Аймақтар • 10 Қараша, 2021

Жетісуда Жамбыл облысының мәдени күндері өтті

454 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жетісу жерінде Жамбыл облысының мәдени күндері өтті. Бұл шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы аясында ұйымдастырылды. Талдықорған төріндегі кездесуде киелі Тараздан келген өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашып, мәдениет қызметкерлері рухани көрме өткізді.

Жетісуда Жамбыл облысының мәдени күндері өтті

Алдымен Жамбыл облысы әкімі­нің орынбасары Дәулет Кәрібек бас­тап келген делегацияны Алматы об­лы­сының әкімі Амандық Баталов қа­былдады. Облыс әкімдігінде өткен жиын барысында өңір басшысы Амандық Баталов ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңындағы облыс жетістіктері, екі өңірдің бұрыннан қа­лыптасқан байланыстары, Жамбыл Жабаевтың мере­тойына арналған шаралар жайлы қысқаша баяндап берді.

– Жамбыл облысымен біздің өңір­аралық байланысымыз бұрыннан қа­лыптасқан. Бұдан бірнеше жыл бұрын біздің облыс Таразда мәдени күнде­рін өткізсе, бүгін, міне, өздеріңіз өнер көшін Жетісуға әкеліп отырсыздар. Екі өңірге де тән ортақ құндылық­тар, ортақ шаралар бар. Жамбыл бабамыз екі облысқа ғана емес, күллі қа­заққа ортақ тұлға. Бұған дейін жыр алыбының музейін жөндеуден өткізсек, мерейтой қарсаңында Мәде­ниет және спорт министрлігі бұл нысанды қайта жаңғыртуды қолға алды. Жамбыл ауылын, көшелерін абаттандырдық, мәдениет үйіне күр­делі жөндеу жасап жаңарттық. 114 млн теңге бөліп, 30 том кітабын шығардық. Осының бәрі облыс экономикасының жақсарға­ны­ның арқасында атқарылып жатыр. Соның нәтижесінде әлеуметтік салаға көп көңіл бөлініп келеді, – деп атап өткен облыс әкімі Амандық Баталов өңірдің дамуы жайлы бірқатар ша­раны әңгімелеп берді.

Мұнан соң Жамбыл облысы әкі­­мі­нің орынбасары Дәулет Кәрі­­бек жылы қабылдау үшін облыс бас­­шы­лығына, жетісулықтарға риза­шы­­­лы­ғын білдіріп, облыс әкімі Бер­дібек Сапарбаевтың сәлемін жеткізді.

– Жетісуға сапарымызды Жамбыл бабамызға тағзым етуден бастадық. Басына барып дұға еттік, музейін тама­­шаладық. Елбасының «Атамекен» та­рихи-мәдени музейін, Үшқоңырда­ғы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін көрдік. Жетісу өңіріне келеген делегация құрамында 150-дей адам бар. Биыл 6 мың га жерге қант қызылшасын ектік. Осындай шаруашылық жағынан болсын, өнер алмасу жағынан болсын қос өңірдің өзара әріптестік байланысы нығая берсін, – деді Дәулет Кәрібек.

Қабылдаудан кейін мәдениет күні Б.Римова атындағы драма теат­рын­да Кенен Әзірбаев атындағы Жам­был об­лыстық филармонияның концер­тімен жалғасты. Концертте облыс әкі­мі көпшіліктің алдында деле­га­ция­ны Жетісуға арнайы жібер­ген Жам­был облысының әкі­мі Бер­дібек Сапар­баевқа ыстық ықы­ласын білдіріп, өнер­паз­дардың шығар­машылығына табыс тіледі.

Атап өтсек, мәдени күндер аясында жам­былдықтар Б.Римова атындағы драма театрында «Тараз – Ұлы дала­ның көне шаһары» атты жылжымалы көрме ұйымдастырды. Ал жамбылдық кітапхана қызмткерлері «Өткені – өне­­ге, бүгіні – бекем, болашағы – жар­­­қын Жамбыл өңірі» атты жыл­жы­малы мәдени шара өткізді. Делегация мүше­лері Жамбыл Жабаев ескерт­кіші­не гүл шоқтарын қойып, ақынның музе­йін аралады. Мәдени шаралар одан әрі жалғасып, А.Тоқпанов атын­дағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры жетісулық көрерменге «Жам­былдың қызыл жолбарысы» атты қойылымын ұсынды.

 

Алматы облысы