Әлем • 08 Қараша, 2021

Сьерра-Леонедегі жарылыстан жүзден аса адам қаза тапты

153 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сьерра-Леоне астанасы Фритаун қаласында жанармай құйылған танкер жүк көлігімен соқтығысты. Жарылыс салдарынан жүзден аса адам қаза тапты.

Сьерра-Леонедегі жарылыстан жүзден аса адам қаза тапты

Жарылыстан бұрын жанармай төгіліп, жолдың жан-жағына жайылған. Соның салдарынан апатқа жақын маңдағы адамдар мен көліктер түгелдей отқа оранған. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары танкердің жанында қатты күйіп кеткен мүрделердің бейнесін көрсетті.

Оқиға орнына барғаннан кейін вице-президент Мохамед Джулде Джаллох бұл «ұлттық апат» деп мәлімдеді. Ол зардап шеккендер тегін емделетінін айтты. Фритаун төңірегіндегі ауруханалар мен денсаулық орталықтарына шамамен 90-нан астам адам жеткізілген. Олар қазір ем қабылдап жатыр. Науқастардың кейбірінің жағдайы өте ауыр.

Жарылыс жұма күні қаланың шығысындағы халық тығыз орналасқан Веллингтон маңындағы Choithram супермаркетінің сыртындағы жол айрығында болған көрінеді.

Сьерра-Леоне ұлттық апаттарды басқару агенттігі (NDMA) танкер маңайдағы жанармай құю стансасына кірген кезде көлікпен соқтығысқанын хабарлады. Агенттіктің хабарлауынша, жүргізушілер жанармайдың төгіліп жатқанын байқап, оқиға орнынан алысқа кетуді ескерткен. Бірақ адамдар оған мән бермей, танкерден аққан жанармайды құйып алмаққа ұмтылады. Сол сәтте көлік жарылып кеткен.