Облыс әкімі Самат Ескендіровтің тұрғындар алдындағы есептік кездесуінде қол жеткен табыстармен қоса халықтың өмір сапасын жақсарту, жастарды жұмыспен қамту, орта және шағын бизнесті дамыту, ауылшаруашылық өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар ашу, шағын шаруа қожалықтарына жағдай жасау, мал шаруашылығы дәстүрлерін жаңғырту, еңбек дауларын болдырмау секілді мәселелерге баса назар аударылды.
Баяндамашы алдымен жалпы өңірлік өнім көлемі 517,2 миллиард теңгені құрап, айлық орташа еңбекақы 7,9 пайызға өскенін, жан басына шаққанда 894,6 мың теңгенің тауарлары өндірілгенін, жаңа қызмет пен тауар түрлері молайғанын тілге тиек ете келіп, одан әрі өңір экономикасының жетекші саласы саналатын ауыл шаруашылығы жайына ойысты. Былтыр бұл салаға 14,9 миллиард теңге демеуқаржы қарастырылып, алдыңғы жылға қарағанда 5,6 миллиард теңге көп бөлінген. Негізгі капиталға құйылған инвестиция мөлшері 44,7 миллиард теңгені құраған. Нәтижесінде ауыл шаруашылығының жалпы өнім өндіру көлемі 277,3 миллиард теңгеге жетсе, еңбек өнімділігі 869,2 мың теңге болған. Жыл өткен сайын ауылшаруашылық өнімдерін экспорттау қарқын алып келе жатқанын байқау қиын емес. Атап айтсақ, оның көлемі 461,3 миллион АҚШ долларына жетеғабыл. Елбасы тапсырмаларына сәйкес өсімдік шаруашылығында егіс танаптарын әртараптандыру және баламалы дақылдарды өндіру бағыты таңдалып отырғаны атап көрсетілді.
Жолдаудағы Қазақстанды ет және сүт өнімдерін экспорттайтын өңірлік ірі елге айналдыру міндеттері солтүстікқазақстандық агроөнеркәсіп кешені қызметкерлеріне де тікелей қатысы бар дей келіп, аймақ басшысы мал шаруашылығы саласын пәрменді өркендетудің қадамдарына баса көңіл бөлді. Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру жөніндегі жоба шеңберінде 815 бас малға арналған 4 асыл тұқымды репродуктор, 3,4 мың бас малға арналған бордақылау алаңдары құрылып, облыстың шаруашылықтары 25,4 мың бас, соның ішінде «Сыбаға» бағдарламасы аясында 2,5 мың бас қара мал сатып алған. Бұл өз кезегінде агроқұрылымдарда ет өндіруді – 14,6 пайыз, сүтті 15,5 пайыз арттыруға мүмкіндік берген. Енді алда Мемлекет басшысының жеті пайыздық өсімді қамтамасыз ету туралы талабын орындау үшін 4550 бас малға арналған 78 отбасылық тауарлы-сүт фермасын ұйымдастыру жөніндегі жұмысты жалғастыру, қуаттарды ұлғайту және 2000 бас мал сиятын қазіргі фермаларды жаңғырту, 2000 бас малға арналған жаңа фермалар салу, сөйтіп 22750 бас, соның ішінде асылтұқымды репродукторлар салу үшін – 5200 бас, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша – 2500 бас, меншікті қаражат және қарыз есебінен 15050 бас қара мал төлдерін сатып алу міндеттері тұр.
Жолдауға өзек етілген басымдықтарымыздың бірі ауыл тұрғындары өмірін жақсарту болып табылады. Адамдардың еңбек етуі, бала тәрбиелеуі, дәрігерлік көмек алуы, өзінің демалысын ұйымдастыруға мүмкіндік алуы үшін жақсы еңбекақыға, қалыпты өркениетті жағдайға ие болуы керек деген баяндамашы бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу деңгейінің төмендігіне нақты мысалдар келтірді. Өңірлік даму шеңберінде тірек ауылдардың экономикалық әлеуетін арттыруға, демографиялық және әлеуметтік көрсеткіштерді жақсартуға, елді мекендердің тіршілігі үшін қалыпты ахуал туғызуға арналған шаралар жалғасын табады. 2013 жылы 58 тірек елді мекенінде 5,9 миллиард теңгенің 122 жобасы жүзеге асырылды, оның ішінде инфрақұрылымды дамыту мен көркейтуге 2 миллиард, әлеуметтік салаларға 3,9 миллиард теңге жұмсалған.
Баяндамашы Мемлекет басшысы дәстүрлі Жолдауында «инновациялық индустрияландыру трендін күшейту» қажеттілігін басты басымдықтарының бірі ретінде белгілеп бергенін қозғай келіп, индустрияландыру картасына 38 миллиард теңгенің 31 жобасы енгізілгенін, бұл бағдаламаларды іске қосқан кезеңде 1894 жұмыс орны ашылатынын, қазіргі уақытта 26,6 миллиард теңгенің 28 жобасы пайдалануға берілгенін, оларда бір мың адам еңбек ететінін көлденең тартты. «Өнімділік-2020», «Инвестор-2020», «Экспорттаушы-2020», «Бизнестің жол картасы- 2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламалар шеңберінде жаңа технология бойынша жұмыс істейтін өндіріс орындары бой көтерді. ҮИИД мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың төрт жылдығының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің жылдық өсімі 4-5 пайызға қамтамасыз етілді.
Самат Сапарбекұлы Президент Қазақстанды индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралы деп баға берген шағын және орта бизнестегі жетістіктерді атап өтіп, кәсіпкерлік субъектілерінен мемлекет бюджетіне түскен түсімдер көлемі барлық салық мөлшерінің 62 пайызын құрайтынын, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 1,1 миллиард теңге қарастырылғанын жеткізді. Одан әрі 2011-2020 жылдарға арналған «Ақ бұлақ» бағдарламасына арнайы тоқталды. Былтыр 8 сумен қамту нысаны пайдалануға беріліп, 3,2 мың адам тұратын 5 ауылға ауызсу жеткізілген. 18,6 мың адам тұратын 6 ауылда ауызсумен қамту жақсарған.
Тұрғындарды әлеуметтік қорғау күшейтіледі, деді баяндамашы. Өткен жылы 29 мың адам жұмысқа тартылып,13602 жаңа жұмыс орындары ашылған. 194 ауылдық округтің 91-інде мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылардың жоқтығы өмір сапасының ілгерілей түскенін айғақтаса керек.
Облыс әкімінің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жайлы есепті кездесуі аяқталғаннан кейін арнайы жәшіктерге түскен және залдан тікелей қойылған сауалдарға кезек берілді. Олардың мазмұнына қарағанда жұртшылықты жол, сапалы ауызсу мәселелері көбірек толғандыратын тәрізді. М.Мұстафин, С.Нариманова жол азабын қатты тартып жүргендерін қозғаса, Медвежка, Куйбышев ауылының тұрғындары ауызсу тапшылығын көріп жүргенге ұқсайды. Аймақ басшысы жолдарды қалпына келтіруге 5,5 миллиард, 4 ауданның елді мекендеріне су құбырларын тартуға 3 миллиард теңге бөлінгенін жеткізе келіп, өтініш-тілектердің бақылауда ұсталатынына сендірді. Бірқатар мәселелер қолма-қол шешімін тапты. Мәселен, Айыртау ауданының тұрғыны Надежда Баранова «Колосок» балабақшасын жөндеуге байланысты сұрағына қанағаттанарлық жауап алса, Тимирязев аудандық ауруханасы биыл күрделі жөндеуден өтетін болды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.