Қоғам • 09 Қараша, 2021

Тұйыққа тірейтін сұйық отын немесе бензин бағасы қалай қалыптасады?

352 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бензин бағасы неге көтеріледі? Мұнайдың үстінде отырып мұндайға неге жол береміз? Жанар-жағармай қымбаттаған сайын көпшілікті толғандырған осы бір сауалдарға жауап іздеп көргенді жөн санадық.

Тұйыққа тірейтін сұйық отын  немесе бензин бағасы қалай қалыптасады?

Коллажды жасаған Амангелді ҚИЯС, «ЕQ»

Елімізде бензин бағасының кезекті рет көтерілгені белгілі. Қоғам тағы да дүрлікті. Сарапшылардың пікірінше, бұған иіні қатты инфляция әсер етіп отыр. Енді бірі баға белгілеу құрылымындағы жағдай осыған жол ашты деп санайды. Тағы бір топ «бензин бағасының шарықтауы – жанар-жағармай стансаларының кезекті айла-шарғысы» деген пікірді алға тартады. Жасыратыны жоқ, жанар-жағармай стансаларындағы бензин бағасы 2021 жылдың наурыз айынан бері өсіп келеді. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында АИ-92 бензинінің бір литрі 150 теңгеден 180 теңгеге дейін көтерілді. Әсіресе соңғы апталарда баға 3-8 теңгеге өскен.

Отандық мұнай өңдеу зауыттары қайта жаңғыртудан өткені белгілі. Осылайша, 2018 жылдан бастап зауыттар ішкі нарықты толықтай қамтитын деңгейге жетті. Тіпті, экспорттық өнім көлемін де айтарлықтай ұлғайтты. FinReview.info сарапшыларының пікірінше, енді отандық зауыттар бензинді ішкі нарықтың қажеттілігінен 24 пайызға артық өндіре алады. Ал бензин тапшылығы жуық арада тіркелмейді деген болжам бар. Дефицит кем дегенде 2032 жылы орын алады деп кү­тілуде. Әлбетте, бұл еліміздің мұ­най-газ секторы үшін маңызды. Өйт­кені, қымбат бен­зиннің импор­ты 32 есе қыс­қа­рып отыр. Қарапайым қи­сын­ға сал­саңыз, мұндай жағ­дайда біз­дің ел ішкі нарықтағы бензин баға­сын өздігінен реттеп, халықты арзан өніммен қамтамасыз етуі керек. Бірақ шынайы жағдай мүлде басқаша.

Соңғы үш жылда мұнай баға­сы айтарлықтай өзгерді. Бен­­зин бағасы да бір орында тұрған жоқ. Әсіресе, 2017 жыл­дың қазаны мен 2021 жыл­дың сәуі­рінде бағаның күрт көтеріл­гені есімізде. Ал қалған уақытта бір­тін­деп көтерілумен болды. Демек мұнайдың құны бензиннің бағасына анау айтқандай қат­ты әсер етпейді. Өйткені мұ­най өндіруші компаниялар ішкі нарыққа мұнайдың 20-50 пайы­зын өзіндік құны бойынша, яғни бір баррелін 25-30 доллар шегінде жеткізеді. Бензиннің бөлшек саудадағы құны зауыттан жанар-жанармай құю стансасына дейінгі барлық шығын­ды қоса есептегенде, мұнай өңдеу зауы­тын­дағы көтерме бағаның не­гізінде қалыптасады. Яғни баға бензиннің мұнай базасында сақталуын, операциялық шы­ғыс­тарды, салықтарды, банктік қызмет көрсетуді, қосылған құн салығын, еңбекақыны, алыс-беріс маржасын қоса есептеудің нәти­жесінде қалыптасады. Ал баға бел­гілеудегі мұнайдың үле­сі 11-14 пайыздан аспайды. Ал жанар-жағармай құю стан­­­са­ларының таза табысы әр литрі­не 1-3 теңгеден айналады. Демек стансалар ішкі нарық­тағы сұраныстың жоғарылығынан ғана табысқа кенеледі.

Бензин бағасына тікелей әсер ететін фактор бірнешеу. Біріншіден, бензин ETS тауар биржасында сатылады. Әуелде елде өндірілетін бензиннің шамамен 10 пайызы биржа арқылы сатылса, кейін оның көлемі 15-20 пайызға дейін ұлғайтылды. Деректерге сүйенсек, тауар биржасы арқылы АИ-92 және АИ-95 маркалы 499 мың тонна бензин сатылған. Сауда-саттық нәтижесінде баға индикаторлары қалыптасатыны белгілі. Алғашқы сауда-саттық 2021 жылғы наурызда басталды. Содан бері оның бағасы 24 пайызға өскен.

Доллар бағамы да бензин бағасына тікелей әсер етеді. Бұл – екінші фактор. Мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту үшін шетел валютасымен қарыз тартылғаны белгілі. Енді мына бір қызықты қараңыз. Егер доллар өссе, онда зауыттардың міндеттемелері де көбейеді. Осылайша, бензин бағасы да өседі. Ұлттық статис­тика бюросының деректеріне сүйенсек, өндірістік қуатты арттыру үшін негізгі капиталға тар­тылған инвестиция 6,4 млрд теңге көлеміндегі қарыздан тұра­ды. Ал доллар бағамы наурыз айынан бері 417 теңгеден 429 теңгеге дейін өсті.

Аңғарған болсаңыздар, біздің елде бензин нарығындағы тап­шылық мұнай өңдеу зауыт­тарының бірі күрделі жөндеу жұмыстарына жабылған кезде ғана орын алады. Демек бұл да бензин бағасына әсер ете­тін факторға жатады. Мәсе­лен, Атырау мұнай өңдеу зауы­тын­дағы жөндеу жұмыстары электр энергиясын жеткізудегі іркілістерден кейін басталды. Осының салдарынан кейбір технологиялық қондырғылар апаттық жағдайда жұмысын тоқ­татты. Осы жылғы қаңтар айы­ның өзінде зауыт 20 реттен астам істен шығып, қайта қосыл­ған. Электр энергиясы жет­пейтіндіктен осындай жағ­дай орын алған. Ал оның салдары тіпті жаман. Жабдықтар тех­но­логиялық тұрғыдан істен шы­ғады. Мұнай өңдеу көлемі төмен­дейді. Өнім жеткілікті көлемде шығарылмайды. Ең жаманы, зауыт жоспарсыз уақыт­та жөндеуге жабылады. Өнді­рісті жоспардан тыс тоқтату салдарынан Батыс Қазақстан облысында отын қорының тапшылығы туындады. Ел іші содан дүрлікті. Баға да «бағынбай» кетті. Ішкі на­рықтағы жүктемені азайту үшін Павлодар және Шымкент зауыт­тарындағы жоспарлы күрделі жөндеу жұмыстарының мерзімі кейінге шегерілді. Түптеп келгенде, осының бәрі тұтас процесті жүрісінен жаңылдырады.

Бензин бағасындағы басты фактордың бірі – сұраныс пен ұсыныстың ара қатынасы. 2015 жылға дейін бензин бағасы мемлекет тарапынан реттеліп келді. Бастапқыда әкімшілік бақы­лау шаралары сату бағасын тіке­лей белгілеп беріп отырды. Бі­рақ 2011 жылдан бастап олар рұқ­сат етілген шекті бағаны анық­тау­мен ғана шектелді. Өткен он­жыл­­дықтың ортасынан бастап бұл шаралар жойылып, нарық ер­кін айналымға көшті. Яғни түп­кі­лік­ті баға қазір сұраныс пен ұсы­ныстың көлеміне байланыс­ты қалыптасады. Мемлекет бұдан былай бұл процеске араласпайды және бензин саудасына субсидия бермейді. Дегенмен, мемлекет баға өсімін тежейтін кей­бір шектеу шараларын өзінде қалдырды. Мысалы, мұнай өндеу зауытындағы мұнай бұрынғыдай нарықтық бағамен емес, өзіндік құны бойынша жеткізіледі.

Бензин – әлеуметтік маңы­зы бар тауар. Сондықтан оның қым­баттауы басқа да тауар­лар мен қызметтер бағасының өсуі­не жол ашады. Яғни инфля­ция­ның өсуіне, халықтың тұ­тыну қабілетінің төмендеуіне алып келеді. Айналып келгенде осының бәрі ұлттық экономика­ға соққы болып тиеді. Сондық­тан мұнай өңдеу зауыттарының жүктемесін азайту – мемлекет үшін стратегиялық міндет. Бірін­ші кезекте зауыттардың басын­дағы кредитті азайту маңызды. Бұған инвестициялық қаражат тарту есебінен қол жеткізуге болады. Ол үшін халықаралық қар­жылық байланыстарды рет­теу керек. Бірінші кезекте Астана халықаралық қаржы орта­лы­ғының мүмкіндігін тиім­ді пайдалану қажет. 2021 жыл­ғы 1 маусымдағы жағдайға сәйкес, қаржы орталығының қатысу­шылары қаржы технологиялары, құрылыс, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі салаларын да­мыту­ға 1,6 млрд доллар кө­лемін­де инвестиция салған. Сон­дық­тан халықаралық қаржы орта­лы­ғының мүмкіндігін мұнай-газ секторында да кеңінен пай­даланған абзал.

 

 

Соңғы жаңалықтар

Көлікпен дәулет құраған

Қоғам • Бүгін, 10:40

Әлжанның алтын медалі

Таным • Бүгін, 10:20

Ақылды келіншек

Ең қысқа әңгіме • Бүгін, 10:00