Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «ЕQ»
Көлік жүргізушілерінің айтуынша, соңғы уақытта Ресей нөмірін таққан көліктерді тоқтатып, иесіне айыппұл салып, көліктің өзін айып тұрағына алып кету оқиғалары жиілей түскен. Осыған дейін әлеуметтік желідегі өңірлік жаңалық парақшалары Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында еш жерде (Ресейде де, Қазақстанда да) тіркеуде жоқ ресейлік нөмір таққан көліктерді жаппай айып тұрағына алып кетіп жатқаны туралы ақпарат таратқан болатын.
8 қараша күні Нұр-Сұлтан қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығы жанына Ресейден сатып әкелген көліктерді мініп жүрген жүзден астам жүргізуші жиналып, наразылықтарын білдірді. Жүргізушілердің дені «егер арзандатса баж салығын, басқа да алымдарды төлеуге дайынбыз және алып келген көліктерімізді қазақстандық тіркеуге ауыстырып берсін» дейді. «Көліктің қозғалтқыш көлеміне, жылына байланысты 400 мыңнан бастап 6 млн теңгеге дейінгі аралықта утилизация алымын төлейміз. Мысалы, мен алып келген Toyota Alphard көлігі 3 млн теңге тұрады. Оның Қазақстандағы бағасы – 6-7 млн шамасында. Егер сондай ақшам болса салоннан барып жаңа көлік алушы едім ғой» дейді жүргізушілердің бірі.
Олар Армения мысалын алға тартып, көліктерімізді тіркеуге қойсын, сөйтіп сары нөмір берсін деген талаптарын айтады.
«Көліктің қожайыны көлікті сатқаннан кейін оны тіркеуден шығарып тастайды. Демек ол транспорт ресейлік болып саналмайды. Сонда оны бізге тіркеуге қоя салуға не кедергі? Қазақстанда қанша ай жүрді, соған орай салығын есептеп бізге жіберсін. Оны төлейік. Әрі қарай да салықтан жалтармаймыз. Менің көлігіме утиль алымның өзі 3 млн-ға жуықтайды. Оған кеден салығын қоссақ құны көліктің бағасынан да асып түседі» деп базыналарын айтады олар.
Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының басшысы Елжан Шүпековтің айтуынша, егер транспорт құралы өзге елдің есебінде тұрса, жол қозғалысы туралы заңға сәйкес ол халықаралық қозғалыста жүрген болып саналады.
«Техбақылау, техпаспорт және өзге де құжаттарымен бірге мемлекет аумағында бір жыл жүре алады. Міне, сондай көліктердің жүруіне құқық берілген. Әр жүргізушінің оқиғасы әртүрлі болғандықтан, оларды жеке қарастыру керек» дейді ол.
«Тиісті ақпарды білген соң барып шешім қабылдаймыз. Ешкім де көлігін келіп тартып алғанын қаламайды. Егер айыптауға негіз болса біз оны айып тұрағына қоямыз. Тиісті құжаттарды әкеліңіз де, көлікті алып кетіңіз» дейді Полиция департаменті басшысының орынбасары Бақытжан Малыбаев.
Осыншама шу тудырып, полиция неліктен ресейлік нөмір таққан көліктерді тексеріп жатыр? Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, Қазақстан аумағына әкелінген ресейлік көліктердің 80 мыңға жуығы не Ресейде, не Қазақстанда тіркеуде жоқ.
«Өзге елден көлік сатып алған қазақстандық азамат оны 10 тәулік ішінде өз атына тіркеуге қоюға міндетті. Алайда көбі бұл талапты елемейді. Ресейлік тіркеудегі 210 мыңға жуық көлік Қазақстан территориясында жүр. 150 мыңы – заңды негізде, тиісті сенімхаты бар. 600 көлік – Ресей ІІМ криминалды полициясы жіберген тізім бойынша ұрланған көліктер қатарында. 200 көліктің қайда екенін анықтадық. Сонымен қатар 80 мыңға жуығы не Ресейде, не бізде тіркелмеген. Ол көліктер Қазақстанда техбайқаудан өтпеген. Техникалық жағдайының қандай күйде екенін де ешкім білмейді. Сондықтан қазір профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Егер көлік қажетті тіркеу процедурасынан өтсе, ешқандай проблема болмайды. Бәрінің қолында көлікті Ресейден сатып алғанын растайтын құжат бар. Тек ХҚКО-ға барып, өз атына рәсімдеу керек. Бірақ көбі өз атына қойғысы келмейді» деді министр.
Көлік қымбаттауына елеулі әсер еткен фактор – утиль алымының қымбаттауы. Ол бізде 400 мыңнан басталып 6 млн-ға дейін созылады.
Утилизациялық төлемді есептеуде базалық мөлшерлеме ретінде 50 айлық есептік көрсеткіш қолданылады, оны көліктің түрі мен категориясына байланысты коэффициентке көбейтеміз. Шыққан соманы машинаны ел аумағында бастапқы тіркеуге қоймай тұрып төлеу қажет. Мысалы, 2,5 литрлік моторы бар Toyota Camry үшін 1 458 500 теңге талап етіледі. Ал 3,5 литрлік қозғалтқышы бар Toyota Sienna әкелсеңіз, 3 354 550 теңге жұмсайсыз.
Сарапшылардың айтуынша, дамыған елдерде утиль алымының бағасы әрі кетсе 100 мың теңгеден аспайды. Осыған орай әлеуметтік желіде #НетУтильсбору хэштегімен қарсылық петициясы жарияланып, оған 30 мыңнан астам адам қол қойған еді. Алайда кейін петиция жарияланған сайт бұғатталған, тиісінше қарсылық ұсынысы қолдау табудың өзін былай қойғанда, билік тарапынан бұған еш реакция да болған жоқ.
«Ресейлік көлік сатып алған кезде үш құжат аласыз. Оның екеуі маңызды емес. Бастысы – көліктің техпаспорты. Де-факто – бұл құжат кімнің қолында болса, машинаның иесі де сол болады. Де-юре – көліктің иесі – Сергей Иванов. Сақтандыру бағасы – 22 мың теңге. Әрине, азаматтар арзан көлік алып, сонымен жан баққысы келеді. Алайда бұл көліктердің көбі дерлік Ресейде тіркеуден шығарылып тасталған. Ертең ол жол апатына себеп болса, біреудің мүлкін зақымдаса кінәсін дәлелдеу қиынға соғады. Сондықтан мемлекет пайызы өте арзан автонесие бағдарламасын іске қосуы керек» деген ұсыныс айтады белгілі автоблогер Олжас Оқас.
Оның айтуынша, Ресей нөмірін таққан көліктер алу – өзіңе үлкен проблема артып алумен бірдей.
«Бұл – таза криминал. Схема былай жұмыс істейді. Көлік Жапонияда аукционнан сатып алынады. Моторы мен аспасы шешілген соң кеденнен Ресейге автобөлшек ретінде кіргізіледі. Қайта құрастырылған соң автобуспен Қазақстанға жіберіледі. Жылпос жігіттер Ресейдің ашық базасынан тура осындай көлікті тауып, өтірік техпаспорт жасайды. Артынша сол өтірік техпаспорт негізінде нөмірдің дубликатына тапсырыс береді. Қазақстанда көлікке орнатылған соң сата беруге болады» дейді автоблогер егіз нөмірлі көліктер түйткілін қозғай отырып.
«Тым асқынып бара жатқан мәселені шешудің екі жолы бар: билік заңның жұмыс істеуін қатаң қадағалау керек немесе сол заңды өзгертіп ресейлік көлікпен еркін, алаңсыз жүруге мүмкіндік беруі қажет» дейді блогер.
Айтпақшы, елордада ХҚКО маңына жиналып, талап-арыздарын айтқан көлік жүргізушілері қажет болса күн сайын жиналуға дайын екендерін жеткізді.