Аймақтар • 11 Қараша, 2021

Мол өнім алуға мүмкіндік бар

349 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жамбыл облысында биылғы күздік дала жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мемлекет қолдауының нәтижесінде жергілікті шаруалар жер жырту, тұқым себу жұмыстарын бастап та кеткен.

Мол өнім алуға мүмкіндік бар

Өңірде қыркүйек және қазан айларының жұмысқа қолайлы болғанын ескерсек, келесі жылы қара жерден мол өнім алуға мүм­кіндік бар. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәлі­метінше, келер жылдың өні­міне 152,7 мың гектар алқапқа күз­дік дақылдар егу жоспарланған. Бүгінгі таңда 147,7 мың гек­тарға күздік дақылдар егуге егістік жер дайындалған. Нақты айтқанда, 118 мың 782 гектар жерге күздік бидай себілген. Ма­мандар сапалы өңделген то­пырақта ғана дақылдың өсіп, дамуына қажетті жағдайлардың бәрі жасалатынын айтады. Сол мақ­сатта қазіргі кезде шаруалар сүдігер жыртып, тиісті жұмыс­тарын атқаруда.

Жалпы, баға тұрақтылығына алынған өнім көлемі де әсер етеді. Бүгінгідей нарық заманында бұл қарапайым тұрғындар үшін де маңызды. Ал алынған өнім есебінен аймақ тұрғындарын азық-түлікпен қамту жұмыстары да қызу жүргізілуде. Мәселен, биыл жамбылдық диқандардың мол өнімге қол жеткізгенін атап өткен жөн. Облыс бойынша 378,2 мың гектар дәнді-масақты дақылдар орылып, барлығы 465,9 мың тонна дән бастырылған. Сонымен қатар 269,6 мың тонна картоп, 483,3 мың тонна бақша дақылдары,

1 762 мың тонна көкөніс, 129,4 мың тонна дәндік жүгері, 42,2 мың тонна майлы дақыл жиналған. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда. Ал алынған өнімдерді сақтау мәселесі де назарда тұр. Облыс бойынша қолданыста 236 қойма бар болса, ол қоймалардың сыйымдылығы 255 мың 954 тоннаны құрайды. Биыл жалпы сыйымдылығы 13 мың тонна болатын 3 қойма іске қосылса, енді 74,5 мың тонна өнім­ді сақтай алатын тағы да 5 қойманың құрылысы жүргізілуде.

Бүгінгі таңда күзгі дала жұ­мыс­тары 77,8 пайызды құрап отыр. Ал қалған 22 пайызын жер­гілікті ауыл шаруашылығы маман­дары қараша айының алғашқы он күндігінде аяқтайды деп жоспарланған.

«Бір ғана Байзақ ауданын алатын болсақ, алдағы жылы дән­ді-дақылдардан жақсы өнім алу үшін диқандар сүдігер жыртып, жерге тыңайту жұмыстарын жүр­гізу үстінде. Бүгінгі таңда ол аудан­да 231,2 мың гектар сүді­гер жыр­т­ылып, жоспар 53,6 па­йызға орындалған. Онда күздік дақыл­дарды себу жұмысы да аяқталып келеді. Ал жалпы облыс бойынша күздік себуді қараша айының алғаш­қы онкүндігінде жүз пайызға жет­кізу көзделіп отыр», дейді об­лыс­­тық ауыл шаруашылығы бас­қар­­масының басшысы Қайрат Ама­нов.

Жалпы, Жамбыл облысында жыл сайын 2 млн тоннаға жуық негізгі және жоғары сұранысқа ие жеміс-көкөніс өнімдері өндіріледі. Өнімдердің өндіріс көлемі өңірдің ішкі сұранысын толық қамтамасыз етеді. Ал маусымаралық кезеңге қажетті өнім көлемін облыстағы қоймаларда сақтауға мүмкіндіктер қарастырылған.

 

Жамбыл облысы