Медицина • 09 Қараша, 2021

МӘМС: Халыққа керегі – сапалы қызмет

432 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Дені сау ұлт – мемлекеттің дамуы мен халықтың жаһандық қауіп-қатерлерге қарсы тұруының бірден-бір кепілі. Еліміз егемендік алғалы бері ұрпақ һәм ұлт саулығына баса назар аударылып келе жатқаны анық. Жыл санап дәрігерлердің, медицина саласы мамандарының әл-ауқатына, халықтың сапалы медициналық қызметтермен қамтылуына жете мән беріліп келеді. Түптеп келгенде, мұндай қадамдардың барлығы, ең алдымен, дені сау ұлт қалыптастыру мақсатында жасалатыны белгілі. Соған қарамастан, орын алып жатқан олқылық та көп.

МӘМС: Халыққа керегі – сапалы қызмет

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

«Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» дегендей, мін­дет­ті әлеуметтік медициналық сақ­тан­дырудың кемшін тұстарын жыр­лай-жырлай жақ талды. Сақ­танғанды сақтауға тиіс меди­ци­на­мыз меңіреу күй кешіп отыр. Ем іздеп емханаға бара қалсаңыз, бірде сала маманы табылмайды, енді бірде құрғыр жүйесі іс­тен шығып тұрады. Жүйе іс­те­меген сайын тұрғындардың жүй­кесі сыр бере бастайды. Мұның барлығын бал ашып, сырт­тан тон пішіп отырғанымыз жоқ. «Сақтандырудың игілігін көрдіңіз бе?» деп көп адамнан сұрадық. Сондағы алатын жалғыз жауап – жұмыстың әлі де болсын жүйеленбегені, медицина мамандарының салғырттығы, ауырып ем іздеп келген адамға атүсті қарайтыны.

Еңбекақысының елеулі бөлігін аудармаса да, жалақысынан жырымдап жарна төлеп отырған соң отандастарымыз сапалы меди­циналық көмек алғысы-ақ келе­ді. Дәрігерлер науқастың мұң-зарын созбалап сөзбұйдаға салмай, міндетін адал атқарса дейді. Анығында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру халық­тың осы талабына жауап беруі, олқылықтардың орнын толтыруы тиіс еді. Әзірге сыннан сабақ алып, қо­рытынды шығарып жатқан еш­кім жоқ.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қа­зақс­тан­ның тұрақтылығы мен өркен­де­уінің негізі» атты Қазақстан халқына Жол­да­уында «2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік ме­дициналық сақтандыру жүйесі іске қо­сылады. Әрқайсысыңызға мына нәр­сені айтқым келеді: мемлекет тегін ме­ди­циналық көмектің ке­піл­дендірілген көлемін сақ­тай­ды. Оны қаржыландыруға ал­дағы үш жыл ішінде 2,8 трил­лионнан астам теңге бөлі­не­ді. Міндетті әлеуметтік меди­ци­на­лық сақтандырудың жүзеге асы­рылуы медициналық қыз­мет көрсетудің сапасы мен қол­же­тім­ділігін жақсартуға бағыт­тал­ған. Үшжылдық бюджет аясында денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосымша 2,3 триллион­нан астам теңге бөлінеді. Үкімет әлеуметтік медициналық сақ­тан­ды­ру жүйесінің беделіне тағы да нұқсан келтірмеу үшін оны жүзеге асыру мәселесіне зор жа­уап­­кершілікпен қарауы қажет. Біз­дің қателесуге құқымыз жоқ», деген болатын.

Содан бері екі жылға жуық уақыт өтті. Міндетті әлеуметтік ме­ди­циналық сақ­тандыру отандық медицинаны оздыр­ды ма, жоқ әлде тоздырды ма? Мем­лекет басшысы айтып отырғандай, мін­детті әлеуметтік медициналық сақ­тан­дырудың (МӘМС) енгізілуі – ең алдымен, еліміздегі меди­ци­налық қызмет көрсетудің сапа­сы мен қолжетімділігін жақ­сартуға бағытталған қадам. Алай­да сақтандырудың салқынын сезі­ніп жатқан жандар медицина сапасының арта қоймағанын айтып қынжылады. Мәселен, Дәулет Серікбай есімді әлеуметтік желі қолданушысы Фейсбуктегі парақшасында ашық айтып отыр.

«Былтыр 15 қыркүйек – 15 қараша ара­лығында емхана таңдай аласың де­генді оқып, елордадағы №9 емханаға тір­келмекші болдым. Онлайн өтініш жібе­ріп едім, ол емхана тіркемеді. Себебін сұрағанымда, 15 қарашадан бас­тап қана тіркейміз деп түсіндірді. Ендеше неге 15 қыркүйектен бас­тап тіркейміз деп жар салады. Әр емхана өз бетінше әртүрлі заң шығара ма?» деп күйінеді елорда тұрғыны.

Сөйтіп, Д.Серікбай Нұр-Сұлтан қала­сындағы Csz Shipager орталығының Сауран көшесі 42-мекенжайында орна­ласқан бөлімшесінің 26-учаскесіне тірке­ліпті. Алайда ондағы учаскелік дәрі­гер­­лер Гиппократ антына адал болмай шыққан секілді. «Мұрынға операция жа­сатам деп көрмегенім жоқ. Мұрын түгіл бас қайғы болып кетті. Содан опе­ра­ция жасауға порталға қойды. Опе­рация жасайтын күн жақындағанда дәрігер ауысып кетіпті. Орнына келген Жылкышинова дейтін дәрігерден КТ, яғни компютерлік томографияға жібе­ріңіз деп едім, операция жасайтын ауру­ха­наға «Жатқызуға арналған жолдамасыз», КТ анықтамасынсыз жібере салды. №1 қалалық көпбейінді аурухана КТ-сыз ота жасай салды. Дәлірек айтсам, лазермен күйдіргеннен өзге ештеңе жасамады. Соны 6 ай күттім», дейді Д.Серікбай.

Одан шыққан соң кейіпкеріміз қала­­да­ғы диагностикалық орта­лық­та ақылы тексерістен өтеді. Ал ондағы мамандар мұрынға ештеңе жасалмағанын анық­тап беріпті. Сол анықтаманы операция жа­саған ауруханаға апарып көр­сетсе, отарингология бөлі­мі­нің меңгерушісі Диаг­нос­ти­ка­лық орталық КТ-ны оқи алмайтынын айтады. Ол аз десеңіз, бұдан былай бұл ауруханаға қабыл­да­май­тындарын айтып, қоқан-лоқы жа­са­ған екен.

«Медициналық холдингке қа­рай­тын Диаг­ностикалық ор­та­лық КТ-ны оқи ал­май ма? Әйтеуір ата­ғы дардай аурухана мен емхана мұрынға операция жасай алма­ды. Ақылы түрде тексерістен өткенімде мұ­рынның тамырлары тарылғандығы, құлақтың іші іріңдеп, ми қабатын тесуге жақын қалғандығы анықталды. Оған операция жасатайын десем, «Шипагердің» учаскелік дәрігерлері 3 айдан бері операция жасатуға порталға қоя алмай жатыр. Үш айда 6 учаскелік дәрігер ауысты. Бір-біріне сілтеумен келе жатыр. Біреуі «порталға қойдым» дейді. Енді біреуі «порталға қойылған жоқ, өзім қоямын» деп нөмірімді жазып алып қалады. Қабылдауына барсам, ол маман ауы­­­сып кетіп, тағы біреуі нөмірімді жазып алады. Ешқайсынан хабар жоқ. Порталға қоюы үшін тағы неше ай, қанша дәрігер ауысқанын күтуім керек?» дейді Д.Серікбай.

Оның айтуынша, операция жедел жасалуы керек. Порталды 6 ай күту, дәрігерге жазылу, 1 ай анализ қорытындысын күту – тым ұзақ. Ашынған азамат әурелеңі мұнымен бітпейтінін де айтып отыр. «Базада жоқсың» деп, бір аптада рентгенге 2 рет түсіріпті. Бұған қарап, рентгендерінің де базасы жоқ па деген ойда қаласыз.

«Екіншіден, жарна төлеп отыр­ған халық операцияны 6-7 ай күт­пеуі­ тиіс. Аурудың алдын ерте­рек алу керек емес пе? Әбден ас­қындырып, ауру­хана­ға жат­қыз­ғандары кімге керек? Жалпы медсақтандыру енгі­зіл­ге­лі қан­дай оң өзгеріс болды? Ешқандай кере­метін көрмедік. Ауыл, аудандағы ауруханалардың техникалық базасы нашар болғасын, халық ірі қалаларға емделуге тырысады. Үл­кен қалалардағы ауруханалар да оңып тұрған жоқ. Сау адамды жын­ды қылатын бүйткен медици­на­лары бар болсын», дейді желі қол­данушысы.

Осы ретте жұмыссыз отыр­ған­дар­ға қатысты да мәселе бар. «Бала күтіміне байланысты кейінгі үш жыл бойы үйде отырмын. Биыл да бойыма бала бітіп, емханаға есепке тұрайын десем, бірден есепке ала қойған ешкім жоқ. Кейінгі 10 айдың сақтандыру жарнасын төлеуге тиіс екенмін. Әдетте 10-11 аптада есепке алатын еді. Бұл жолы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруымның болмауына байланысты есепке тұру үшін 19 апта күтуіме тура келді. Жүкті әйел үшін әр апта тұрмақ, әр күннің маңызы бар. Есепке тұру үшін 19 апта күту деген сорақы емей немене? Ұлт болашағына, кейінгі ұрпаққа осылай жауапсыздық танытуға бола ма?», деп ашынады Қарағанды қаласының тұрғыны Арай Сембаева.

Расымен де, міндетті әлеу­мет­­т­ік меди­ци­налық сақтан­дыру пайда болған екі жылда не өз­гер­ді? Әрине, атқарылып жат­қан ауқымды жұмыстың бар­лығын жоққа шығарғымыз кел­мей­ді. Тек, тұ­ғыр­дағы тұлғалар бай­қа­мағанды тұр­ғындар бай­қап жатқан кемшіліктерге ішің ашиды. Білуімізше, МӘМС жүйе­сінде сақ­тандырылған адам­дар міндетті әлеу­меттік меди­ци­налық сақтандыру ұсы­натын меди­ци­налық көмектің кеңейтілген спектрі­не ие болады. Яғни МӘМС про­фи­лактикалық медициналық тексерулер; учаскелік дәрігердің нұсқауы бо­йынша арнайы ма­ман­данған дәрігердің қабыл­да­уы және кеңес беруі; созылмалы дертке шалдыққан жан­дар­дың бейінді мамандардың бақы­лауында болуы; уә­кі­летті орган бекіткен тізбе бойынша халық­тың жекелеген санаттарына шұғыл және жоспарлы нысанда стоматологиялық көмек көрсету; халықтың белгілі бір категориясына шұғыл және жоспарлы түрде сто­­матологиялық көмек көрсету; диаг­­ностикалық қызметтер, оның ішінде ла­бораториялық диаг­­­­ностика (УЗИ, рентген, КТ, МРТ)­;­ ма­­мандандырылған, соның ішін­де жоғары технологиялы, стационарлық медициналық кө­мек; ме­ди­циналық оңалту; стационарда ма­ман­дандырылған ме­дициналық көмек көр­сету ке­зін­де дәрі-дәр­мек­пен қамта­ма­сыз ету сынды бір­­қатар ме­ди­ци­на­лық қызметті қамтиды.

Биылғы бірінші жарты­жыл­дықта МӘМС-ке 372 млрд тең­ге­ден астам жарна­лар мен аударымдар түсті. Бұл – аталған жүйе­дегі жеңілдік санатындағылар үшін мем­лекеттің төлеген жарналары саналады. Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысында «Әлеуметтік медициналық Сақ­тан­дыру қоры» КеАҚ Басқарма төрағасы Болат Төкежанов биыл­ғы бі­рін­ші жартыжылдықта 372,8 млрд теңге түс­кенін жеткізді. Бұл – жылдық жоспардан түсетін түсімдер жоспарының 53%-на сәйкес келеді. Яғни азаматтардың же­ңіл­дікті санаттары үшін мем­ле­кеттің жарналары 182,1 млрд теңгені ( 2020 жылы осы кезеңде 146,6 млрд теңгені); жұмыс берушілердің аударымдары 94,1 млрд теңгені (2020 жылдың осындай кезеңінде бұл сома 76 млрд теңгені), қызметкерлер 81,8 млрд теңгені (2020 жылы бұл сома 31,3 млрд теңгені); жеке кәсіп­кер­лер мен жеке практикамен айналысатын адамдардың жарналары 7,7 млрд теңгені (2020 жылдың дәл осындай кезеңінде 3,2 млрд теңге); азаматтық-құқық­тық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс істейтін азаматтар МӘМС үшін 3,1 млрд теңгені (2020 жылы аталған көрсеткіш 0,8 млрд теңгені); Бірыңғай жиын­тық төлем төлеушілер өткен 6 ай­дың көлемінде медициналық сақ­тандыру жүйесіне – 760 млн теңге (2020 жылдың осындай кезеңінде – 1,9 млрд теңге); өзіне-өзі төлеушілер санаты 2021 жыл­дың 6 айында МӘМС үшін 3 млрд теңгені (2020 жылдың осындай кезеңінде бұл сома 180 млн теңгені) құрады.

Тиісінше, биылғы бірінші жар­ты­­жыл­дық­та көрсетілген меди­ци­налық көмек көлемінің өсуі, ең алдымен, осы МӘМС есебінен болды. 2021 жылдың бірінші жарты­жылдығының қорытындысы б­о­йын­ша Қазақстанда медициналық кө­мек­тің бірқатар бағытының кө­лемі өсті. Ең алдымен, емхана­лар деңгейінде көр­се­тілетін кон­суль­тациялық-диагнос­ти­калық кө­­мектің көлемі ұлғайды. Кон­суль­та­циялар мен диагностикалық қызметтер саны биыл 2020 жылмен салыстырғанда 31%-ға артты. Осылайша, 70 млрд тең­ге сомасына 41,1 млн қызметтің түрі көрсетілді. Бұл былтырғы бірінші жарты­жыл­дыққа қарағанда 12,7 млн-ға артық. Бірақ көптеген дерек көздері бойынша «Дамумед» жүйесі арқылы адамдарды сыртынан дәрігер қабылдауына жазу байқалады. Бұл да Қор қаржысын мед­ор­та­лықтардың көпе-көрінеу тонауы емес пе?...

Сонымен қатар МӘМС амбу­­­ла­­то­риялық деңгейде дәрі-дәр­­мекпен қам­тамасыз ету мөл­­ше­рін арттыруға мүм­кін­дік бер­ді. Науқастар тегін дәрі-дәр­мек­тер­мен қамтамасыз етіле­тін ауру­лар тізімі 45-тен 138-ге дейін ке­ңейтілді. Сондай-ақ меди­ци­на­лық сақтандыру есебінен елі­міздегі стационарларда жос­парлы түрде 434,3 мыңнан аса ем­делуші ем алды. Бұған МӘМС жү­йесіне барлық стационарлық көмекті қар­жыландыру көлемінің 51,2%-ы ба­ғытталған.

P.S. Биылғы 1 қыркүйекте МӘМС жүйесінде сақтандырылған қазақс­тан­дықтардың саны шамамен 15,7 млн адамды немесе еліміздегі жал­пы халықтың 82,6%-ын құрады. Бұл – аз көрсеткіш емес. Ендігі бас­ты міндет халықтың көңілінен шығатын сапалы қызмет болуға тиіс.