Мәселен, 30 маусым мен 30 қыркүйек аралығында вакцинаның бірінші немесе екінші компонентін алғандар арасында әр 10 күн сайын 200 мың теңгенің 10 ақшалай сертификатын ойнатты. Ал 30 маусым – 31 шілде аралығында вакцина салдырғандар үшін тамыз айында 3 млн теңгелік екі сертификат ұтысқа түсті. Қыркүйекте әрқайсысы 3 млн теңгені құраған екі сертификат ойнатылды. Сейсенбіде акцияның қорытынды кезеңінде вакцина алған 10 адамға жалпы сомасы 10 млн теңгенің ақшалай сертификаты табыс етілді.
1 млн теңгенің сертификатын иеленгеннің бірі – Ашық Мақбұле. Күйеуі екеуі көктемде Спутник V вакцинасын салдырған екен. Бірақ ақшалай ұтыс ойынына қатысатынын білмеген.
– Ақцияның қорытынды кезеңінде 1 млн теңге ұтқанымызды естігенде, әрине сене алмадық. Отбасымызда бірге тұратын 72 жастағы әкеміз де екпе алды. Енді балаларға коронавирус инфекциясына қарсы вакцина салу басталса, оларды да екпе алу арқылы қорғауды жоспарлап отырмыз, – дейді Ашық Мақбұле.
Вакцина салдырып, жеңімпаз атанғандардың қатарында көпбалалы ана Алтын Бозжанова да бар. Біраз жылдан бері облыстық жүйке-психиатриялық диспансердің асханасында жұмыс істейді. Сол себептен, оған адамдармен жиі байланыс жасауға тура келеді.
– Әркім алдымен өзінің денсаулығын ойлайды ғой. Оның үстіне қауіпті вирустың өршуі әлі байқалады. Осындай кезде жақындарыңа да жанашыр болу керек. Дәл қазір қалыпты өмірге оралудың жалғыз жолы – вакцина алу. Сондықтан өзімді, отбасым мен жақындарымды қорғау үшін вакцина салдырдым. Алайда ұтыс ойынына қатысып, қомақты қаржы ұтуды көздеген жоқ едім. «Миллион теңге ұттыңыз» деген хабарды әзіл ретінде қабылдадым. Шынымды айтсам, мен үшін бұл қаржы үлкен тосынсый болды. Енді балаларымның болашағы үшін депозит ашып, ұтқан ақшаны соған саламын, – дейді Алтын Бозжанова.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, биылғы 1 ақпаннан 3 қарашаға дейін вакциналардың бірінші компонентін ектірген атыраулықтардың саны 240 968 адамға жетіп отыр. Оның ішінде 14 мыңнан астам педагог, 6 033 студент бар. Сондай-ақ вакциналардың екінші компонентін
217 284 адам салдырыпты.
Атырау облысы