Денсаулық сақтау министрлігі елімізде дәрілік құралдарға бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, шұғыл шаралар қабылдауда.
2014 жылғы 13 ақпанда Денсаулық сақтау министрлігі бірқатар «Фармқызметті қолдау және дамыту қауымдастығы»; «Қазақстанның ФармМедИндустриясы» қауымдастығы; Фармацевтикалық өнімдер дистрибьюторлары, Фармацевтикалық фирмалар өкілдіктері және «Ұлттық денсаулық сақтау палатасы» заңды тұлғалар бірлестігімен дәрілік құралдарға бағаны ұстап тұру туралы меморандумға қол қойды.
Меморандумға қол қоюдағы мақсат – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кірмеген, әлеуметтік осал және аз қамтылған тұрғындар жиі қолданатын 224 түрлі дәрі бағасын 2014 жылғы 10 ақпанда болған күйінде сақтау. Меморандумға кірген дәрілер тізімін ұлғайту да қарастырылған.
Меморандум барлық өңірлерге жіберілді.
Министрлік әлеуметтік осал топтар барынша жиі қолданатын дәрілік құралдарға бағаны көтеру фактілерін қадағалау жөнінде штаб құрды, оның телефоны: 8-7172-74-31-28. Сондай-ақ, Дәрілік ақпарат орталығының шұғыл желісі (8800 080 88 87) тәулік бойы жұмыс істейді.
Күн сайын барлық өңірлерде дәрілік құралдар нарығындағы жағдайға мониторинг жүргізіліп, жағдай тұрақты сақталуда.
Жекеленген оқиғалар байқалды, атап айтқанда, 2014 жылғы 19 ақпанда Шығыс Қазақстан облысында кейбір дәрілерге бағаны көтеру оқиғалары орын алып, жергілікті атқарушы органдармен бірге тиісті шаралар қабылданды.
Денсаулық сақтау министрлігі меморандумда көрсетілген дәрілерге бағаны көтеру фактілері анықталған жағдайда жоғарыда көрсетілген телефондарға хабарласуды сұрайды, деп хабарлады ДСМ баспасөз қызметі.