Руханият • 10 Қараша, 2021

Ағайынның татулығы – ұлттың олжасы

808 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» газетінде 29 қыркүйек күні жарияланған Бекен Қайратұлының «Қазақтың ағайынгершілігі» атты мақаласын қызыға оқып шықтым. Маған қатты әсер етті. Автор қазағымыздың қанына сіңген жақсы қасиеттерді дәлел-дәйекпен тамаша баяндап берген.

Ағайынның татулығы – ұлттың олжасы

Адал ағайынгершілік қа­рым-қаты­настарды өмірде күн­де көріп жүрміз. Бірақ соған тиісті мән бермейтін және оның тәлімді жақтарын ке­йін­гі ұрпаққа өнеге етпейтін сияқ­тымыз. Әр әулеттің арғы-бер­гі буынында тек өзіне тән бауыр­малдық, жанашырлық, қам­қорлық, тілеуқорлық, татулық сияқты ізгі қасиеттер бар десем, артық айтқандық болмас. Алғашқы ұстаз Ыбырай Ал­тын­сариннің: «Балаға бері­летін бірінші тәрбие ата-анасын, туған-туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады» деуі де содан болса керек.

Қазір менің жасым жетпіс бірден асты. Байқап отырсам, осы өмірімде біздің әулет­те де ағайын-туыс арасын­да ынтымақ, бірлік, бір-бірін қол­дау баршылық екен. Мен ту­ған­да әкем селолық кеңес­тің хатшысы болған. Әкем­нің аты-жөні Қинаят Шай­марданов та, шешем – Мас­кен Оспанова. Бірақ менің туу ту­ралы куәлігімді әкем өз қо­лы­мен Серік Сатыбалдин деп өзге текпен толтырыпты. Оған се­беп: сол кезде аудандық пар­тия комитетінде хатшы бол­ған әкемнің немере апасы Мүнира Сатыбалдинаның екі қызы бар екен де, ұл бала­сы болмапты. Ол өзінің айтқанын екі етпейтін туысқан бауырларына «ендігі сендерден туған ұл бала менікі болады» деген екен. Сондықтан әкем мені сол апасының атына жазып, кейін бермекші болыпты. Шешем көзі тірісінде, бер­тінде бұл жөнінде маған бы­лай деп еді: «Қинаят сені Мү­нира тәтеміздің атына жазып­ты. Бірақ ол туралы маған еш­теңе айтпады да, мен де сұра­ма­дым. Арада бірнеше ай өт­кен­нен кейін ғана айтты. Ен­ді не дейін, ештеңе деген жоқ­пын. Келістім. Апамыз бала ширап, тазарғасын алатын болып жүрді, бірақ кейін ба­ла­ны алуға шын ниет білдір­ме­ді де, сен өзімізде қалдың». Сөй­тіп шешем туған баласы – мені туыстарына беруге еш­қан­дай қарсылық білдір­ме­ген екен. Бұл да шынайы ағайын­гер­ші­ліктің бір белгісі болса керек.

Менің әкемнің Шаймардан деген ағасы болды. Мен бала кезімде әкемнің тегі Шаймар­данов, ал ағасының аты неге Шаймардан деп кейде ойлау­шы едім де, оған, неге екені бел­­гісіз, мән бермейтінмін. Оның сырын кейін, ержеткенде бір-ақ білдім. Сөйтсем, менің атам­ның, яғни әкемнің әкесінің әйелі қайтыс болғаннан кейін, Шаймардан екінші әйелімен еріп келген бала екен. Олардың бір әке, бір шешеден туғандай тату болғандығы сондай – біз олар­дың өгей екенін білмей өс­тік. Біздің үйдің балал­ары­ның бәрі Шай­мар­дан­ды ата дей­тін. Өйткені әжеміз бізге «әке­леріңнен үлкен болса, сендерге ата болады, ал әкелеріңнен кіші болса, ағатай болады» деп тәрбиеледі. Шаймардан атамыз тұрған Қызылқоғам ауылы біздің әкелеріміз бен одан арғы бабаларымыз туып-өскен жер екен. Осы ауылда Павлодар уезінде алғашқылардың бірі болып жаңаша мектептің ашылуына Мүнира апамыздың әкесі, Троицк қаласындағы медресені бітірген, жауапты қызметтер істеген Садуақас Сатыбалдин ұйытқы болған екен. Кейін осы мектепке ағартушы ретінде сол кісінің есімі берілді. Үй­дегі ба­ла­­­лар­дың барлығын үлкен­дер ата­­­ларының мектебінде оқи­­ды деп сол мектепке берді. Оның үс­­тіне әке­міз бө­лім­ше мең­ге­ру­­ші­сі бол­ған Шәм­ші ауылын­­да бас­­тауыш мек­теп қана бол­ды. Сөйтіп біз Шаймардан ата­­мыз­дың тәрбиесін көріп, үйін­де өстік. Әкем жылда күз­де Ресейден екі жылқы ал­ғы­зып, біреуін атамызға соғым­ға беретін. Міне біз – осы әу­лет­тің балалары осылайша аға буынның бірінің біріне деген ынтымағын және үлкендерге деген құрметін көріп өстік.

Ауылда бізбен аталас, жасы әке­мізбен шамалас ағай бол­ды. Біздің үймен бірге ту­ған туыс­тай аралас­ты. Ағай өмір­ден өт­келі бірнеше жыл бол­ды, ал тәте­міздің жасы қазір тоқ­­сан­нан асты. Сонда да бір кезде бар­лық қайнылары мен қайын сің­лі­­леріне қойған атын бір шатас­­тыр­май атайды. Мен оның жа­дының беріктігіне және ұлты­мыз­дың ағайын-туысқа деген құр­метінен туындаған салт­қа бе­ріл­гендігіне қайран қаламын. Өкінішке қарай, бү­гін­де осы тәтеміздей қайын­дарына ат қоятын келін­дерді көрмейміз.

Сөзімнің басында аталған ма­қала­сында автордың: «Әлем­де ағайын­гер­шілікті, туыс­тықты қатаң сақтай оты­рып, ұлт тұтастығы мен қоғам бір­лігін реттеп келген жұрттың бірі – қазақ хал­қы» деуінде үлкен саяси мән жатыр. Өйткені ынтымақ пен бір­лік бәрінен де қымбат. Сол қым­бат қазына­мыз отбасынан, ағайын арасынан бастау алады. Осы орайда хакім Абай: «Кәрісі кімнің жоқ болса, Жасы болар диуана» дегендей, ел ішіндегі ақса­қалдар мен әже­лер­дің ағайын­гершілік ізгі салтымызды кейінгі ұрпақ­қа насихаттап, жаңғыртуы – олар­дың ал­дындағы басты парыздың бірі деп ойлаймын.

Ұлтымыздың өзіне тән бір ізгілікті ерекшелігі – туыстар ара­сындағы аға­йын­гершіліктің тамаша үл­гілері әдебиетіміз бен өнері­мізден жақсы көрініс тапқан. Көрнекті жазушылар Оралхан Бөкейдің «Апамның астауы» әңгімесі, Дулат Исабековтің «Әпке» пьесасы және басқа көптеген шығармалар оған дә­лел. Мұндай халықтық педа­го­гиканың жарқын мысалдары ел ішінде өте мол. Оны тиісті саланың мамандары жинас­тырып, жүйелеп, халықтың игілігіне ұсынып жатса, тұтас ұлт тәр­биесіне қосылған айтулы үлес болар еді.

 

Серік САТЫБАЛДИН,

«Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары

 

Павлодар облысы