Аймақтар • 11 Қараша, 2021

Ырысты аймақтың сүті мен қаймағы әрдайым сұранысқа ие

194 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жетісуда ет өндірісі мен сүт өңдеу ісі жақсы қойылған. Нәтижесінде, табиғи өнімнің түрлері көбейіп, отан­дық нарық пен шетел тұтынушыларының сұра­нысын өтеу мүмкін болып отыр. Мәселен, қазір облыста 74,1 мың басқа арналған 116 мал бордақылау алаңы, 26,1 мың басқа лайықталған 84 тауарлы сүт фермасы жұмыс істейді. Осының есебінен аймақтағы ет өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 72 пайызға, ал барлық сүт зауытының жүктемесі 85 пайызға жетті.

Ырысты аймақтың сүті мен қаймағы әрдайым сұранысқа ие

 «Сүттен бұлақ ағызған...» дегендей, же­тісулық шаруалардың жемісті ең­бе­гі­нің бір парасы сүт зауыттарының тоқ­таусыз жұмыс істеп, өзімізді де, өзге­лер­ді де дайын өніммен қамтып отыр­ға­ны­­нан байқалады. Соның бірі – Текелі қа­ласындағы сүт зауыты. Жалпы, сүт өн­дірісімен айналысып, халықты табиғи өнімдермен қамтамасыз етіп отырған «Текелі» сүт зауытының 60 жылдық тарихы бар. Кәсіпорында «Текелі» брендімен сүт тағамдарының 23 түрі шығарылады, соның ішінде сүт, айран, май, қаймақ, сүзбе және басқа да көптеген түрі бар. Алдағы уақытта балмұздақ пен ірімшік шығару жоспарланып отыр. Өткен 9 айда Текелі қаласында құны 307,2 млн теңге болатын 1 100 тоннадан астам сүт, қаймақ, сары май, сүзбе және басқа да сүт тағамдары өндірілген. Кәсіпорын «Алтын сапа» байқауының жүлдегері, көптеген марапатқа ие болған.

«Текелі» сүт зауытының тарихы сонау 1953 жылдан басталады. Алғашында сүт жи­найтын сауда нүктесі ретінде құрыл­ды. 1987 жылы оған жеке кәсіпорын мәртебесі берілді. Ал қазіргі «Текелі сүт зауыты» деген атауы көпке кеңінен та­ныс. Ұжымның тынымсыз еңбегінің және басшылықтың ұйымдастыра білу ше­бер­лігінің арқасында 1990 жыл­дар­дағы күрделі кезеңде де кәсіпорын жұмысы ақсаған жоқ. Ал тәуелсіздік жыл­дары зауыт қайта түлеп, жұмысы жа­ңа­ша қарқын алды. Бертінде облыс әкім­дігінің қолдауымен «Өндіріс» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несиеге ие болды. Өндіріс толықтай қайта жаңғыртылды. Заманауи технологиялармен жабдықталды. Бұдан соң зауыт та­­­уарына деген сұраныс артып, кәсіпорын бүгінгі нарық талабына сай дами түсті.

Еңбек жолын осы кәсіпорында бас­таған, үздіксіз 30 жыл бойы өндірісте жұ­мыс істеген Валентина Кубрак бү­гінде «Текелі» сүт зауытының өндіріс жөнін­де­гі директоры лауазымына дейін қол жет­кіз­ген жан екен.

– Алғаш зауытқа 1990 жылы өндіріс ше­бері ретінде қабылдандым. Бұл – ең­бек жолымды алғаш бастаған жерім. Содан бері 30 жыл бойы осы зауыттың қа­бырғасында еңбек етіп келемін. Елі­міз тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекет қол­дауының нәтижесінде зауыттың шы­ға­­ратын өнімінің көлемі едәуір артты, өндіріс іргесі кеңейді. Бүгінде тәулігіне 10 тоннадан 20 тоннаға дейін өнім шыға­ра­мыз. Зауытта тәжірибелі мамандар жет­кілікті. Олардың алды кемінде 20 жыл­­дан бері осында еңбек етіп жүр. Бұл ретте 45 қызметкердің 30 пайызын жас­тар құрап отыр. Бұл – қуантарлық жайт. Қызметкерлеріміздің әлеуметтік жағ­дай­ла­рына да көңіл бөліп, қолдап отырамыз. Кәсіпорын есебінен бір мезгіл ыстық тамақ және тегін жол жүру билеті беріледі, – дейді В.Кубрак.

Зауытқа қажетті шикізат қала маңын­да­­­ғы шаруа қожалықтарынан, жеке аула­­­­лардан жиналады. Зауытта сүт­тің са­­­пасын тексеретін арнайы зертха­на бар. Тек зертханалық тексеру қоры­тын­дысы шыққаннан кейін ғана сүт өн­дірісте қолданылады. Мәселен, зауыт облыстың ірі шаруашылықтарының бірі «Хильниченко және К» шаруа қожалы­ғы­мен тығыз байланыста жұмыс істейді. Сүт зауытқа жеткізіліп, тиісті зерттеу жүр­­гізілгеннен кейін сепаратордан өткі­зі­леді. Сол арқылы сүт табиғилығын сақ­тайды. Мұнан кейінгі өнімнің стандартты майлылығына қол жеткізу үшін қалыптандыру, сүттің ұйып қалмауы үшін гомогенизация, сүттің максималды қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін пас­­­терлеу процестері жүргізіледі. Бұдан әрі дайын өнім қапталып, маркасы қойылып, сауда нүктелеріне жөнелтіледі.

– Біздің өнімнің басты ерекшелігі – оның ешқандай қоспасыз, өнімнің табиғи қалпын сақтауында. 1953 жылдан бастап біз таза мемлекеттік тапсырысқа жұмыс істедік. Біздің сүтімізді балабақшада, мектептер мен ауруханаларда пайдаланды. Өйткені біз өз өнімімізді таза табиғи сүттен дайындадық. Және әлі күнге сон­дай сапаны ұстанып келеміз, – дейді кә­сіп­орын директоры В.Кубрак.

Жалпы, сүтте табиғи дәрумендер сақталатындықтан, өнімді сақтау мерзімі шектеулі болады. Мәселен, зауыттың сүт өнімдері 5 күн, ал айран 7 күн ғана сақталады. Зауыт өнімдерін тұрақты тұтынатындар қатарында жеке сатып алушыларды айтпағанда, «Шапағат» арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, «Те­келі» санаториі, кондитерлік цехтар, ірі сауда дүкендерінің желісі бар. Талдықорған, Алматы қалаларында да зауыт өніміне сұраныс жоғары екен.

Былтыр «Текелі» сүт зауыты ребрендинг жасап, өзінің барлық өнімінің сыртқы қаптауын толықтай өзгертті. Соның нәти­же­сінде өнім қаптамасы бұрынғыдан гөрі айқын, танымал, қолайлы бола түскен. Қазір сүт зауытының тауарларын интернет желісі арқылы кеңінен жарнамалай бастапты. Кәсіпорын індет жағдайында үлкен сынақты бастан өткерді. Індетпен күрес жағдайында да зауыт жұмысын тоқ­татқан жоқ. Қайта отандық тауарға деген сұраныс екі есеге артып, өнім шы­­­ғ­ару көлемі де ұлғайтылды. Кәсіп­орын қызметкерлерінің бәрі коро­на­вирусқа қарсы вакцина алды. «Осы­лай­ша өзіміздің, жақындарымыз бен ай­наламыздағы адамдардың да өмірін қауіп­тен қорғаймыз», дейді олар.

Айтпақшы, алдағы жылдан бастап зауыт балмұздақ пен ірімшік шыға­ру­ды бас­тамақ. Сонымен қатар жаңа техно­ло­гия­ның көмегімен өндіріс көлемін тағы да ұлғайта түсіп, нарықтағы позицияларын нығайтып, тауардың жаңа түрлерін меңгеруге көшпек.

– Осы жыл ел Тәуелсіздігіне 30 жыл то­­­лып отыр. Ал біздің кәсіпорнымыз үшін екі есе қуаныш. Осы жылдар ішін­де Текелі қаласы да өсіп-өркендеді, жаңа арнаға бағыт алды. Кәсіпорындар кө­бе­йіп, жаңа үйлер, әлеуметтік нысандар салынды. Мемлекеттік қолдау шара­ла­рының нәтижесінде, қызмет­кер­лер­дің күнделікті тынымсыз еңбегі арқылы зауытымыздың да іргесі кеңейіп, жаңа мүмкіндіктерге талпынуда. Сапалы өнім шығарып, жас мамандарды оқытып-үйретіп, жаңа жұмыс орындарын құрдық. Біз отандық өндірісті дамытуға үлес қо­сып жүргенімізге қуаныштымыз. Осы 30 жылда мен қарапайым маман­нан директорға дейінгі қызметтік бас­пал­дақ­тардың бәрінен өттім, кәсібімді терең меңгеруге мүмкіндік алдым, өз-өзімді дамыттым, сөйтіп табысқа жет­тім. Осындай даму жолдарының бәрі біз­дің береке-бірлігіміздің, бір-бірі­міз­ді қолдаудың, мемлекеттің жағдай жасағанының арқасы деп білемін, – дейді В.Кубрак.

 

Алматы облысы