Қоғам • 07 Қараша, 2021

Шахтада көз жұмған кеншілердің отбасыларына 10 жылдық жалақы беріледі

556 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды облысының Абай шахтасында көз жұмған кеншілердің отбасына баспана беру, несиелерін өтеу мәселесі пысықталады. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Қарғандыда өтіп жатқан онлайн брифингіде мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шахтада көз жұмған кеншілердің отбасыларына 10 жылдық жалақы беріледі

БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап берген министр әзірге төтенше оқиғаға нақты кімнің кінәлі екенін айту ерте екенін жеткізді.

«Кез келген тергеу шарасының талабы болады. Әзірге нақты анықталған кінәлілер жоқ. Бірақ күдіктілердің, жауап алынатындардың белгілі бір тобы бар деуге болады. Мұндай фактіге жол бергені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бірақ оның бәрі комиссия жүргізген жұмыстардың қорытындысы бойынша айқындалады», деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ, ол оқиға кезінде қаза болған кеншілердің үй ішіне қандай көмек көрсетілетінін де айтты.

«Жұмысшы мен жұмыс беруші арасында бекітілген еңбек шарты бойынша, қаза болғандардың бәрінің отбасына 10 жылдық ақшалай тіршілік шығыны төленеді. Бұдан кейін жеке келісімшарттар аясында несиелерін жабу мәселесі қарастырылады. Қазір студент болып жүрген балалары болса, олардың оқуын төлеу мәселесі міндетті түрде ескеріледі. Қолда бар жеке еңбек шарттарының аясында компания мұқтаж отбасыларға баспана беру мәселесін де пысықтайды», деді министр.

Еске салайық, 7 қараша күні сағат 08:24-те «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Абай» шахтасында метан газы тарай бастаған. Бұл уақытта шахтада 64 адам жұмыс істеп жатқан, 54-і эвакуацияланды.

Апат салдарынан екі адам зардап шегіп, алты кенші қаза тапты. Зардап шеккендер ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр.