Қоғам • 08 Қараша, 2021

Қазақстанда жазасын өтеушілерге рақымшылық жасалады

408 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2 236 сотталушыға, 11 310 пробацияда тұрған адамға рақымшылық жасалады. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда жазасын өтеушілерге рақымшылық жасалады

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ішкі істер министрлігі «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заң жобасын әзірледі. Оның мақсаты – онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс үшін жазадан босату, кейбір ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін жазаның мерзімін қысқарту. Рақымшылық - ардагерлерге, кәмелетке толмағандарға, жасы үлкендерге, 1-ші және 2-ші топтағы мүгедектерге, сондай-ақ қоғамға қауіп төндірмейтін адамдарға қолданылады. Заң жобасы мемлекеттік орган өкілдерімен, қоғам қайраткерлерімен және сарапшылармен талқыланды», деді Ерлан Тұрғымбаев.

Министрдің дерегінше, елімізде 64 мекеме мен 16 тергеу изоляторында 34 мың адам бар. Оның ішінде 30 мың азаматқа сот үкімі шыққан. Қалған 4 мың адам тергеу мен қамауда. 93 пайызы ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін қамауда отыр. 45 пайызы – бұған дейін бірнеше рет сотталғандар. Сонымен қатар 32 мың адам пробациялық бақылауда тұр.

«Жоба бойынша 2 236 сотталушыға, 11 310 пробацияда тұрған адамға рақымшылық жасалады. Нәтижесінде мың адам қамаудан бостандыққа шығады. 3 818 адам пробациялық бақылаудан босатылады. 1 294 сотталушыға, 7 492 пробацияда тұрған адамға жаза мерзімі қысқартылады. Сотқа дейінгі тергеудегі 5 мың іс қысқарады. Қылмыстық кодекстің 78-бабына сәйкес, аса ауыр қылмыс жасаған адамдарға рақымшылық қарастырылмаған», деді ол.