Демократиялық бағытты ұстанатын Нью-Джерси штатында өткен өте күрделі губернаторлық сайлау кезінде Вирджиния штатында республикашылар жеңіске жетіп, демократтардың қандай қиындыққа тап келгені анық көрінді.
Конгрестегі қос партия 5 қарашада, жұма күні түн ортасы кезінде қабылдаған 1,2 триллион долларлық инфрақұрылымдық заң жобасы қашан күшіне енетінін біраз уақытқа дейін білу мүмкін емес.
Өте бай, бұрынғы бизнесмен Гленн Янгкин (сайлауға түскенде кеткен қаражатты өзі көтерді) Вирджиния губернаторлығына талас кезінде өте сәтті, әсіресе саясатқа тыңнан қосылған адам үшін тиімді науқан жүргізді. Янгкин республикашыларға кездескен мәселені, яғни Дональд Трамппен күрескенде оларға қарсы жұмыс істеуі мүмкін болған түйткілді оңай тарқата білді. Янгкин Д.Трампқа құрмет көрсеткенімен, әсіресе сайланғанға дейін қолдағанымен, оған бас ұрған жоқ. Ол тіпті ашулы Трамптың қаһарына ұшырамай, оны штатқа кіргізбеудің амалын таба білді.
Нәтижесінде, Янгкин Д.Трамптың жақтастарының да, 2020 жылы Байденді қолдауға көшкен қала маңындағы ақ нәсілді әйелдердің де қолдауын иеленді. Янгкин негізінен жергілікті жердегі мәселелерге назар аударды. Атап айтқанда, ата-аналардың жергілікті мектеп жүйесіне көңілі толмауын қаперге алды. Сөйтіп, оны, яғни білім саласын негізгі бағыттың тізіміндегі екінші сатысына жайғастырды (бірінші орында инфляциямен күресуге қабілетті экономика). Мұны ешкім күткен жоқ.
Жергілікті мәселелермен айналысудың орнына, Демократиялық партияның кандидаты, бұған дейін табысты қызмет еткен губернатор Терри Маколифф өз кезегінде Янгкинді Трамптың шәкірті ретінде көрсетуге тырысты. Бірақ бұл тәсіл нәтиже берген жоқ. Өйткені Янгкин Д.Трамптың қолдауынан құтылып кетті. Осылайша, Т.Маколиффтің Д.Трампқа қарсы жасаған соққылары негізінен босқа кетті. Трамп «тағынан тайған» соң, оны қолдаудан бас тартқан басқа республикашылар қайта сапқа оралды. Күтпеген жерден сайлауға рекордтық деңгейде қатысу демократқа қарағанда республикашылар үміткеріне көбірек пайда әкелді.
Оның үстіне, 6 қаңтарда Капитолийдегі тәртіпсіздікке дейін, оқиға кезінде және одан кейін не болғанын білу өте маңызды екеніне қарамастан, халықтың көпшілігі қазіргі сәтті және болашақты ойлауды жөн санайтын секілді. Қазір Трампқа 2024 жылғы президенттік сайлауға қайта түскенде келетіндей қауіп жоқ. Ол мұндай жоспары бар екенін аңғартып келеді. Өйткені оның қиялында өткен саяси бәсекеде қарсыластары дауыс ұрлаған. Солардан кек алуды көздейді.
Янгкин трампизмнен мүлдем бас тартқан емес. Оның сөздері кейін көпшіліктің есіне нәсілшілдік тақырыбын түсірді. Оның пікірінше, бұл білім беру жүйесіне қатысы бар мәселе. Әрі оның нәсілшілдік кейбір көзқарастарды қолдайтынын аңғартады. Орта білім беру тақырыбында ата-аналардың балаларын оқытудағы рөліне тоқталды. Себебі пандемия салдарынан мектептердің жабылып, үйден оқу жүйесі іске қосылғандықтан бұл мәселе күшейе түсті. Маколифф мәселені оңтайлы шеше алмады, тіпті, Янгкинмен пікірталас кезінде қате сөйлегені де белгілі. Демократтар әлеуметтік мәселелерді шешуге қауқарсыз екені аңғарылды.
Вирджиния штатындағы сайлау нәтижесін sui generis, яғни күтпеген жағдай деп санауға болатын еді. Демократиялық бағыттағы Нью-Джерсиде дауыс беру қорытындысында екі партия үміткері соңғы сәтке дейін бір-біріне дес берген жоқ. Сауалдамалар оңай жеңеді деп болжаған қазіргі демократиялық губернатор Фил Мерфи екі күнге созылған дауыс санаудың ақырғы сәтінде жеңімпаз деп танылды (техникалық тұрғыда қорытынды әлі белгілі емес). Трамп секілді республикашыл кандидат Джек Сиаттарелли жеңілісті мойындаудан бас тартты және дауыс беру кезінде алаяқтық болды деп есептейді. Вирджиния республикашылары Янгкин жеңіліп қалса, дәл солай істеуді жоспарлаған еді.
Демократтар үшін мұндай екі жақты қорқыныш олардың басым көпшілігін депрессияға ұшыратты. Сондай-ақ 2022 жылғы аралық сайлаудағы келешегіне қауіп төндіреді. Ол кезде бүкіл Палата мен Сенаттың үштен бірі қайта сайланады. Тіпті келесі 2024 жылғы президенттік сайлауда жеңіске жетуіне кедергі келтіруі мүмкін. Әдетте басым көпшілігі демократтарды қолдайтын қара нәсілділердің салыстырмалы түрде сайлауға немқұрайды қатысуы, колледждік білімі бар ақ нәсілді әйелдердің республикашыларды қолдауы оларды алаңдатады. Партияға кірмейтін Кук саяси баяндамасының өкілі Дэвид Вассерманның болжауынша, егер жағдай осы күйінде қалса, демократтар аралық сайлауда қырықтан астам мандаттан, ал 2024 жылы елуден астам орыннан айырылуы мүмкін.
Маколифф сайлау кезінде Вирджиния сайлаушыларына ұнайтын бір нәрсе қажет екенін түсіндірді. Ол Конгресте демократтардың келіспеуіне байланысты тоқтап қалған триллион долларлық екі инфрақұрылымдық заң жобасын атап өтті. Біріншісі, екі партияның қолдауымен қабылданған «қатты» инфрақұрылым туралы құжат. Екіншісі, дауға айналған «Адам инфрақұрылымы» бағдарламасы және климаттың өзгеруі туралы заң жобалары. Демократтар Конгресте жеңіске жетуі мүмкін (әрең-әрең), бірақ оған әлі ерте.
Байден наурыз айының басында Ақ үйде өткен кездесуде тарихшылардың кеңесін қабылдаған секілді. Яғни үлкен қадамға баратын кез келгенін ұққан тәрізді. Тарихшылар оған «Рашмор тауының жобасы» деп аталатын, АҚШ-тың төрт президентінің Оңтүстік Дакотадағы тауға қашалған әйгілі мүсінін еске салып, Байденнің келесі Франклин Рузвельт немесе Линдон Джонсон болуы мүмкін екенін жеткізді. Осы президенттерден айырмашылығы, Байденнің Сенатта 50 дауыс және Өкілдер палатасында небәрі үш дауыс артықшылығы бар.
Маколиффтің инфрақұрылымдық бағдарламаларды қабылдағанда қайта сайланатын едім деген пікірі күмәнді. «Адам инфрақұрылымы» бағдарламасы оң нәтиже бергенімен, олардың басын қосу демократтарға қиынға соқты. Сондай-ақ сенатордың біреуі құжаттағы кей тұсқа қарсы шығып, демократтарды екіге бөлді.
Демократтардың әрқайсысы Вирджиния мен Нью-Джерсидегі нәтижелерден қалағанын ғана көрді. Бір топ пен президент екі заң жобасын да тез қабылдау керек деп шешті. Ал Батыс Вирджиниядан келген Джо Манчин бастағандар мұны Конгресс екі заң жобасын қабылдауға асықпау керек деп ұқты.
Элизабет ДРЮ,
Вашингтон журналисі, Washington Journal: Reporting Watergate and Richard Nixon’s Downfall кітабының авторы
Copyright: Project Syndicate, 2021.
www.project-syndicate.org