– Өсіп келе жатқан талай талантты жастың бойына қанат бітіріп, қабілетін дамытып, кәсіби өнерге құлаш сермеуіне көп ықпал еткен дәстүрлі байқау бұған дейін еркін тақырыпта өтіп келген еді, ал биыл тақырып бекітіп, Ыбырай атамыздың 180 жылдығына арнадық. Байқауға жүзден астам авторлық туынды келіп түсті. Бұл дүниелерде ұлы ағартушының кескін-келбеті сомдалып, ұстаздық қызметінің түрлі кезеңі айшық тапқан. Ең бастысы, жергілікті қылқалам шеберлері, мүсіншілер мен қолөнершілер өзге өңірлердегі әріптестерімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды, – дейді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.
Байқау жұмыстары кескіндеме, графика, мүсін, сәндік-қолданбалы өнер деп аталатын төрт номинация бойынша бағаланды. Қазылар алқасының қалауымен Қостанай қаласының атынан шыққан жас зергер Амангелді ауданының тұрғыны Бекзат Мұратов бас жүлдені жеңіп алды.
Байқау жеңімпаздарын облыс әкімінің орынбасары Бақыт Есімова арнай келіп құттықтап, дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапаттады. Мәселен, Лисаков қаласынан келген 31 жастағы қылқалам шебері Алина Николенко Ы. Алтынсарин портретін сәтті сомдап шыққаны үшін кескіндеме аталымы бойынша жүлделі орын алып, 150 мың теңгенің сертификатына ие болды.
«Жас толқын» байқауы өз мәресіне жеткенімен, музейдің бейнелеу өнері залындағы көрме әлі бір апта жұмыс істейтін болады.
Қостанай облысы