07 Мамыр, 2010

“ЕР СҰЛТАН” ЕЛІМЕН ҚАУЫШТЫ

651 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Жақында Ұлы Отан соғысының 65 жылдық мерекесі қарсаңында қостанайлықтар І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрында “Ер Сұлтан” атты қойы­лымның премьерасын тамашалады. Кеңес Одағының Батыры Сұлтан Баймағамбетовтің өмірінен сыр шертетін бұл спектакльдің авторы да, оны сахналаған да Қазақ­стан­ның халық әртісі, театрдың көр­кем­­дік жетекшісі Ерсайын Төлеубай. Спектакль Сұлтан Баймағам­бетовтің туған жері Әулиекөл ау­данындағы Қояндыағаш деп ата­латын ауылда батырдың жасөспірім кезінен бастау алады. Сахна төріне Сұлтан (Айбол Шәкіржанов) пен оның ұнатқан қызы Баршын (Зәмзәгүл Балтабаева) көтеріледі. Екі жас орман арасындағы алаң­қайда қыдырып жүр. Сұлтанның ерке қарындасы Зейнеп (Әсем Қо­зыбақова) олардан қалмай, еркелеп, жүгіріп жүр. Сұлтан Баршынға иінағаш жасап беремін деп, қатар өскен қос қайыңның біріне балта алып ұмтылады. Баршын “кеспе, киесі ұрады!” деп шырылдайды. Бірақ Сұлтан қайыңды бәрібір кесіп алады. Алланың өзі табиғат­тағы жанды-жансыздың барлығын да жұптастырып жаратқан. “Жал­ғыздық құдайға ғана жарасқан”. Қос қайыңның бірінің кесілгені көрермен ойын сан-саққа жетелеп, бір жамандықтың боларынан хабар бергендей болады. Оған есі ауысқан жынды шал Жәдігердің (Қазақ­станның мәдениет қайраткері Қабдолмәжит Иманов) Сұлтанға “Қайыңды неге шабасың, қарғыс атады!” деп безеруі де себеп болар. Негізі қазақ аққуды атпаған, ақ қайыңды жосықсыз шаппаған. Спектакльдің авторы-режиссері Ерсайын Төлеубай көрерменді осы­лай философиялық шегіністермен жетелеп отырады. Міне, сахнаға Сұлтанның ұстазы Омар шығады. Ол да Сұлтанның қайыңды кеске­нін құп көрмейді. Бұл жерде қазақ түсінігіндегі әдеміліктің бірі ақ қай­ыңды алғанда режиссер “сұлулық әлемді сақтайды” деген Достоев­ский ойын жалғаған сыңайлы. Омар ұстазы дорбасынан кітаптар алып шығып, “Баяғыда ел қорғаған батырдың жауы сырттан еді, ендігі елдің жауы іштен болды. Қайрат, Ахаңдар-ай, сендер жау болған соң, біздер не болдық!” деп күңіренеді. Ахаң – Ахмет Байтұрсынов екенін ұғынып, ұстазбен бірге толғанасың. Батыр Сұлтан аспаннан түскен жоқ, ол халқымен бірге заманның дауылы мен жауынын көріп өсіп келе жатыр еді. Ұстазы кітапты Сұлтанға береді. Бұл автордың Ахаң идеяларының жалғасын табуы дегенді ұқтыруы деп білдік. Сұлтан әскерге алынады, “Жеті қат көктен Айса түсіп, жеті қат жерден Мәді шығып апат болады” деген есі ауысқан Жәдігер шалдың айтқаны келіп, соғыс басталады. Радиодан Сұлтанның жерлестері оның жау амбразурасын денесімен жауып, 23 жасында ерлікпен көз жұм­ғанын естиді. Баяғы қос қайыңның (екінші қайыңды НКВД тергеушісі, Сұлтанның ұстазы Омарды тергеген Тебенов (Берікхан Төкенов) кесіп алған) орнына шыққан өркенге Баршын мен Зейнеп шүберек тағады. Бұл Сұл­танды еске алатын, ұмытпайтын ұрпақ бар деген сөз! Спектакльден кейін Сұлтанның қарындасы – жасы сексеннің сең­­гі­ріне шыққан Зейнеп қария сахна­ға шығып, Сұлтанның рөлін ойнаған Айбол Шәкіржановты “Көке!” деп келіп бетінен сүйді. Шығарма авто­рының қиялы мен Сұлтан Байма­ғам­бетовке байланысты өмір шын­дығының ұқсастығы таңғалдырады. Зейнеп ағасын өмірде де “көке” деп атаған екен. Автор бұл жөнінен хабарсыз болады. Сұлтанның туыстары оның ескерткішінің ба­сына қайың көшетін отырғызады. Үшіншіден, қойылымдағы Жәдігер сияқты Әулиекөлде де “Серік жынды” деген есірік кісі болыпты, ол да соғыстың болатынын алдын ала айтқан көрінеді. Спектакльде автор соғысты көрсетпей, Сұлтан жасар ерліктің майданға дейінгі “алғышартта­рына” көңіл аудартады. Автор тек өткенмен шектелмей, бүгінгі күнгі экология, адамдар арасында кез­де­сетін отаншылдық пен сатқындық сияқты мәселелерді де көтерген. Ұлы Жеңістің 65 жылдығына және батыр Сұлтанның туғанына 90 жыл толуына орай қостанайлық көрер­мендерге зор тарту болған шығар­мада театрдың жас актерлері та­ма­ша шеберлік көрсетті. Сонымен қатар сахна безендірілуі де режис­сердің айтар ойын аша түскен. Патриоттық тәрбие қойылымның басты мақсаты болатын. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. ҚОСТАНАЙ.