Спорт • 08 Қараша, 2021

«Алтай» Анкараға аттанады

226 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

15-19 желтоқсан күндері Түркияның астанасы – Анкарада волейболдан әйелдер арасындағы клубтық әлем чемпионатының жалауы желбірейді.

«Алтай» Анкараға аттанады

Осыдан бір ай бұрын Өскеменнің «Ал­тайы» Таиландтың Накхонратчасим қаласында өткен Азия біріншілігінде қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа таққан болатын. Осы жарқын жеңісінің арқасында Кенді Алтайдың арулары жер-жаһандағы ең үздік командалар бас қосатын бәсекеде бақ сынау құрметіне ие болды. Жерлестерімізден бөлек, бұл жарыста Италияның «Имоко Воллей» (Еуропа Чемпиондары лигасының жеңімпазы), Түркияның «ВакыфБанкі» (Еуропа Чемпиондары лигасының күміс жүлдегері) мен «Фенербахче» (жарысты ұйымдастырушылар) және Бразилияның «Минасы» (2020 жылғы Латын Америкасы клубтық чемпионатының жеңімпазы) мен «Дентил-Прая» (2021 жылғы Латын Америкасы клубтық чемпионатының жеңім­пазы) клубтары өнер көрсетеді.

Естеріңізге сала кетейік, айтулы дода осыдан екі жыл бұрын Қытайдың Шаосин қаласында ұйымдастырылған еді. Сол жа­рыста Италияның «Имоко Воллейі» топ жар­­ды. Финалда олар Түркияның «Эджзад­жиба­шиін» 3:1 (22:25, 25:14, 25:19, 25:21) есебімен ұтты.