Медицина • 08 Қараша, 2021

Отандық ғалымдар онкологиялық ауруларды диагностикалайтын ерітінді жасап шығарды

3714 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ғалымдары жатыр мойны обырын кешенді диагностикалау үшін ерітінді жасап шығарды, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Отандық ғалымдар онкологиялық ауруларды диагностикалайтын ерітінді жасап шығарды

Екі жыл бойы ғылыми қызметкерлер сауықтыру орталығының өкілдерімен бірлесе цитология саласында сұранысқа ие сұйықтық құрамын әзірледі. Нәтижесінде олар бұрын шетелден алынып келген өнімді өз елімізде жасап шығарды. Енді ғалымдардың бұл жаңашылдықтары медициналық қызметтің құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Өйткені ол қаржылық жағынан да, географиялық жағынан да қолжетімді бола түспек. Ғалымдардың айтуынша, ерітіндінің сапасы шетелдік аналогтардан кем түспейді.

«Біздің ғалымдарымыздың жасап шығарған туындысы импортты алмастыру мәселесін шешеді. Осы зерттеудің нәтижесінде биоматериалды сақтауға арналған бекітуші ерітіндінің оңтайлы құрамы жасалды. Бұл биоматериалдарды тұрақтандыруға және тасымалдауға мүмкіндік береді, яғни онкологиялық ауруды одан әрі диагностикалау үшін жатыр мойнына жақпа ретінде пайдаланылады. Бұл әзірлеменің бірегейлігі - қатерлі ісікті тез диагностикалау мәселелерін кешенді түрде шешу болып табылады», деді С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті Ұлттық ғылыми зертханасының кіші ғылыми қызметкері Айдана Имашева.

Қазақстандық ғалымдар тобы өздері әзірлеген бекітуші ерітіндіге патент алды. Аталған өнім Қазақстан Республикасының дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар тізіліміне енгізілді. Қазіргі таңда жоба коммерцияландыру сатысында. Сонымен қатар ғалымдар басқа да биологиялық материалдарды сақтау ерітіндісінің құрамын жақсарту барысында жұмыс істеуді жалғастыруда.