Ауыр атлетика • 11 Қараша, 2021

Айша алтын алды

95 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Талдықорғанда ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионаты жалғасуда. Жарыстың үшінші күні үш салмақ дәрежесі бойынша түрлі жүлделер сарапқа салынды.

Айша алтын алды

Алғашқы екі күнде жеті салмақтың алтауында Алматы облысының өрендері алдарына жан салмаса, кеше жергілікті спортшыларға бірде-бір бас жүлде бұйырмады. Әйелдер арасында 64 кило салмақ дәрежесінде Шығыс Қазақстан облысының өкілі Дарья Павлова дара шықты. Оның көрсеткіші – 197 (88+109) кило. 71 кило салмақта Айша Омарова алтыннан алқа тақты. Осы жарыста қарағандылық зілтемірші өзінің шеберлік деңгейі өзге спортшылардан әлдеқайда жоғары екеніне көпшіліктің көзін жеткізді. Айша өзінің басты қарсыласы ақмолалық Екатерина Столяренкодан бақандай 27 кило артық салмақты еңсерді.

Ерлердің 73 кило салмақтағы сайысында 16 жастағы Денис Полубаяринов жеңіске жетті. Қостанайлық зілтемірші 318 (138+180) килолық зілтемірді еш қиналмай көтерді. Осы жарыстың фавориті жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінің жеңімпазы, 19 жастағы Сайхан Тайсуев күміс медальды қанағат тұтты.