Әлем • 08 Қараша, 2021

1 триллиондық құжат мақұлданды

173 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

АҚШ Конгресі магис­траль, кең жолақты және басқа инфрақұрылымды жақсартуға арналған 1 триллион долларлық заң жобасын қабылдады. Сөйтіп құжатты президент Джо Байденге қол қою үшін жіберді.

1 триллиондық құжат мақұлданды

Жұма күнгі дауыс беру нәтижесінде құжатты 228 депутат қолдаса, 206-ы қарсы болған. Сөйтіп, президент Джо Байденнің талайдан бері айтып келген жоспары жүзеге асты. Бұл – демократтардың үлкен жеңісі.

Байден әкімшілігі енді Американың автомобиль жолдарын, теміржолдарын және басқа да көлік инфрақұрылымын жаңартпақ. Ақ үй басшысы жаңа жұмыс орындарын құруға және АҚШ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға уәде берген еді.

Әйтсе де, демократтар Байденнің ішкі бағдарлама­сының екінші бағыты бойынша әлі көп жұмыс істеуі керек. Атап айтқанда, әлеуметтік қауіпсіздік желісін кеңейту және климаттың өзгеруімен күресу бағдарламаларын Конгресте қабылдауға күш салуы тиіс. Бағасы 1,75 триллион долларды құрайтын бұл құжат АҚШ қауіпсіздік желісін 1960 жылдардан кейін қайта жаңартатын еді.

Демократтар бұл құжатты да жұма күні талқы­лауға шығаруға тиіс-тұғын. Бірақ оның құнына қатысты сұрақтар туындағандықтан, заң жобасын кейінге қалдырды. Бұл мәселенің анық-қанығын нақтылауға бірнеше апта кетеді.

Ал инфрақұрылымға қатысты құжаттың қабыл­дан­ғаны Байденнің абыройын өсіретіні анық. Конгресс отырысынан кейін Ақ үй басшысы арнайы мәлімдеме жасап, іске кірісетін сәт келгенін жеткізді.

Біріккен металлургиялық кәсіподақ заң жоба­сының қабылдануын құптады. «Өкілдер палатасы елдің маңызды инфрақұрылымын жаңартуға шамамен 1 триллион доллар бөлетін Infrastructure Bill заңын қабылдады. Бұл біз үшін үлкен мәміле, өйткені болат өңдеушілер Американы қамтамасыз етеді!» деп жазды одақ туиттердегі парақшасында.