Қазақстан • 09 Қараша, 2021

Заманауи инфрақұрылым – сапалы байланыс кепілі

719 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанда 82 мың шақырымнан астам талшықты-оптикалық желі мен мобильді байланысты қамтамасыз ететін 13 мыңнан аса базалық станса салынды. Бұл туралы таяуда өткен Digital Bridge форумында «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев айтты.

Заманауи инфрақұрылым –  сапалы байланыс кепілі

Ұлттық байланыс опе­ра­то­рының басшысы елі­міз­де­гі телекоммуникация және ақпа­рат­тық-коммуникациялық ин­фр­а­құрылымды дамытудың ағым­да­ғы жай-күйі, сондай-ақ 5G-ді енгізуге байланысты жоспарлар мен еліміздің аумағында кең ауқымды Hyperscale дерек­тер орталығы және супер магис­траль­ді құруға қатысты жобалар туралы баяндады. «Қазақ­­те­­леком» басшысының ай­туын­­ша, егемендік жылдары құ­рыл­ған телекоммуникациялық инфрақұрылым экономикада, бизнесте, тұтастай мемлекеттің өмірінде цифрландырудың көп­те­ген жобасын жүзеге асыруға се­німді тетікке айналды.

Айталық, 30 жыл ішінде Қазақстанда 82 мың шақырымнан астам талшықты-оптикалық же­лі және мобильді байланыс­ты қамтитын 13 мыңнан астам базалық станса салынды. Бұл елі­міздің бүкіл аумағын бел­гі­лен­ген байланыспен қамта­ма­сыз етуге септігін тигізіп отыр. Осы ретте халықтың 81%-ы LTE талаптарына сай мобильді же­лі­лерін пайдаланатынын айта кеткен орынды. Бұл өз кезегінде мәліметтерді жоғары жылдамдықпен сымсыз таратуға мүмкіндік береді. Мәселен, соңғы екі жылда аталған байланыс операторы 828 ауылдық жерге 14,5 мың шақырымдай оптикалық-талшықты сым тартып, 2,5 мыңнан астам мемлекеттік және бюджеттік ұйымды кең жолақты интернетпен қамтыды.

«Оптикаға» жаңа қосылымдар негізінде Қазақстанның үш ірі ұялы байланыс операторы, оның ішінде «Қазақтелеком» компания­лар тобына кіретін екі құрылым бірлесіп, «250+» жобасы аясында базалық стансалар желісін салды. Бұл 250 адам­нан астам тұрғыны бар Қазақ­стандағы түгелдей дерлік ауыл­ды қамтыды. Нәтижесінде, кең жолақты цифр­лы байланыспен қамтылған аумақ­тарда тұратын халықтың саны 84%-дан 99,3%-ға дейін өсті. Еліміздің кар­тасында 4G стандартымен қамтылмаған жерлер жоқ десек те болады. Сондай-ақ елді мекендерге тартылған талшықты-оптикалық байланыс желісі мен «250+» жобасы аясында шешімін тауып жатқан басты мәселе – қала мен ауыл арасындағы цифр­лы теңсіздікті жою, сол секіл­ді өңірде телекоммуникация қыз­меттерінің барлық спектрін ұсы­ну екенін атап өту керек», деді Қ.Есекеев.

Ұлттық компанияның эконо­ми­каның цифрлы трансформациясын қамтамасыз етуге ба­ғыт­­талған тағы бір ірі жобасы – дата орталықтарын салу. Қазір «Қазақтелекомның» активінде мем­лекет пен бизнеске бұлтты тех­нологияларды ұсынатын, олар­дың негізінде Big Data-ны енгізуге, сондай-ақ көптеген өмірлік маңызды процесті цифр­лы жүйеге көшіруге және олар­дың ақпараттық жүйелерінің тиім­ділігі мен икемділігін қам­та­ма­сыз етуге мүмкіндік беретін 25 деректер орталығы бар.

Цифрлы теңсіздікті жою миссиясына қатысты байланыс операторы биыл жеке секторларды және Алматы, Шымкент пен елорданың маңындағы елді мекендерді бекітілген сымсыз Fixed Wireless Access (FWA) же­лі­лерімен қамтуды қолға алды. Бүгінде «Қазақтелеком» Шым­ке­нт пен Қосшыда жеке сек­торды қоса қамтитын FWA желісін са­лып, іске қосып та үл­гер­ді. Қа­зір Алматының ма­ңын­да, сол секілді Ақмола өңі­рі­нің Қоян­ды, Қараөткел, Қара­жар және Талапкер елді ме­кендерінде және бас ша­һар­дың Оңтүстік-шығыс ауданында, Үркер және Көкталда тіркелген сым­сыз желілердің құ­ры­лысын жүр­­гі­зуде.

«Бұл аудандар мен ауыл­дар­дың экономикалық дамуына оң әсер тигізіп, мобильді қаржылық қыз­меттер мен электронды коммерцияны дамытудың, сондай-ақ IoT технологияларын ауыл шаруашылығында және басқа да салаларда қол­да­нуға қозғаушы күшке айна­ла­ды. Біз мүмкіндігінше қазақ­стан­дық­тарды барынша озық және сапалы қызметтермен қамтамасыз ету үшін үнемі жұмыс істеп жатқанымызды атап өткім келеді. Өйткені ақпараттық технологиялар дәуірінде әр азамат пен кәсіпкерлік субъектісі үшін жо­ға­ры жылдамдықты интернет пен жоғары сапалы байланыстың болуы өмірлік маңызды мәселеге айналып отыр», деді Басқарма төрағасы.

Сонымен қатар компания 5G желісінің алғашқы нүктелерін енгізуді жолға қойды. Атап айтқанда, таяуда Түркістанда 5G базалық стансасын іске қосып, Бекзат Саттарханов даңғылында 5G желісінің алғашқы нүктесін құруға мүмкіндік берді. Демек 5G құрылғыларының иелері мен Altel және Tele2 абоненттері енді 5G желісін сынақтан өткізулеріне болады. Сондай-ақ 5G желісінің осындай нүктесін Астана ха­бы­ның аумағында іске қосты.

Бесінші буын байланыс стандарты бизнестің түбегейлі жаңа мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Нақты айтсақ, бизнестің жеке элементтерін цифрландырудан бастап IoT (Internet of Things, Internet of Things) негізінде «ақылды қалалардың» интегралды архитектурасын са­луға дейін, цифрлы индус­трия және «ақылды өндірістер» құруға жол ашады. Ал олардың қызметі елімізде жаңа стандартты кеңінен қолданысқа енгізген күннен бас­тап толығымен автоматтандырылады.

Еске сала кетейік, Digital Bridge форумы 2018 жылдан бері өткізіліп келеді және осы жылдар ішінде оған әлемнің 130-ға жуық сарапшысы қатысып, осы арқылы отандық IT стартапшылар 1 млрд теңгеге жуық инвестиция тартуға мүмкіндік алды. Дәстүрлі түрде ІТ, телекоммуникациялар, Big Data, бұлтты технологиялар және жасанды интеллект саласындағы жетекші әлемдік және отандық сарапшылардың басын қосқан бұл жолғы форумның басты тақырыбы еліміздің цифрлы ин­фра­құрылымын дамытуға арналды.