Кәсіпқой бокс • 08 Қараша, 2021

«Канело» қарсыласын нокаутпен жеңді

240 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында үлкен кәсіпқой бокс кеші өтті. Кештің басты жекпе-жегінде екінші орта салмақтағы WBA (Super), WBC және WBO нұсқаларының чемпио­ны, мексикалық Сауль «Канело» Альварес пен IBF тұжы­ры­мының теңдессізі, америкалық Калеб Плант күш сынасты.

«Канело» қарсыласын нокаутпен жеңді

Абсолютті әлем чемпионы атағы үшін тартыстың алғашқы үш раундында АҚШ боксшысы сәл ғана басымдық танытқандай көрінді. Десек те бірте-бірте «Канело» тізгінді өз қолына алды. Планттың қарымта ша­буылға жүгінуден басқа амалы қалмады. Бірақ мексикалық марғасқа қарқынын күшейткен сайын жергілікті боксшы жиі қателікке ұрына бастады. 11-раунд­та Альварестің сол қолы қарсыласына дөп тиді. Тө­реші есеп ашты. Соққының қатты болғаны соншалық, Плант ор­нынан әзер тұрды. Қар­сы­ласының әлі де есін жия алмай тұрғанын байқаған Сауль те­геурінін одан әрі күшейтті. Оның тағы бір екпінді шабуылынан кейін америкалық бокс­шы қайта құлады. Бұл жолы төреші жекпе-жекті тоқтатты. Осылайша, Сауль Альварес әлем­нің абсолютті чемпионы атанды.

Бұл – 31 жастағы «Кане­лоның» кәсіпқой рингтегі 60-шы жекпе-жегі. Соның 57-сін ол жеңіспен аяқтап, 39 қарсыласын есінен тандырды. Бір рет ұтылып, тағы екі кездесу тең аяқталды. Ал 22 рет шаршы алаңға көтерілген Плант кеше алғаш рет жеңілістің кермек дәмін татты. Осыған дейін ол 12 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтап, 9 кездесуде төрешілердің шешімі бойынша жеңіске жеткен еді.