Бұл туралы Экология департаментінің басшысы Уәлихан Қайназаров Түркістан өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде мәлімдеді. Кентау қаласының әкімі Дәурен Мақажановқа 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынғаны белгілі болды.
Кентау қаласының әкімі экологтар салған бұл айыппұлымен келіспей, сотқа жүгініпті. Әкімдіктің баспасөз хатшысы Жанна Әлімбай бүгін сот отырысы өтетінін алға тартып, ресми пікірді кейінірек беруге уәде етті.
«Өкінішке қарай, қазір көп жер ластанып бара жатқанын байқайсыздар ма? Әсіресе Кентау қаласы лас боп кеткен. Кезінде ең таза қала болатын. Контейнер алаңшалардың бәрін көшеге шығарып тастаған. Ол белгіленген тәртіпке жатпайды. Сондықтан біз жауапты азаматтарға айыппұл салып жатырмыз. Себебі олар сол жұмыстарды атқаруға міндетті. Қала әкіміне 300 мың теңге көлемінде айыппұл салдық, қазір бізбен соттасып жатыр», деді Уәлихан Қайназаров.
Экология департаментінің басшысы жақында Түркістан қаласы әкімінің орынбасарына да айыппұл салынуы мүмкін екенін айтты. Айтуынша, шенеунікке олқылықты реттеу үшін уақыт берілген. Егер орындалмаса, ол да 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеледі.