Қазақстан • 10 Қараша, 2021

Бекем бауырластық белестері

892 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Биыл тамырлас түркі мемлекеттерінің тәуелсіздіктеріне 30 жыл толып отыр, ал ежелден еншілес, көршілес қонған елдеріміз ең әуелі бауырластарымен байланыс орнатқанын, бірін-бірі танып, мойындағанын еске алсақ, түркі ынтымақтастығына да 30 жыл деуге толық негіз бар.

Бекем бауырластық белестері

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған Түркі кеңесі, Түрксой, ТүрікПА, Халықаралық Түркі академия­сы сынды ұйымдар бүгіндері беделді һәм тартымды институциональдық құ­рылымдарға айналды. Өзге де мүше­лермен толыққан Түркі кеңесі іргелі ұйымға айналу үстінде. Сондықтан Мем­ле­кет басшыларының алдағы сам­митін­де талқыланатын һәм қабылдана­тын шешімдерге бауырлас елдердің терең назар аударуы тегін емес.

Жалпы, «жалғыздың үні шықпас» дегендей, жаһандану дәуірі елдер мен халықтарды бір-біріне жақындастырып, түрлі бағытта ынтымақтасуға кең жол ашқаны белгілі. Қазіргі адамзат ортақ құндылықтарды ізгілік рухта дәріптеп, үндестік пен үйлесімді, ортақ мүдделерді арқау етіп, парасатты өмір сүруге алғы­шарттар жасауға талпынып отыр. Осы мақсатта алуан түрлі мүдделерді тірек еткен көптеген халықаралық жаңа ұйымдар дүниеге келді. Олардың кей­бірі тарихи тілдік-туыстық қатынасқа негізделсе, қайсыбірі табысты экономи­ка­лық мүддені көздейді, сондай-ақ ар­аларын­да тағдыр қосқан құдайы көр­ші­лік қатынасты өзек еткендері де аз емес. Соның ішінде Қазақстан егемен­діктің елең-алаңынан бастап көпжақты ынтымақтастықты қолдап, тату көршілік пен дәстүр сабақтастығын негіз еткен көптеген халықаралық ұйымдарға бастамашы болғаны белгілі. Осылардың ішінде, тарихи тамырластық пен терең туыстыққа негізделген, тату көршілік пен аймақтық тұтастыққа тұтқа болатын, экономикалық табыс пен ортақ мүддеге серпін беретін түркі ықпалдастығының жолы даңғыл деуге дәйек жеткілікті.

Егемендікпен бірге есейіп, азаттық­пен бірге асулардан асқан бекем бауыр­ластық қысқа мерзімде табысқа жетіп, жаңа биікке көтеріліп отыр. Бауырлас елдердің тәуелсіздігімен бірге тәй-тәй басқан ынтымақтастыққа деген үкілі үміт уақыт сынынан өтіп бүгіндері нәрлі жемісін бере бастады.

Түркі әлемін кеңістіктер мен заманалар, дүниені бөліске салған жүйелер мен қатал режімдер алшақтатқанымен, оларды тамырлы тарих, қазыналы мәдениет, ана тілі, ата ділі әу бастан тұтастырып келді, бұл қасиеттер қайта түлеуге де алтын арқау болды. Екіншіден, түркі әлемі ортақ мүдделер тоғыстырған бірыңғай экономикалық кеңістік деуге болады. Расында, сауда-экономикалық байланыс­тар – интеграцияның қозғаушы күші. Осы орайда елдеріміздің экономикалық байланыстарының бірін-бірі толықтыра түсетініне назар аударуымыз керек. Үшіншіден, түркі әлемі – Алтайдан Ақтеңізге, Байкалдан Балқанға дейін созылып жатқан ұлан-ғайыр аймақ. Мәселен, Орталық Азиядағы бауырлас мемлекеттер құрлықтың бел ортасына орналасқандықтан мұхитқа шығу­ға жолы жоқ болса, керісінше Түркия төрт тарабы теңізбен қоршалған ел. Бұл мүмкіндіктер де еншілес елдерді ынтымақтастыққа ынталандырады. Бұған қоса, түркі әлемінің Азия мен Еуропа арасындағы жайыла қоныстануы оның Шығыс пен Батыс арасындағы тасымал жолдары тұрғысынан да маңыз­ды­лығын арттырады. Басқаша айтқан­да, тоғыз жолдың торабына айнал­ған түркі әлемі үшін бүгінде жаңғырған Жібек жолының да, Каспий дәлізінің де маңызы ерекше. Заманауи тұрғыдағы Жібек жолы тарихи жолдың орнын темір жолдармен, байланыс желілерімен, энергетика дәліздерімен және табиғи газ құбырларымен толықтыруда. Бұл тұтастық Шығысқа да, Батысқа да ың­ғайлы. Мысалы, Қытайдың батысында өндірілген тауарды теңіз жолы арқылы Батыс Еуропаның кемежайларына тасығаннан құрлық және темір жолымен Қазақстан арқылы жеткізгенде жол 16 тәулікке қысқарады. Сондықтан эконо­микалық байланыстар дамуының арқасында туыс республикалар арқылы өтетін жаңа және тиімді заманауи Жібек жолы үшін қажетті жағдайлар жасалды. Сол себепті елдеріміздің транзиттік әлеуеті бірлескен экономиканың өсу қайнарына айналуы ықтимал.

Бұл интеграциялық үдерістің қай бағытта ілгерілеп бара жатқанын отыз жыл­дық даму үдерісіне зер салсақ бай­қалады. Ағайын елдер азаттығын жария­лау­мен бірге олар жаңа интеграциялық кезеңге қадам басып, қанатқақты ма­ңыз­ды жобаларға жол ашылды. 1992 жылы мемлекет басшыларының Анкара саммитінен бастау алған интегра­ция үдерісін жалпы алғанда төрт кезең­ге бөлуге болады. Бұл кезеңдерде ынты­мақ­тастық қарқынды дамып, уақыт өте келе құрылымдық сипатқа ие болды.

Егемен елдеріміздің бекем бауырлас­тығының келешегін алғашқы саммитте әсірелеуге ұрындырмай, оның болашақ бағытын байыпты байсалдылықпен айқындаған Елбасы бұл достық қаты­нас­тардың өзара терезесі тең, басқа ел­дермен, әлемдік қауымдастықпен бай­ланысқа кедергі келтірмейтін, өзара мүдде мен сенімге, шынайы бауырлас­тық пен сыйластық рухта дамуының болашағы зор болатынын тұжырымдаған болатын. Көреген көшбасшы тарапынан қалыптастырылған түркі интеграция­сының осынау байыпты үлгісі болашақ табыстарға жетудің кілтіне айналғанын көруге болады.

Сондықтан 1992-1998 жылдар ара­лығында рухани-мәдени байланыстар қарқынды нығайып, халықтарымыз­дың бірін-бірі жақыннан тани түсуі­не бере­келі қадамдар жасалды. Алды­мен Түркі­станда Қожа Ахмет Ясауи университеті ашылды. Түркия бауырлас елдердің жас талапкерлеріне стипендия беріп, олардың үздік университеттерде білім алуына жағдай жасады. Сонымен бірге Түркі мәдениеті мен өнерінің жүйелі насихатталуына мұрындық болатын ТҮРКСОЙ ұйымы құрылды.

Ал 1998-2006 жылдардан түркі елдерінің байланыстары экономикалық ынтымақтастық саласына қарай пәрмен­ді өрістеді. Бұл кезеңді «Экономика­­лық ын­­ты­мақтастық кезеңі» деуге болады. Тәуелсіздігін алған елдеріміз түрлі қиын­­дықтарды еңсеріп, мемлекеттік тү­зім-жар­ғысын қуатты қалыптастырып, на­рық­­тық жүйеге табысты өтуге қадам басты. Қазақстанның жаңа елор­да­сы­ның ашылу салтанатымен қабат өткен 1998 жылғы басқосу әлеуетті сау­да-экономикалық қатынастарға зор мүм­кіндіктер бар екенін көрсетуімен іскер­лік тетіктерге жол ашты. Елдер ара­сын­дағы қаржы, жеңіл өнеркәсіп, құры­лыс салаларындағы ынтымақтастық қарқынды өркен жая бастады.

Екімыңыншы жылдардың орта шенінде ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді. Біраз үзілістен кейін, атап айтқанда 2006 жылғы Анталия сам­митінде Елбасы Н.Назарбаев инте­гра­ция­лық үдеріске құрылымдық сипат беру бастамасын тағы да көтерді. Бауыр­лас елдер көшбасшыларының сам­мит­терде қабылдаған шешімдерінің орын­далу барысын қадағалап отыратын хат­шылықты құрудың кезі келген еді. Осы бастама 2009 жылы тарихи Нахчыван саммитінде жүзеге асып, Түркі кеңесі өмірге келді. Бұдан былай мемлекет басшыларының басқосулары «Түркі кеңесі саммиті» болып атала бастады. Сол себепті 2009 жылдан кейінгі жаңа кезеңді «Құрылымдық ынтымақтастық» деп сипаттауға болатын секілді.

Міне, осы кезеңде Түркі кеңесімен қатар, Түркі елдері парламенттік ассамблеясы ТүрікПА, Түркі әлеміндегі ғылыми-гуманитарлық байланыстарды үйлестіретін Халықаралық Түркі ака­демиясы құрылды. Осылайша, бауыр­ластық жаңа кезеңге аяқ басып, жүйелі және құрылымдық сатыға көтерілді.

Ағайын елдердің жан-жақты дамы­ған жарасымды ынтымақтастығы әлем­дік қауымдастықта оң пікірлер тудырып, қазіргі таңда Түркі кеңесі мен қанат­тас ұйымдардың халықаралық беделі арта түсті. Өзбекстанның мүше, Мажарстанның Кеңеске бақылаушы болуы ынтымақтастықтың қанатын кеңітті. Осыған орай Орталық Азия­дағы ықпалдастық та серпін ала бас­тады. 2017 жылы басталған Орта­лық Азия елдері басшыларының Консуль­тативтік кез­десуі жыл сайын тұрақты ұйымдас­тыры­лып, өз жемісін бере бастады. 2021 жыл­дың 6 тамызында Түрікменстанның Аваза қаласында өткен Орта Азия елдері президенттерінің саммитіне БҰҰ өкілінің қатысуы алқалы жиынның жоғары деңгейде болуының көрінісі.

Осылайша Түркі әлемінде рухани-танымдық тұрғыдан үлкен өзгеріс­тер басталғаны байқалады. Халықтары­мыздың бір-біріне деген бауырластық сезімі күшейіп, ауызбіршілігі арта түскендіктен біртұтас түркі өркениетінің мүшесі екенін айқын сезінетін күнге жетті. Бұл ретте Халықаралық Түркі академиясы әзірлеген «Ортақ Түркі тарихы», «Түркі әлемінің географиясы», «Түркі әдебиеті» оқулықтарының, «Түркі әлемінің тұғырлы тұлғалары», «Түркі әлемінің киелі жерлері», «Түркі әлемі» тарихи-мәдени атласы жобаларының жас ұрпаққа берер тәлімі мол екенін тараптар қолдап отыр. Бұл ретте ЮНЕСКО-мен бекем байланыс орнатып, БҰҰ алқалы жиындар өткізген, ИСЕСКО-ға бақылаушы мәртебесін алып, Ислам Ынтымақтастық Ұйымының Ғылым және технологиялар жөніндегі тұрақты коми­тетімен әріптестік орнатқан, Ма­жар­стан мен Моңғолия сынды елдермен ынтымақтастығын тереңдеткен Түркі академиясының жаңа, еңселі ғимаратқа көшуі де қара шаңырақ қазақ елінің бұл ынтымақтастыққа деген қолдауын айғақтайды.

Міне, бүгінгі күндері ынтымақтас­тықтың төртінші жаңа кезеңге аяқ бас­қаны байқалады. Бұл кезең бір қыры­нан түркі елдерінің бауырластық бай­ланыстары мен беделінің артуымен сипатталса, екінші жағынан халық­аралық жағдайдың тұрақсыздығы мен жаңа дағдарыс ошақтарының пайда болуымен ерекшеленеді. Ортақ мәде­ниет, экономикалық прагматизм және географиялық жақындыққа негізделген интеграциялық үдеріс табиғи түрде түркі әлемінің халықаралық аренадағы салмағын да арттырады. Осы ақиқатты ескере отырып, жаңа мақсаттарды да белгілеу керек секілді.

Осы ретте Елбасының 1990 жылдар­дың басында айтқан болжамы мен белгі­леген мұрат-мақсаты баршамыз үшін бағдар бола алады: «Әрбір түркі халқы түркілердің мәдени әлеміндегі бөлін­бейтін құрамдас саласы екеніне бар­ған сайын көз жеткізіліп дәлелдене бере­ді... Түркі халықтары жұмылған жұ­ды­рық­­тай болып бiрiккен кезде геосаяси өмір­ге тең құқықты субъект ретінде ық­пал ете алады. Менің ойымша, мұндай ық­пал­дастық құрылымдарының есігі түр­кі халық­тарына, тіпті, түркі емес халық­тар­ға да әрқашан айқара ашық болуы тиіс».

Бұл тұжырымда ықпалдастық бола­ша­ғына қатысты маңызды бағыттар бар. Әлбетте, жаңа кезеңде халқымыз өз­дерін түркі өркениетінің бөлшегі ретін­дегі сезімін күшейте түсуі керек. Жаһан­дық саясат аренасында ірі дер­жа­ва­лардың арасындағы бәсекенің белең алып бара жатқанын ескерсек, еншілес елдерімізге белгілі дәрежеде жауапкершілік жүктеледі. Елдеріміз әр түрлі халықаралық экономикалық, мәдени-гуманитарлық ұйымдардың мү­шесі болуы маңызды. Осындай ха­лық­аралық ұйымдардың шеңберінде түркі мемлекеттері ірі державалар арасында сенім мен диалогтың орнауына шешуші рөл атқара алады. Егер түркі әлемі үйлесімді саясат жүргізетін болса, халықаралық қауіпсіздіктің кепілдігіне айналары хақ. Бұл орайда Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Қасым-Жо­март Кемелұлы Тоқаев биылғы наурызда өткен Түркістан саммитінде «Біздің мақсатымыз – түркі әлемін XXI ғасырда маңызды экономикалық және мәдени-гуманитарлық кеңістіктің біріне айналдыру» деп ынтымақтастықтың келешек даму көкжиегін тұжырымдап берді.

Бұл ретте бекем бауырластықты арқау етіп, Біріккен Ұлттар Ұйымының қағи­­­дат­тары мен жалпыадамзаттық құн­ды­­лық­тарды басшылыққа алып бола­шаққа батыл қадам жасаған түркі елдері­нің ал­дағы алқалы жиыны тәуелсіздіктің отыз жылын түйіндеген жаңа белес болады деп ойлаймыз.