Оқиға • 11 Қараша, 2021

Ақтөбе облысында Құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы сотталды

309 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбеде мектеп құрылысын жүргізуді міндетіне алған мердігер алаяқтығы үшін, ал бұрынғы шенеунік салғырттығы үшін сотталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақтөбе облысында Құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы сотталды

Ақтөбе қалалық сотында Күнбол Тұрымов және Вадим Масқа қатысты сот отырысы өтті. Күнбол Тұрымов бұған дейін Ақтөбе облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы қызметін атқарса, Вадим Масс Ырғыз ауданында бірнеше мектеп салуды өз міндетіне алды.

Күнбол Тұрымовқа Қылмыстық кодекстің «салғырттық», ал Вадим Массқа «алаяқтық» бабы бойынша айып тағылды. Істің материалына сүйенсек, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Ырғыз ауданында 100 орынды интернаты бар мектеп салу жоспарланған.

Білім ордасының өзі 300 орынға шақталған. 2017 жылы тендер жарияланып, құны 1,4 млрд теңге болатын құрылыс жұмысының мердігері анықталды. Құрылыс 13 айға жоспарланған. Алдымен жұмыс жоба-смета құжатына сай жүргізілгенімен, кейін көлік қызметінің бағасы көтерілгенін, жоба-смета құжатына өзгерту енгізу керек екенін айтып, сендірген, осы жолмен ақша жымқыруды жоспарлап, іске асырған.

Мердігер Ырғыз ауданында екі мектеп салып қолданысқа берді, ал дене шынықтыру-спорт кешенінің құрылыс аяқталмай қалған. Осы іске қатысты сот үкімі шықты. Нұрбол Тұрымов айыпты деп танылып, 2 жыл 6 айға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Ол сотта бар кінәсін мойындады. Енді түнде дәмхана, мейрамхана, клубқа баруға болмайды. Жыл сайын 100 сағат қоғамдық жұмыс істеуі тиіс. Пробациялық бақылау жүргізіледі. Ал Вадим Масс Қылмыстық кодекстің «алаяқтық» бабы бойынша айыпты деп танылды. Ол 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Азаматтық шағым ішінара қанағаттандырылды.

Вадим Масс Ақтөбе облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына 96 632 953 теңгені қайтаруы тиіс.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.