Сұхбат • 09 Қараша, 2021

Серік Теміржанов: Күмісті алтынға айналдырамын

234 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сербия астанасы – Белградта бокстан өткен әлем біріншілігінің жеңімпаз­дары мен жүлдегерлері елге оралды. Дүбірлі додадан табыспен оралған әлем чемпионатының күміс жүлдегері Серік Теміржановты аз-кем әңгімеге тартқан едік.

Серік Теміржанов: Күмісті алтынға айналдырамын

– Серік, жүлде құтты болсын! Чем­­пионатта саған қандай міндет жүк­телді?

– Рахмет! Жарысқа қатысқан спорт­шының бір ғана міндеті бар, ол – жеңіске жетіп, топ жару. Өкінішке қарай, финалда сүріндім. Алтын жүлде алып, елдің Әнұранын Белград төрінде шыр­қата алмағаным үшін жанкүйер қауым­нан кешірім сұраймын. Осыған да шүкір­шілік ете­мін. Өйткені бұл жүлденің өзім туып-өскен өңір – Павлодар облысы үшін маңызы зор. Чемпионат барысында қате-кемшіліктер кетті. Енді солармен жұмыс істеп, олқылықтардың орнын толтыруға тырысамыз. Бұйыртса, күмісті алтынға айналдырамын.

– Финалда сылбыр көріндің. Жеңіске жетуге не кедергі болды?

– Ақталғандай боламын ғой. Де­ген­мен финалға шаршаңқырап жеткенім рас. Өйткені ақтық жекпе-жекке дейін бес боксшымен жұдырықтастым. Ішінде осалы жоқ. Алдымен Моңғолия өкілі Энх-Амар Хархууды жеңдім. Ол – Азия чемпионы. Одан кейін жапониялық Рейто Цуцмиді жарыс жолынан ығыстырдым. Бұл жігіт – жастар арасындағы әлем чемпионы. Сосын үндістандық Рохит Мордың осал тұсын тауып, ширек финалда ресейлік Эдуард Саввинмен бокстастым. Жартылай финалдағы қарсыласым кубалық Освель Кабальеро Гарсия болды. Кубалықтардың қандай деңгейдегі боксшылар екені белгілі ғой. Ал финалда АҚШ құрамасының өкілі Джамал Харвиге есе жібердім. Соңғы қарсыласым өте жылдам екен. Кейбір тұста оның жылдамдығына ілесе алмай жаттым. Басқа да қателіктерге жол бердім. Ендігі мақсат – Белградта кеткен есені қайтару.

– Жартылай финалда кубалық боксшыны нокдаунға жіберіп, жеңіске жеттің. Мықты қарсыластың мысын басу қиынға түсті ме?

– Әрине. Қазақстан мен Куба боксшылары – рингтегі бітіспес қарсыластар. Сондықтан мұндай жекпе-жектердің маңызы зор. Менімен жұдырықтасқан Освель Кабельеро Гарсия мықты боксшы. Тәжірибесі де толысқан. Панамерика ойындарының чемпионы деген атағы бар. Жекпе-жекке дейін оның жұдырықтасу мәнерін зерттедік. Бұған дейінгі кездесулеріне талдау жүргіздік. Соның нәтижесінде діттеген мақсатымызға қол жеткіздік.

– Токио Олимпиадасында басқа Серікті көрдік. Әлем біріншілігінде шаршы алаңға мүлде басқа Серік шыққандай әсер қалдырды. Бұл жа­йында не айтасың?

– Екеуі де ірі жарыс, бірақ атмосферасы бөлек. Олимпиадада жіберген кемшіліктерді әлем чемпионатында қайталамауға тырыстық. Қатемен жұмыс жүргіздік. Соның нәтижесі болар, бәлкім.

– Жоғарыда бұл жүлденің Пав­ло­дар өңірі үшін маңызы зор деп қал­дың. Неге?

– Өйткені бұл – әлем чемпионаттарынан павлодарлық боксшыларға бұйырған алғашқы медаль. Жалпы, мен Тәуелсіздік алғалы бері әлем чемпионатына қатысқан екінші павлодарлық екенмін. Бұған дейін Николай Кульпин 1993 жылғы біріншілікте +91 килода жұдырықтасып, ¼ финалға дейін жетіпті. Ол кісіні көрген жоқпыз. 2003 жылы қайтыс болып кетіпті. Міне, содан бері 28 жыл өткенде, Тәуелсіздіктің 30 жылдығында осындай тарихи жетістікке қол жеткізгеніме қуаныштымын. Жеке бапкерім Азамат Мақажановқа айтар алғысым шексіз. Оның да әлем чемпионы екенін жақсы білесіздер. Әскерилер арасында топ жарған. Бапкерімнің сол бір жеңісті жолын Белградта жалғастыруды көздеп едім. Реті келмеді. Алда әлі талай жарыс бар. Чемпион тұғырында тұратын сәт туарына сенемін.

– Сенімің ақталсын!

 

Әңгімелескен

Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»