Экология • 07 Қараша, 2021

Германияда климат мәселесі өзекті

392 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Германияда үкімет құрамын жасақтау қиынға соғатын түрі бар. Қыркүйекте өткен сайлауда жеңіске жеткен Социал-демократтар (SPD) әріптестерімен кей мәселеде тіл табыса алар емес. Әсіресе, қазіргі таңда күйіп тұрған климат тақырыбында партиялардың пікірі екіге жарылды.

Германияда климат  мәселесі өзекті

Күздің алғашқы айында Гер­ма­нияда парламенттік сайлау өтіп, солшыл бағыттағы Социал-демо­кра­тиялық партия (SDP) жеңіске жет­кені белгілі. Қазірге дейін билікте басым дауысқа ие болып келген Хрис­тиан-демократиялық одағы (CDU) екінші орынға тұрақтады. Осылайша, Ангела Меркель кеткен соң алмандарда парламентті басқаратын партия да ауысты.

Жасылдар партиясы (Grüne) үшінші орынға тұрақтады. Олардың еншісіне бюллетеньдердің 14,8 пайызы тиесілі. Бұған дейінгі сайлауға қарағанда, аталған партия көбірек дауыс жинап, Бундестагтағы мандат санын екі есеге көбейте алды. Бұл – неміс халқының қоршаған ортаға алаңдай бастағанын көрсетеді.

Сөйтіп, Grüne парламентте коалиция құруда үлкен рөл ойнайтын партияға айналып шыға келді. Өйткені бірде-бір партия елу пайыздық межеден аса алған жоқ. Сондықтан басқа партиялармен бірлесіп, коалиция құруы қажет.

Бастапқыда Социал-демократиялық партия Жасылдармен тізе қосып, Еркін демократтардың (FDP) тілін табатыны болжанған еді. Расында, SDP парламентте коалиция құрып, канцлердің орынтағына жайғасу жұмысына белсене кірісті.

Бірақ Глазгода COP26 конференциясы өтіп жатқан кезеңде партиялар қоршаған ортаға қатысты мәселеде мәмілеге келе алар емес. Мәселен, Жа­сыл­дар Германияның көмірден бас тарту мерзімін 2038 жыл деп белгі­леуді ұсынады. Сондай-ақ қазба отын жағатын көліктерге тыйымды 2030 жылға дейін жүзеге асыру керек деп есептейді.

Бұдан бөлек, Grüne климат жөнін­дегі министрлік ашуды жоспарлап отыр. Партияның пайымдауынша, мұндай ведомство үкімет пен мем­ле­кеттік мекемелер қабылдаған шешім­нің қаншалықты экологияға зиянды екенін бақыламақ. Алда-жалда министрліктердің жоспары қоршаған ортаға зардап келтірсе, оған вето қою құқығына ие болуы тиіс.

Еркін демократтар партиясы мұндай ветоға мүлдем қарсы. Сондай-ақ автокөліктерге тыйым салуды да дұрыс көрмейді. Оған қоса, көміртегіне қойы­латын баға мәселесінде де партия­ның пікірі Жасылдардан өзгеше.

Мысалы, Grüne Еуропалық одақтың CO2 шығарылымын саудалау жүйесіне мұқият қарап отыр. Таяуда партия жетекшісі Анналена Баербок көміртегі шығарылымын азайтуға бір ғана партия мүдделі болмауын, баршасы бұған көңіл аударуы қажет екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, 1990 жылдан бері ауаға зиянды газдар бөлу көлемі өзгер­ген емес.

«Дәл қазір 1,5 градустық мақсаты­мызға баратын жолды таңдадық деп айта алмаймыз», деді Анналена ханым.

Жасылдардың бұлқан-талқан болуының себебі бар. Бұған дейін үш партия 6 желтоқсанға дейін, яғни Әулие Николай күніне шейін жаңа үкіметті жасақтап, Бундестагта да­уыс беруге келіскен еді. Бірақ межелі мерзім жақындап келеді. Министрлер кабинетін мақұлдау былай тұрсын, кей мәселеде партиялар ортақ мәмілеге келе алмай отыр.

Оған қоса, Жасылдар партиясының үкіметтік емес ұйымдарға жіберген хаты да шиеленісті ушықтыра түсті. Глазгодағы COP26 саммиті қарсаңында Grüne экология мәселесімен айналысатын бірнеше ұйымға сауын айтып, басқа партияларды қоршаған орта мәселесіне назар аудартуға күш салуға шақырған. Хат алғандар қатарында әлемге танымал «Гринпис» пен Deutsche Umwelthilfe ұйымдары бар.

«Енді-енді басталған коалиция жөніндегі келіссөздерде, әсіресе климат пен биоәртүрлілікті қорғау сала­ларында әлі де көп нәрсеге қол жет­кізуіміз керек. SPD мен FDP партия­ларын жаңаша ұсыныс жасауға итер­мелесеңіздер, бұл өте пайдалы болар еді. Егер мұны өзіміз ғана жалғас­тырсақ, келіссөздер ұзаққа созылып, оған қол жеткізу қиынға түседі», делінген хатта.

А.Баербок бастаған саясаткерлердің мұндай хат жолдауы басқа партияларға ұнаған жоқ. Социал-демократтар мен Еркін демократтардың кейбір өкілі бұған наразылығын білдірді.

Қорыта айтқанда, Германияда жаңа үкіметті жасақтау қиынға соғып тұр. Сарапшылар үш партия «аққу, шортан һәм шаянның» керін келтірмей ме деп алаңдайды.