Оқиға • 08 Қараша, 2021

Атырауда екі үйді тонаған күдіктілер қамауға алынды

473 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырауда бірнеше үйді тонаған екі күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырауда екі үйді тонаған күдіктілер қамауға алынды

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 29 және 23 жастағы екі күдікті бұрын сотты болған.

«Алдын ала сөз байласқан екі күдікті 13 қазанда сағат 15:00 шамасында «Өркен» шағын ауданындағы үйлердің біріне сыртқы пластикалық терезесін ығыстыру арқылы кірген. Сөйтіп, 1984 жылғы әйелдің ішігін, бағалы қол сағатын, спорттық аяқ киім мен  «Самсунг» маркалы ұялы телефонын ұрлаған», деді полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Ұрлық жасаған күдіктілер жәбірленушіге 535 мың теңге материалдық шығын келтірілген.

«Екі күдікті 18 қазанда сағат 13:30 шамасында «Өркен» шағын ауданындағы тағы бір үйге пластикалық терезеден кіріп, ұрлыққа түскен. Бұл жолы 37 жастағы әйелдің үйінен «Самсунг» маркалы теледидарын, ютуб каналын жалғауға арналған жабдықты, құндыз терісінен тігілген ішікті, бағалы күртеше мен смарт-сағатты ұрлап, оқиға орнынан бой тасалаған. Жәбірленушіге материалдық келтірілген шығын көлемі 605 мың теңгені құрады», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Полиция қызметкерлері ұрлық дерегімен екі күдіктіні ұстады. Олардан айғақ заттар тәркіленіп, күдіктілер тергеу изоляторына қамауға алынды.

«Екі күдіктінің бұрын ұрлық, тонау, қарақшылық қылмыстарымен сотты болғаны белгілі болды. Қазір күдіктілерге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 2 және 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілердің басқа қылмыстарға қатысы анықталып жатыр», деді баспасөз қызметі.