Сонау даңқты хандар заманында да сұлтандар мен билер, ел ағалары кеңес құрып, келелі пікір, дана сөз, әділ пәтуа айтқан. Олардың бізге жеткені бар, жетпегені бар, қалай дегенде де елдік ғұрып бүгінге дейін жалғасып келеді. Кезінде жарты әлемді аузына қаратқан Әмір Темір: «Мемлекет жұмысының оннан тоғызы кеңес-мәслихатпен, қалған біреуі ғана қылышпен жүзеге аспақ» деген екен.
Тарихымыздағы хан кеңесі мен би талқысының жөні осы бағдарда болғаны сөзсіз.
Қанша сыналса да, кеңестік кезең жиналыстарының бәрі елді тоқырауға ұшыратпағаны бесенеден белгілі. Күні кешегі сондай біраз басқосудың тегеуріні қазір аңыз болып айтылады. Танымдысын еске түсірсек, әр айда бір рет өткізілетін «Бірыңғай саяси күн» әлемдегі, елдегі саяси маңызды оқиғалардан хабардар ететін. Ауыл шаруашылығы қызметкерлері жаңа әдіс-тәсілдерді, озық тәжірибені, селекцияға, басқа да мәнді істерге қатысты ұсыныстарды «Мал өсірушілер күні» еститін.
Бүгінде жүзеге асырылып жатқан іс-шараларды, мемлекет тарапынан берілетін жеңілдікті, көмекті, жәрдемақыны «Бірыңғай кәсіпкер күнінде», қоршаған ортаны сақтаудың мән-маңызын «Бірыңғай эколог күнінде» айтып, қоғамға қажетті жаңалық пен кеңеске, әдістеме мен тәсілге бұқаралық сипат берсек, кім ұтылады? «Құдыққа түскен кісі аспаннан өзге ештеңе көрмейді» дегендей, қызмет кабинетінен ұзамаған, алыс аудандар мен шалғай ауылдарға ат басын бұрмаған басшы, маман халық ахуалын, шаруа ахуалын қайдан біледі?
Кез келген салада нәтижеге жету үшін теория мен практика бірлігі керектігі атқан таңдай ақиқат.
Тарлан тарихымыздан қағазға түспесе де, тек арқылы бізге жеткен тағы бір тағылым – халқымыздың бірауыз сөзге тоқтаған қасиеті. Әрине, желбуаз, лепірме, көбік сөзге емес, қара қылды қақ жарған тура сөзге тоқтаса керек.
Бүгіннің шындығы: кейбір жиындарда көзі жетпеген, өзі сенбейтін нәрсеге өзгені иландырғысы келетіндер аз емес. Осындайда айтыс-тартыс үдеп, салғыласу жалғасады. Соның кесірінен уақыт зая кетеді.
Жалған есеп беріп, көпіртіп күбі піскендей есіп-желіп сөйлейтіндерді кім тоқтатпақ? Мұны көріп-біліп, сезетін қауым әдеп сақтап, сөзді бұзбауға тырысады, жиынның тезірек түгесілуін төзімдікпен тосады. Көпшілігі кезекте тұрған келесі жиналысқа кешігіп қалмауын ойлап отырады. Сонда босқа кеткен есіл уақыттың өтеуін кімнен, неден сұрамақ?
Біздіңше, әрине, әркім өзінен сұрағаны жөн. Одан соң, әр жиынның тиімділігіне жоғары тұрған құрылымдар мониторинг жүргізер болса, сапа бірден өзгеріп шыға келер еді.
«Алтын қазына – уақытыңды ұрлату да, біреудің өлшеулі мерзімін ұрлау да – күнә» дейді ілімі бар даналар. Оған жол бермеу үшін өзіміз өзгеруіміз қажет. Дәлірек айтсақ, әр деңгейдегі алқа жиындарын, жиналыстар мен кеңестерді өткізудің жоспары, бекітілген кестесі қатаң сақталуға тиіс. Ұйымдастырушылар оған қатысушы тараптардың ой-өресін, мәдениетін, білімін, құзыреті мен мүддесін ескеруі керек. Нақтылыққа, уақыт пен кеңістікке қатысты ұлт құндылықтарын құнттағаны жөн. Көпшілік алдында өзгеге пайдасы тиетін орынды уәж, жүйелі сөз айтылуға тиіс.
Жекелеген жағдайда асығыс әзірленетін жиындардың кінәраты мен кемшілігі көрініп тұрады. Халықты бірсарынды, шұбалаңқы жиналыс әбден жалықтырғанын аңғару қиын емес. Әрине, олардың қорытындысы қойыртпақ, шешімі шалажансар, әлжуаз болып шығатыны да белгілі. Қағазда бар, істе нәтиже жоқ үрдіс – сол көпсөзділіктің, қағазбастылықтың, жиынқұмарлықтың жемісі. Өзін өзі алдаумен тең десе болады.
Ойлана қарасақ, «әйтеуір өттіге» құрылатын формальді есеп пен жиналысқа жол бермеудің тетіктері де жеткілікті. Ол үшін іс-шараның мән-мағынасын саралайтын, сараптайтын жаңашыл мемлекеттік көзқарас, сындарлы сана қажет. Негізі, жиынды азайтудың жолы – күнде нақты көрсеткіші бар іспен айналысу.
Бұл ретте халық арманы Мөңке бидің:
«Кер заманның кезінде...
Айнымалы, төкпелі биің болады,
Халыққа бір тиын пайдасы жоқ,
Әр тұста бас қосқан жиын болады», деген ащы да қатаң болжамымен бүгінге ескерту болып жеткенін ұмытпалық. Ұлтымыздың тағы бір данасы Мәшһүр Жүсіп: «Кері кететін елдің кеңесі көп болады» депті. Бұл сөздің де тағылымы терең.
Қайсыбір жылы Елбасы осындай пайдасыз ұзақ отырыс-жиналыстарға жол берген Үкіметтен бастап мемлекеттік органдарды қатты сынағаны да есімізде. Бір жылда шенеуніктің 100 тәулігі жиынға қатысуға шығындалатынын алға тартып, мәселені реттеу үшін арнайы Жарлық шығарған болатын. Содан бері Үкімет отырысын – тек сейсенбіде, Парламент жиналыстарын – сәрсенбі, бейсенбіде өткізу дәстүрге айналған-ды. Әлбетте, орталық мемлекеттік органдардың жұмысында формализм мен бюрократияны азайтуға бағытталған қадам мемлекеттік құрылымдардың өңірлік, қалалық, аудандық деңгейін түгел қамтыды деп айта алмаймыз. Оларға қарасты бөлімшелер мен филиалдарда бұрынғы сарын басым сияқты. Оны кім қадағалапты?
Әйтпесе, азаматтарды кеңседе емес, қолайлы тұрғылықты жерінде немесе жаңа технологияның мүмкіндігін пайдаланып, онлайн форматта қабылдауды әлдеқашан реттеуге болар еді. Халыққа көрсетілетін қызметті жеңілдетудің орнына, мемлекеттік мекеменің, ұйымның және кәсіпорынның атын жамылып, тұтынушылардың жүйкесін жұқартатындарға кім тежеу қоймақ? Әсіресе, тұрмыстық деңгейдегі бюрократиядан (оның түсін түстеп жатпайық) арылатын кез жетті. Тіпті сақшы, күзетші, кассир, билет сатушы, бақылаушы сияқты күнделікті тіршілікте қатынасқа түсетін көптеген қызметшілер ерсі, мәдениетсіз қылығы үшін қысылмайтын халге жеткені қоғамды ойландыруға тиіс. Бүгінде талап пен тәртіпті, қатаңдықты қарапайымдылықтан айыра білетін, өз міндеті мен өзгенің құқығын құрметтейтін маман мен кәсіп иесінің әдептен озбайтын қызметі – елімізге сын, мемлекетімізге мін болуы мүмкін. Солардың қызметіне, білім деңгейіне қарап, тұтас мемлекетімізге баға береді, еліміздің абыройын таразылайды. Дәл осы секторда істейтін мыңдаған, миллиондаған кадрлардың сапасын қадағалауды арттырып, тиянақтылық танытпаса, туризм саласы ғана емес, мемлекеттік құрылымдардың барлық тізбегі теріс әдеттерге шырмалып қалуы мүмкін. Сондықтан әдептілікке оқытып-үйретуді бір ғана мемлекеттік басқару органына немесе агенттікке жүктеп қою аздық етеді. Бұл меншік түріне қарамастан кез келген мекеме басшылығының күнделікті атқаратын абыройлы міндетіне айналуға тиіс деп ойлаймыз.
Мұндай келеңсіз құбылыс жер-жерде белең алмауы үшін қызмет көрсететін мекемелердің оң тәжірибесін, өнегелі істерін жиі насихаттаған жөн. Сондай-ақ барлық ұйымда, ведомствода жиналыс өткізудің, жұртшылықты қабылдау рәсімінің ережесін енгізіп, жалпыға жария етудің уақыты жетті деп ойлаймыз. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне жүгінсек (2-бөлім 7-тарау, 36-46 баптар), ережеде айқындалатыны да анық жазылған. Олай болса, сол ережені халықтың білгені абзал. Сонда ғана сөз пен істің арасы алшақтамайды. Жақсының ісі алға басып, заң тайынсыз бен тойымсызды тыятынын көрер едік. Сондықтан мұндай нақты қадамдарды құқықтық мемлекетімізді нығайту басымдыққа айналуы қажет. Ал үлкенді-кішілі әр мәжілістің, жиынның, басқосудың, отырыстың орнына, маңызына, уақытына, тәртібіне (регламент) мән беру – ерте ме, кеш пе, жалпы елдің ғана емес, әрбіріміздің кәсіби, адами білігіміз болып қалмақ.
Дархан МЫҢБАЙ,
Мәжіліс депутаты,
Nur Otan партиясы
фракциясының мүшесі