Спорт • 10 Қараша, 2021

Толағайлар тартысы

195 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Талдықорғанда ауыр атлетикадан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақ­стан чемпионаты басталды. Бұл бә­секелерде еліміздің ең мықты зілте­міршілері бақ сынап жатыр.

Толағайлар тартысы

Жарыстың алғашқы күні тосын нәтижелер тіркелген жоқ. 55 кило салмақтағы негізгі бәсекелестік шымкенттік Арли Чонтей мен талдықорғандық Абылай Әуелханов арасында өрбіді. Екеуі де өте мықты спортшы. 29 жастағы Арли – Азия чемпионы, әлем чемпионатының күміс және Дүниежүзілік универсиаданың қола жүлдегері. 18 жастағы Абылай жастар арасындағы әлем бірін­шілігінің жеңімпазы, Әлем кубогының иегері, құрлық біріншілігінің күміс жүлдегері. Бұл тартыста тәжірибелі Чонтей жеңіске жетті. Қоссайыс қорытындысы бойынша ол 257 (116+141) кило салмақты еңсерді. Күміс ме­дальды мойнына ілген Әуелхановтың көр­сеткіші – 246 (109+137) кило.

Өзге салмақтарда мына спортшылар жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді: Ерлер: 61 кило – Алексей Дроздов, 67 кило – Ақмолда Сайрамкез. Әйелдер: 45 кило – Юлия Потасова, 49 кило – Наталья Щупакова, 55 кило – Әйгерім Әуелбек және 59 кило – Гүлнұр Ыбырай. Бұл зілтеміршілердің барлығы да Алматы облысынан.