Геологиялық барлауды жаңғыртып, қолға алу қажеттігі айтылуда. Бұл Маңғыстау өңіріне өте-мөте қатысты. Алайда, «Маңғыстауда барлау, бұрғылау жұмыстары не береді?» деген сауал туындайды. Өйткені, соңғы жылдары өңірде мұнай өндіру өнімділігі төмендегені бар. Осы орайда, қордың азайғандығы да айтылмай қалмайды. Қазанның ернеуінен асып төгілген байлықты игере алмай күбініп емес, деңгейі төмендеп кетті деп қазан түбіне үңіле қараудың себебі неде? Кәрі түбек қойнындағы қазынасын беріп болды ма, әлде «құлағын жымып, сұрлана қалған» сұр даланың ішіне бүккен сыры бар ма? Осы орайда Қазақстан Республикасы жер қойнауының құрметті барлаушысы, геолог Сағын ҚЫРЫМҚҰЛОВТЫ әңгімеге тартқан едік. – Сағын Ерқасұлы, Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында мұнай-газ секторының дамуына, оның экспорттық әлеуетін сақтай отырып, басқару, өндіру және көмірсутектерді өңдеудің жаңа тәжірибелері керектігіне, геология саласын дамытуға баса назар аударды. Өңірде мұнай саласын біраз жыл басқарған байырғы басшы әрі осы саланың тәжірибелі маманы ретінде айтыңызшы, Маңғыстаудың геологиялық мүмкіндігі қаншалықты? – Бұл бастама қазақ даласының, оның қазыналы бөлігі Маңғыстаудың кезекті мүмкіндігін ашуға серпін береді деп ойлаймын. Күллі Одақ алақайлай қол соғып, іске қосқаннан бері Маңғыстаудағы мұнай кәсіпшіліктері ел әлеуетінің дамуына өз үлесін қосып келеді. Мұнда мұнай кен орындары ашылғаннан бері оның жер қойнауынан 550 миллион тоннадай өнім алынды. Мұнайдың ең көп өндірілген жылы – 1975 жыл, бұл жылы Маңғыстауда 20 миллион тонна өндірілсе, өткен 2013 жылы 18 миллион тонна мұнай өндірілді. Маңғыстаудағы күні бүгін пайдаланудағы кен орындарынан 35 жылдан 50 жылға дейін мұнай өндіріліп келеді, олардың энергетикалық ресурстары азайып, жылдан-жылға өнім беру мүмкіншіліктері төмендеп барады, туралап айтқанда, олар өздерінің егде тартқан жағдайына жетті. Осындай жағдайда мұнай өндірісін бір қалыпта ұстап тұру үшін немесе оны арттыру үшін геологиялық барлау жұмыстарын қарқынды жүргізіп, жаңа кен көздерін ашып, мұнай өсімімен қамтамасыз етілуі тиіс. Кеңес дәуірі кезінде геологиялық барлау жұмысын жүргізуді қаржыландыру үшін мұнай өндіруші өндірістік бірлестіктер өндірілген әрбір тонна мұнай құнының 10-11 пайызын бюджетке аударып отыратын. Өкінішке орай, ол үрдіс құрдымға кетті. Мұнай-газ кешенінің ырғақты дамуы, оның шикізат ресурстарымен жеткілікті түрде қамтамасыз етумен тікелей байланысты. Өндірілген мұнай көлемі шикізат өсімімен толықтырылып отырылуы тиіс. Шикізат ресурстарын іздестірумен айналысатын салалардың бірі – геологиялық барлау жұмыстарын әлемдік нарыққа шығару. Бұл сала шетелдік инжинирингтік компаниялардан инвестиция тартуды көздейді. Нақтырақ айтсақ, Маңғыстауда 1995 жылдан бері мұнай мен газ кен орындарын құрлықта іздестіру, барлау тұрғысында өнжейлі қоры бар бірден-бір жаңа кен орындары ашылған жоқ. Себеп – осы жұмыстармен басыбайлы шұғылданатын мекемелердің қожырап, тарап кетуі. Кешенді экспедиция «Мангышлакнефтегазразведка» «Маңғыстау барлау, бұрғылау басқармасы», «Мангышлакнефтегеофизика» тресі, «Маңғыстау геологиялық барлау тематикалық партиясы» сияқты геологиялық барлау жұмыстарымен айналысатын мекемелер таратылып кетті.
–Маңғыстауда алып алаңдар бар ма? Геологиялық зерттеу қай өңірлерге бағытталуы тиіс деп санайсыз? – Каспий теңізінің жағасындағы бұл түбек әлі талай зерттеуді қажет етеді. Мұрат ақынның «Маңғыстаудың бойы – майлы қиян» деуі тегін емес қой. Бір жылдары Ақбас, Қарасай, Шанжол, Байрам-Қызыладыр, Қауынды, Қорғамбай алаңдарына барлау жұмыстары басталды. Бұл өңірлер әлеуеті жағынан жоғарғы перспективалы алаңдар болып есептеледі. Бұрғылау кезіндегі геологиялық және технологиялық қиыншылықтарға байланысты олардың жобалы тереңдіктеріне және межелі қабаттарына жетуге мүмкіндік болмады, сондықтан барлаушылар жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болды. Ал Долинная, Ақсаз, Емір, солтүстік батыс Жетібай, Северное Придорожное сынды кейбір жаңа ашылған кен орындары жекешелендірілуге тап болды. Маңғыстауда геологиялық барлау жұмыстарының негізгі нысандары Юра және Мел (Бор) жер асты қабаттары болатын. 1972 жылы сынақ кезінде Оңтүстік Жетібай алаңынан триас шөгінділерінен, тәуліктік өнімі 250 мың текше метр газ бұрқағының алынуына байланысты триас-палеозой қабаттарына деген көзқарас мүлде өзгерді. Бұл кешен барлау жұмыстарының маңызды объектілері қатарына қосылды. 1982 жылы Қызылқұм мүйісіндегі Оймаша алаңындағы сынақта палеозой граниттері бар № 12 ұңғыда тәулігіне өнімі 260 текше метр мұнай бұрқағы алынды. Бұл да мұнай көздерінің жаңа объектісіне айналды. Өкінішке орай осы гранит интрузиясының жер қойнауында орналасуы, оның аудандық, көлемдік кеңістік өлшемдерін анықтау назардан тыс қалды. Оның теңіз астында жалғасы анықталмады. Егерде Оймаша алаңында жоғарғы дәлдікті сейсмикалық зерттеулер жүргізіп, осы гранит интрузиясының кеңістіктегі орналасуын, оның теңізбен астарласқан жалғасын анықтаса, ол геология ғылымы және өндіріс үшін берері мол құнды жаңалық болары ақиқат. Мүмкін, Вьетнамдағы «Белый тигр» мұнай кен орны сияқты, бізде Оймашадан гранит интрузиясының өнімі жеткілікті болатын көз табылар ма еді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Маңғыстауда 4-4,5 мың метрлік тереңдікке дейін мұнай көздері негізінен Юра, Мел қабаттарында орналасқан. Жуық арада бұл қабаттардан жаңа кен орындары ашылады деген үміттің ақталмауы мүмкін. Триас және палеозой қабаттарына іздестіру және барлау жұмыстарын шоғырландыру керек сияқты. Бұл ретте жоғарыда мысалға келтірілген барлау жұмыстары тоқтатылып, қалған алаңдарды терең бұрғылауға қайтадан тартса, триас-палеозой қабаттарында мұнайдың және газдың үлкен қоры бар кен орындары ашылуы мүмкін. Қазылатын ұңғылардың тереңдіктері 5000-7000 метрден кем болмаса, палеозой шөгінділеріне терең бойлау үшін және олардың геологиялық, литологиялық, физика-химиялық құрамдары жөнінен мейлінше мол мағлұмат алуға болар еді.
– Геологиялық жұмыстарға қайта жан бітіріп, жалын тіктеу үшін нендей шараларды қолға алу қажет? – Елбасы Жолдауда дәстүрлі салаларды дамыту жөнінде бөлек жоспарлар болу керектігін айтты. Осы орайда геологиялық барлау саласы бойынша әлемдік нарыққа шығу үшін осы жұмыстармен айналысатын ведомстволардың мәртебесін көтеру, беделін арттыру, оның әлемдік нарыққа танымал болуына жағдай жасау қажет және олардың материалдық базалары жаңаша жарақтандырылып, әкімшілік-шаруашылық қызметтері тәжірибелі, кәсіби білімді салалық мамандарға тапсырылса дұрыс болар еді. Бұрын геологиялық барлау саласының жұмыстарына республикамызда Геология министрлігі басшылық еткені баршаға белгілі. Өндірістік қуаттылығы күшті мекемеде тәжірибелі мамандар қызмет атқаратын, кейін бұл ведомство Геология комитетіне айналды. Қазіргі күнде комитет Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің қарамағында қалды. Менің ойымша, Геология комитетіне қайтадан Геология министрлігі статусын беріп, мәртебесін көтерсе, бұл геологиялық барлау саласының тиімділігін арттырар еді, оның әлемдік нарыққа шығуына және танымал болуына жол ашар еді. Сондай-ақ, тікелей Үкіметке бағынатын болғандықтан, еш жалтақсыз шешім қабылдап, қаралып отырған жобалардың эксперттік сараптамаларының жоғарғы дәрежеде болуына, бағалануына зор мән беретін, тізгінін сала өндірісінен мол тәжірибесі, ғылыми атағы бар мамандар ұстаған Мемлекеттік қорлар комитеті (ГКЗ) қазір өз жұмысын геология комитетінің құрамында атқарып келеді. Оны осы аталған комитеттің қарамағынан шығарып, тікелей Үкіметке бағынатын еткенде дұрыс болатын сияқты. Осы бағытта Ақтау қаласында геологиялық барлау жұмыстарының негізгі бағыттарын нұсқап отыратын, өткен-кеткенге талдау, жүргізілген жұмыстар нәтижесіне сараптама жасайтын, жаңа алаңдардың перспективасын ғылыми тұрғыдан дәлелдейтін, атқарылған жұмыстардың ғылымға қосқан жаңалықтарына терең талдау жасайтын Маңғыстау ғылыми геологиялық барлау өндірістік институтын ашу өте қажет. Қызметке геология саласының әртүрлі бағыттарын жақсы меңгерген, тәжірибесі мол, ғылыми атағы бар мамандарды тартса жөн болар еді. Елбасы Н.Назарбаев Жолдауда «геология саласын дамытуға шетелдік инжинирингтік компаниялардан инвестиция тартқан жөн» дейді. Бұл өте дұрыс айтылған ұсыныс. Біз еліміздегі небір экономикалық қиын кезеңдерде Президенттің тікелей араласуымен көлемді инвестиция тартып, жағдайымызды жөндеп, дағдарыстан аман қалдық. Өңірдегі іргелі мекеме бола тұра, «Маңғыстаумұнайгаз» мекемесінде жұмысшыларға айлық жалақысын тауып бере алмай қиналған кездер әлі есте. Елбасы бастамасымен осы инвестициялық саясат тығырықтан шығуға сеп болған еді. Қазір қуатты мемлекетке айналдық. Бізде өз олигархтарымыз қалыптасты, кейбіреулер Форбсқа да шығып үлгерді. Ендеше, Үкіметіміз өзіміздің бай-қуатты азаматтарымыздың қаражатын инвестицияға тартуы тиіс деп ойлаймын. Олар өз елінің дамуына, көркеюіне азаматтық үлестерін қосудан қалыс қалмауы керек.
– Араға біраз жылдар түсті, бар жабдықтар тозды. Екіншіден, техника да, технология да жаңарды. Геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге еліміздегі бұрғылау саласының материалдық-техникалық базасы төтеп береді ме? – Бұл жағынан бес қаруымыз сай деп айтуға әлі ерте. Жоғарыда мыңдаған тереңдіктерде ұңғылар қазу қажеттігін айттым ғой, мұндай ұңғыларды қазатын қондырғыларды Ресейден, Қытайдан сатып алуға тура келеді. Біздің елімізде бұрғылау қондырғыларын шығаратын бірде-бір зауыт жоқ. Жалпы болашақта құрлықта мұнай мен газ кен орындарын іздестіру және барлау жұмыстары үлкен тереңдіктермен байланысты болады. Ол тереңдіктерді ашу кезінде жоғары қысыммен (1000 атм.) және жоғары температурамен (250-300 гр.) қызмет етуге тура келеді. Сол себепті, елімізде 2000-7000 метрлік ұңғыларды қазатын бұрғы қондырғыларын шығаратын зауыт салу бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Дүниежүзінде мұнайдың қоры жөнінен 15 орынға ие бола тұрып, бұрғылау қондырғыларын, оның материалдық-техникалық ресурстарын шетелден сатып алуымыз орынсыз. Бұл салада біздің өзгелерге қол жаюдан арылатын уақытымыз жетті. Екінші бесжылдықта үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама бойынша терең бұрғылау қондырғыларын шығаратын зауыт салынуы қарастырылуы қажет. Зауыттың зерттелетін аймақтардың географиясына және тұрғындарды жұмыспен қамту мүмкіндігіне қарай Жаңаөзен қаласында орын тебуі қолайлы болар еді деп ойлаймын. Президенттің осы Жолдауынан кейін еліміздің қарқындап дамуына бұрынғыдан да үлкен жол ашылған сияқты. Халық шаруашылығының әрбір саласының даму жолдары айқын. Соның ішінде мұнай-газ секторының, геологиялық барлау саласының дамуына зор мән беріліп отыр, себебі, бұл салалар Қазақстан экономикасының қарқынды даму кепілі. Оны іске асыру біздің барлығымыздың парызымыз.
– Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы.