Қоғам • 09 Қараша, 2021

Сапасыз өнім шығарғандар жазасыз қалмайды

371 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті өнімге мемлекеттік бақылау мен қадағалауды күшейтіп, соған сәйкес нормативтік-құқықтық базаны да толыққанды айқындап алды. Қазірдің өзінде техрегламенттерге сәйкес келмейтін өнімді өндіргендерге 6,2 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.

Сапасыз өнім шығарғандар жазасыз қалмайды

Комитетке қарасты департаменттер өнімдердің сапасын қадағалау мақ­сатында профилактикалық бақы­лау жұмыстарын жүргізеді. Өнімдер­ден алынған сынақ материалдарына талдау жасайтын арнайы зертханалар ашылған.

Мамандар сапасыз өнімдерді анық­тауға арналған мемлекеттік бақылаудың алғашқы нәтижелерін де жария етті. Соның ішінде регламент талаптарына сай келмейтін дизель отыны да бары белгілі болды. «Биыл тиісті сападан көрінбеген салқындатқыш сұйықтықты айналымға шығарғаны үшін 6,2 млн теңге сомасына айыппұл салынды. Сонымен қатар өндірушіге берілген химиялық өнімді тіркеу туралы куәліктің күші жойылды», деп хабарлайды Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Арман Әбенов.

Комитет сәйкестікті бағалау туралы құжаттарға да ұдайы мониторинг жүргізіп келеді. Мемлекеттік кіріс­тер комитетімен бірлесе атқарыл­ған ауқымды жұмыстардың шеңберінде заңсыз сертификаттар да анық­талған. Солар­дың ішінде ойын­шық­тарға, жеке қор­ғаныс құрал­дары­на, тұрмыстық электр техникасына, тамақ және жеңіл өнер­кәсіп өнімдеріне берілген 282 де­кла­рация мен сертификат күшін жойған.

Жалпы, қазір халықаралық саудада бәсекелестік жүріп жатыр. Сәйкес­тік­ті бағалау құжаттары адал бәсеке­лес­тікті дамытуға мүмкіндік береді. Сондықтан заңсыз сертификаттарға жол жоқ. Әр өнім сапалы әрі қауіпсіз болуымен, құжатқа сәйкес келуімен ерекшеленуі тиіс. Мұндай өнімдер легі әлем бойынша артып келеді, дейді комитет өкілдері. Әсіресе халал, органикалық өнімдердің саудасы қызып тұр. Халықаралық сауда орталығының бағалауы бойынша жаһандық халал индустриясы қазіргі таңда 1,37 трлн долларға жеткен. Бұл ғаламдық азық-түлік пен сусындар нарығының 18%-ын құрайды. Pew Research Center зерттеу орталығының болжамы бойынша мұндай өнімдерді тұтынатындардың қатары 2050 жылға қарай 2,8 млрд-қа жетуі мүмкін.

Органикалық өнімдер нарығы да сапасы жағынан халал өнім индус­триясынан қалысар емес.  2000 жылдан 2019 жылға дейін бұл саланың өнімдері бес есеге өсті. Grand View Research болжамы бойынша нарық өз өсімін жылына 15-16% жылдамдықпен жалғастырады және 2025 жылы шамамен 210-230 млрд долларды құрамақ.