Экономика • 07 Қараша, 2021

Мемлекеттік қарыздың шектен аспағаны жөн

395 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының ұсынған дерегі бо­йынша биыл тоғыз айда мемлекеттік қарызға қызмет көрсетуге және өтеуге жұмсалған шығын 2 трлн теңгеден асқан. 

Мемлекеттік қарыздың шектен аспағаны жөн

Қауымдастық мәліметіне сүйенсек, энергетикалық ресурс­тар бағасының өсуі және жоғары экономикалық белсенділік (ІЖӨ-нің 3,4 пайызға өсуі) аясында шоғырландырылған бюджетке түскен салық түсімдері едәуір ұл­­ғайған. Айта кетейік, шо­ғыр­лан­­дырылған бюджет – ре­с­­пуб­ликалық бюджетті, облыс­­тардың, республикалық маңы­зы бар қала, астана бюджет­ін және Ұлттық қорға бағыт­талатын түсімдерді бірікті­ретін мемлекеттің ақшалай қаражат­тарының орталықтан­дырылған қоры.

«2021 жылдың қаңтар-қыр­күйегінде 9,0 трлн теңге салық жи­налды. Бұл 2020 жылдың сәй­кес кезеңінің көрсеткішінен 2,1 трлн-ға немесе 31 пайызға көп. Шоғырландырылған бюджеттің жиынтық табысы 10,6 трлн (+23 пайыз) теңгені құрайды. Салық түсімдерінің абсолютті түрде де, салыстырмалы түрде де ең көп өсуі республикалық бюджетте байқалады. Корпоративті табыс салығы, пайдалы қазба­лар­ды өндіру салығы және қо­сы­м­ша құн салығы бойынша түсім­дер артығымен орындалды. Осы­лайша, үш тоқсанда салық жинау бойынша жылдық жоспарды орындау 76 пайызды құрады. Жыл соңына дейін 12,0 трлн теңге салық жинау жоспарланған. Былтыр осындай кезде көрсеткіш 69 пайызға жетеқабыл болған еді», деп жазады қауымдастық.

Ал шоғырландырылған бюджет шығыны 10,4 пайыз немесе 1,3 трлн теңгеге өсіп, 14,2 трлн теңге болған. Шығын табыс бөлігінен 34 пайыз немесе 3,6 трлн теңгеге асып түскен. Көр­сетілген шығындардың жартысынан астамы қарыздарды өтеу мен оларға қызмет көрсету­ге қатысты екен. Бұл бағытқа жі­берілген қаражат 2 трлн теңге­ден асқан немесе бүкіл шығынның 14 пайызын құрап тұр. Салыстырар болсақ, былтыр шығынның бұл түрі 1,3 трлн теңге болып, барлық шығынның 10 пайызын ғана құраған еді.

«Бюджет тапшылығын қар­жы­лан­дыру үшін 3,9 трлн теңге тарту жылдық жоспары жағ­дайында 2,9 трлн теңгеге займ алынды. Бұл уақытта Ұлттық қор­дан республикалық бюджетке түскен трансферт көлемі 3,4 трлн теңге болды. 2020 жылы трансферт көлемі 4,8 трлн теңге болған еді», дейді қаржыгерлер.

Қауымдастықтың пайым­дауын­ша, экономикалық бел­сен­ді­ліктің жедел қалпына келу жағ­дайында энергия ресурс­тарына деген бағаның рекорд­ты қарқынмен өсуі салық түсім­дерінің артуына себеп болады. Бұл бір жағынан, 2023 жылдан бастап бюджет заңнамасына контрциклдік фискалдық норманы жоспарлы енгізу қарсаңын­да бюджеттің кіріс бөлігінің Ұлт­тық қордан түсетін түсімдер­ге тәуел­ділігін сондай-ақ қарыз жүктемесін одан әрі күшей­те түсу қажеттілігін азайтады. S&P болжауынша, мұнай баға­сы бар­реліне орташа 75 доллар бол­ған жағдайда келер жылға шоғырландырылған бюджет балансы профицитпен орындалуы мүмкін.

«Алайда табыстың күрт өсімі бюджет тәртібіне және мемле­кет­тің экономикадағы үлесін төмен­дету жоспарына (2026 жылға дейін 14 пайызға) кері әсер етіп, бюджет кірістерінің шикізат на­рығындағы өзгерістерге жо­ғары сезімталдығын сақтап қалуы мүмкін. Табыс бөлігінен асып кетіп жатқан бюджет шы­ғын­дарының займ тарту ар­қылы аз көлемде жабылып жат­қанына қарамастан, қарыз жүк­темесінің деңгейі мен қарызды өтеу және оған қызмет көрсету шығындары жедел өсіп жатыр. Мемлекеттік қарыз ІЖӨ-нің 29 пайызына дейін өскен (2022 жылдың басында 31 пайызға жетуі мүмкін), ал оған қызмет көрсетуге кет­кен шығын 14 пайызға дейін көбей­ген. Осы орайда мемлекеттік қарыздың шекті аясы ІЖӨ-нің 50 пайызына дейін – екі мәр­те көтерілді. Бюджет шығын­дарын басқару мен болжау және мем­лекеттік қарыздың деңгейі мак­роэкономикалық тұрақтылық үшін аса маңызды. Соның ішінде инфляциялық процестер, экономикада ұзақ мерзімді пайыз­дық ставкаларды қалыптастыру үшін де ерекше маңызға ие», деп мәлім­деді қауымдастық.

Жыл ортасында есеп ко­ми­теті­нің басшысы Наталья Годунова да мемлекеттік қарыз ІЖӨ-нің 29,4 пайызына таяп қалды деп айтқан.

«Мемлекеттік қарыз көлемі­нің өсуі 27 пайызбен шектеп ұстау туралы жаңа бюджет саясаты­ның бекітілген тұжырымдамасы­­нан асып түсіп отыр. Мемлекет­тік қарыз жыл сайын өсіп келе­ді. Есеп комитеті соңғы жылдары пайда болған тәуекелдер туралы айтып жүр. Қазір бұл 20,6 трлн теңге. 2014 жылға дейін мемлекеттік қарыздың қауіпсіз деңгейі ІЖӨ-нің 22 пайызын құраған еді. Бірақ өсіп кетті. Оның өсуіне не нәрсе негіз болғанын да көрмедік» деп сынға алды Н.Годунова.

Комитет төрағасы бұдан бөлек жергілікті атқарушы органдар қарызының да бес есе өсіп, жыл басында 1,1 трлн тең­геге жеткенін жария етті. «Әзірге бекітілген лимит аясында оның көлемі – 1,6 трлн теңге. Дегенмен келешекте үлкен тәуекелдер туындауы мүмкін» дейді ол.

Биылдыққа есеп комитетінің сынына жиі ұшыраған Қаржы министрлігі мемлекеттік қарыз қауіпсіз деңгейде, оған алаңдауға негіз жоқ дейді.

«Мемлекеттік қарыздың ІЖӨ-ге қатынасы Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жос­пары және Еуразиялық эконо­ми­калық одақ туралы келі­сімге сәйкес лимиттен аспайды. Қазір тұ­жырымдама өзек­ті емес, эконо­миканы дамыту­дың өзге де параметрлері және макро­эко­номикалық жағдайларды есепке ала отырып жаңа құжат дайын­далып жатыр. Бұл ретте барлық басқа қарыз индикаторлары сақталады және қауіпсіз деңгейде тұр. Тұжырымдамада көрсетілген ІЖӨ-ге қатысты 27 пайыз көрсеткіші дағдарысқа дейінгі кезеңде үкімет белгілеген индикативтік көрсеткіш болды» деген еді министр Ерұлан Жамаубаев Парламент отырысында.