнеркәсіп кешенін одан әрі дамытуды, саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыруды көздейтін «Ауылшаруашылық кооперациясы туралы» заң жобасының әзірленуі қажеттігін тілге тиек етті. Және де бірқатар заңдар бойынша атқарылатын жұмыстардың нақты мерзімі белгіленгенін, ағымдағы жылғы республикалық бюджет туралы заңның қайта қаралып, уақыт талабына сай тиісті түзетулер енгізілетінін алға тартты. Бұл күрделі міндеттерді қысқа мерзім ішінде, ал кейбір мәселелерді шұғыл түрде орындау қажет болады. Мемлекет басшысы айқындаған маңызды міндеттердің мінсіз орындалуы қабылданатын заңдардың сапасына да байланысты, деді Қ.Тоқаев.
Бұдан кейін палата заң жобаларын қарауға кірісті. Алдымен талқыға салынған «Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі Хатшылығының қаржылық қағидалары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қабылданды. Келісімді заңнамалық бекіту Түркі кеңесі Хатшылығының қаржылық-шаруашылық қызметін жүргізу үшін негіз болады. Аталған құжатқа 2012 жылы Бішкек қаласында қол қойылған. Келісім Хатшылықтың қаржылық көздерін айқындап, қалыптастыру мен атқару тәртібін реттейді.
Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне екінші деңгейдегі банктерді қайта ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жан-жақты қаралды. Заң жобасына Сенат тарапынан бірқатар түзетулер енгізілгендіктен, ол Мәжіліске қайтарылды. Заң жобасы екінші деңгейдегі банктерді қайта ұйымдастыру және олардың акцияларын иеліктен шығару мәселесін жетілдіруге бағытталған.
Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевтың сөзіне қарағанда, енгізілген өзгерістерге сәйкес, қосылу түріндегі қайта ұйымдастыру кезінде басқа банк акцияларын сатып алуға шектеуді алып тастау, банктік, холдингтік немесе ірі қатысушысы мәртебесін оңтайландыру ұсынылып отыр. Ал банктердің бірігуі бойынша қатысушылардың бірінің акциялары кепілде, тыйым салуда болған жағдайда, эмитенттердің қайта ұйымдастырудағы кепілзатын ауыстыруға тыйым салу тетіктері қарастырылады.
Сондай-ақ, кешегі отырыста палатаның Табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту тұрақты комитетінің атауы өзгертілді. Енді комитет «Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті» деген атауға ие болды. Комитет төрағасы Сергей Кулагин еліміздің агроөнеркәсіп кешені мәселелерімен айналысатын Сенаттың тұрақты комитет атауын өзгерту орынды деп санайтындығын мәлімдеді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».