Әлем • 10 Қараша, 2021

Неліктен COP26 конференциясы сәтсіз болады?

183 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

БЕРЛИН. Глазгода өтіп жатқан Біріккен Ұлттар Ұйымының климат өзгеруі жөніндегі конференциясы (COP26) үлкен халықаралық келісімге ұйытқы болуы мүмкін. Бірақ COP26 кезінде қандай тактикалық жетістік жасалғанына қарамастан, оның нәтижесі адамзат үшін стратегиялық сәтсіздікке айналуы ықтимал. Қоршаған ортаны қорғаушы белсенділердің үмітімен салыстырсақ, солай айта аламыз.

Неліктен COP26 конференциясы сәтсіз болады?

Әлем алға қойған мақсат­та­ры­ның бірінен соң біріне қол жет­кізе алмай отыр. Бұл таңға­лар­лық емес. Көмірқышқыл газын мүлдем жоюға уәде берген елдер саны артып келе жатқанына қа­ра­­мастан, олардың осы мінде­ті­не қол жеткізуін жоспарлы түрде орын­дауына сенім аз. Егер алға қой­ған мақсаттарымызды орындай алсақ та, бұл 2015 жылғы Па­риж климаттық келісімінің көз­де­ген нәтижесіне қол жеткізу­ге – жаһандық жылынуды өнер­кә­­­сіп­тік революцияға дейінгі дең­­­гей­ден 1,5 градус асырмауға қауқарсыз.

Климаттың өзгеруі жөніндегі үкімет­аралық панельдің соңғы есе­бін­де планета келесі он­жыл­дық­тың басында 1,5 градус шегіне жетуі мүмкін екені айтылған. Қа­зіргі көпжақты ынтымақтаса әре­кеттесу заң және ғылымға емес, ұлтшылдық, билік саясаты және эмоцияға сүйенетіндіктен, бо­ла­ша­ғымыз бұлыңғыр бола түспек.

«Қырғи қабақ» соғыстың қыз­ған шағында америкалық «Мүм­кін­діктен асып түсу» (The Outer Limits) телехикаясында бір топ идеалист ғалымның жер шарында жат планеталықтар шабуыл жа­сады деп жалған әрекетке бар­­ғаны баяндалады. Олар осы әре­кеті арқылы шартараптың бә­рі­не ортақ жау барын көрсетіп, жер-жаһан елдерінің басын біріктіріп, ядролық ақырзаманды болдырмауды көксейді. Жойылып кету ықтималдылығымен бетпе-бет келгенде, Кеңес Одағы мен Аме­ри­ка Құрама Штаттары өз назарын бәсекелестіктен бұрып, ортақ жау­ға қарсы күресіп, аман қалуға ауда­рады.

Қазіргі таңда ешкімге мұндай «ор­тақ жау» ойлап табудың қажеті жоқ. Климаттың өзгеруі кез келген бөгде планеталықтың шабуылы секілді үлкен қауіп төндіреді. Бірақ мемлекеттер көш­басшылары ұсақ бәсеке­лес­тік­ке бола оған мән бермеу былай тұрсын, климаттың өзгеруін үгіт-насихат соғысында жан-жақ­ты қару ретінде қол­да­нып отыр. Бразилия мен Аустралиядан бастап Қытай мен АҚШ-қа дейін­гі елдер жаһандық жы­лыну­­ға бейімделу үшін бөлін­ген шығын­ды басқа салаға аудару мақ­сатын­да келіссөздер жүргізуге ты­рысып жа­тыр.

Мәселен, Бразилия билігі Ама­зон­кадағы тропикалық ормандар­ды отауын тоқтатқаны үшін әлем­нен өтемақы сұрап отыр. Қытай басшысы Си Цзиньпин COP26 кон­ференциясына видео арқылы сә­лемдеме жолдады. Ал Ресей пре­зиденті Владимир Путин мүл­дем келген де жоқ.

Өз кезегінде дамыған мемлекеттер, соның ішінде климаттық іс-қимылға дайынбыз деп мақта­ныш­пен мәлімдейтін алпауыт державалар дамушы елдерге жыл сайын климаттың өзгеруіне бе­йім­­делу үшін 100 миллиард дол­­лар бөліп отырамыз деген уәде­­сін орындаған жоқ. Тіпті қара­жат­ты берген күннің өзінде, бұл жет­пей­тін еді.

Дамыған мемлекеттер басқа ел­дер­дің әрекетін өзгертудің бар­­­ған сайын мәжбүрлі әдістерін ойлап тауып отыр. Батыс елдері және көпжақты даму банктерінің көп­­ші­лігі көмір өндірісін қаржы­лан­­дыруды тоқтату жөніндегі мін­деттемелері (бұған таяуда Қы­тай қосылды) электр қуатына сұ­раныс тез өсіп жатқан дамушы мем­лекеттердегі электр желілерін ке­ңейту мүмкіндігін шектейді.

Сондай-ақ ықпалды елдер Ха­лық­аралық валюта қорын кедей елдер­дің қарыздарын жеңілдету үшін, сондай-ақ оның арнайы қарыз алу құқықтарын (ХВҚ-ның резервтік активі) белгілеуде жасыл экономикаға көшу шартын мін­­деттеуге шақырды. Еу­ро­па­лық одақ­тың көміртегі ше­ка­ра­сын рет­теу механизмі Аф­ри­ка мен Шығыс Еуропадағы пар­никті газдарды аз шығаратын ел­­дерге пропорционалды түрде зиян тигізеді. Бұл механизм Еу­ро­­паға тауар экспорттайтындар­ды жасыл өндіріске көшуге мәж­бүр­леуге арналған саудалық емес тосқауыл.

Бұл көмірге тыйым салу, жа­сыл қар­жыландыруды және көмір­тегі ба­ғасын бекіту емес. Керісінше, мұн­дай әдіс жаһандық эконо­ми­каның жұмысын өзгертуде шешуші рөл атқарады. Бірақ дамушы мемлекеттерге тигізетін (өте ауыр) зардаптарды естен шы­ғармау қажет. Оның орнына әлем­нің дамушы бөлігін өзгеріске бе­йімдеуді қолдауға бағытталған жа­ңа, ауқымды мәміле жасауымыз керек.

Кеңірек айтқанда, климаттың өз­ге­руімен күресу бойынша кез кел­ген көпжақты келісім жекелеген елдердің еркіне тәуелді бол­май­тындай, халықаралық құқық­пен реттелуін қамтамасыз етуіміз керек. Ал шешім қабылдау саяси ұрандар емес, ғылыми ақиқатқа негізделуі керек.

Климат жөніндегі Париж келі­сі­мінің алғышартын қалып­тас­тырған 1997 жылы қабыл­дан­ған Киото хаттамасы осындай көз­қарасқа жалпылама түрде сәйкес келеді. Құжат әлемнің ең үздік ға­лым­дары белгілеген халық­ара­лық мақсаттар заңды түрде міндетке айналған көпжақты шарт ретінде тіркелді. Бірақ хаттаманың көп­те­ген кемшілігі бар еді, сон­дықтан ұзақ­қа созылған жоқ.

Париж келісімі мүлде басқаша сипат алды. Құжат триумф ретінде бағаланды, өйткені жиын кезінде келісімге қол жеткізуден үміт аз-тұғын. Бірақ жиын барысында ауқымды мәміле жасалды. Онда «Ұлттық деңгейде анықталған жарналар» деп аталатын шартты міндеттемелер көрсетілді. Әлем елдері климаттың өзгеруімен кү­ресу үшін бірлесіп жұмыс іс­теп жатырмыз деп сылтауратып, бұған дейін жүргізіп келген энер­гетикалық саясатты жал­ғастыра берді. Таңғалудың қа­же­ті жоқ, қазіргі таңда шартты міндеттемелер алға қойған мақ­сат­қа қол жеткізуге мүлдем жара­май­ды.

Әрине, климаттың өзгеруіне байланысты өткізілген COP сам­миттері жаһандық жылы­ну­ға қар­сы күреске көбіне про­це­ду­ра­лық, қызықсыз және техникалық үлес қосса да, маңызға ие. Бірақ зымиян әрекет пен саяси билік нақты прогреске кедергі келтірді. Есеп берушілік пен ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында конференцияларда айтылғандардың орындалуын бақылаған бұқара­лық ақпарат құралдары мен азамат­тық-қоғамдық орта келіс­сөз жүргізушілерге міндетін орын­­дау­ға жиі кедергі келтірді.

Бәрінен бұрын, COP саммит­те­рі әлем елдерiне ортақ тағдыр туралы пікір қалыптастыру былай тұрсын, күш саясатын ұстануға мүмкiндiк беретiн жаһандық басқару моделiн қалыптастыра алмады. Ендеше, бұл жолы бәрі басқаша болады дегенге сенуге негіз жоқ.

Әрине, мәселе БҰҰ-ның кли­мат­тың өзгеруі жөніндегі конференцияларымен шектеліп қал­майды. Экономикалық жаһан­да­ну миллиондаған адамды кедей­ліктен құтқарғанымен, бай­лық­тың шоғырлануын күшейтті. Осы тұрғыдан қарасақ, ортақ мүдделерді ілгерілетуге күш-жігер салуға ниет білдіретіндер азаятыны түсінікті.

Бұған әлеуметтік желілерде тараған қызғаныш психологиясын қосыңыз. Әрі адамдардың назарын жаһандық тәртіптегі салыстырмалы позициясынан ортақ мүддеге бұру қиындай түсті. Мұндай үрдістер биліктің күшіне сенімді әлсіретіп, кез келген ше­шімге қатысты пессимистік пікір­ді күшейтті.

Мұның нәтижесі әлеуметтік ға­лымдар ұжымдық әрекет мәсе­лесі деп атайтын ұғымға келеді. Көшбасшылар да, азаматтар да қысқа мерзімді стратегияның ең ұтым­дысы мәселеге аз ғана бас қатырып, оны басқалар шешеді деп үміттену деп есептейді. Бірақ әлем ысып бара жатыр.

 

Марк ЛЕОНАРД,

Халықаралық қатынастар жөніндегі Еуропалық кеңестің негізін қалаушы және директоры және The Age of Unpeace (Bantam Press, 2021) кітабының авторы

 

Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org