25 Ақпан, 2014

Мемлекеттік тіл мәртебесі намыс оянса, сөз іске көшсе артады

397 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Тіл мәселесі қазақта ғана емес, төрткүл дүниені мекендеп отырған барлық жұрттарда бар. Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен Халықаралық тіл күні 21 ақпанда аталып өтіп, әлемдегі тіл тағдыры сөз болды. Осы атаулы күнге орай, Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Мәңгілік тіл» тақырыбын қозғаған дөңгелек үстел болды. Дөңгелек үстелдегі алғашқы сөзді басқарма басшысы Ербол Тілешов алып, кейде саяси мәселелермен айналысып кетіп, тілдің ішкі иірімдеріне, яғни, стилистикасына, сөйлеу мәнеріне, тазалығына мән бере бермейтінімізді алға тартып, ендігі жердегі басты әңгіме: «Диктор дұрыс сөйлемеді, газет кейбір атауларды дұрыс жазбапты, тағы да басқаларды термелей бермей, әрқайсымыз осы қалай дегенге үлес қосуға тиістіміз», деп көршіміз Ресей жұртшылығы да тіл тазалығы үшін күресіп жатқанын қадап айтты. Ал қаламгер Сұлтан Оразалы: «Тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болғаннан бергі кезең ішінде айтылмаған сөз қалмады десек, қателеспейміз. Дегенмен, тәуелсіздіктің арқасында ана тіліміздің абыройы артты. Оны мойындауымыз керек. Дегенмен, әттеген-айларымыз да жоқ емес. Ең бастысы, мемлекеттік тілге тікелей қарсы шыққан бірде-бір ұлт өкілі жоқ. Тек осы мәселеде кейбір билік орындарындағы азаматтардың немқұрайдылығы қынжылтады», деп қазақ тілі Жапонияда, Қытайда, Еуропаның біраз елдерінде оқытылып жатқанына нақты мысалдар келтіріп, «Мәңгілік Елдің» мәңгілік тіліне арнап, осындай отырыс өткізуді құптайтынын, ендігі жерде қазақ топырағын мекендеп жатқан әрбір азамат, оның ішінде, қазақпын деген ұрпақ көш ілгері жүрсе, тіл туралы сөз тоқтайды» деп ойын түйіндеді. Ал «Мемлекеттік тіл» республикалық қозғалысы Астана филиалының төрағасы Сайлау Батыршаұлы: «Мәңгілік Ел» болу үшін, ең алдымен, ұлт өкілдері өзгелерге үлгі болуы тиіс», деп Ата Заңымыздың кейбір тұстарына тоқталды. Саясаттану ғылымдарының докторы Әбдіжәлел Бәкір, ұлттық тілді оқыту жайында ой толғаған. «1938 жылы КСРО-да «Ұлттық республикаларда орыс тілін міндетті оқытып, үйрету» деген қаулы қабылданды. Тіліміздің тұралауына осы құжат себеп болды. Оның үстіне қазақ жұрты жоғарыдан жел соқса, дауылдатып жіберетін әдеті бар емес пе?! Сол жылдары елімізде 292 мектеп болса, оның 157-сі орыс тілде, 10 аралас, 89 қазақ және басқа тілдерде еді. Орыс мектептерінің басымдығына қарамай, басшылар жоғарыдағы қаулыны желеулетіп, 1-ші сыныптан бастап орыс тілін оқыту жөнінде бағдарлама енгізді. Оны айтасыз, 1948-1949 оқу жылында қазақ мектебінің жоғары сыныптарында, нақтылай түссек, математика, физика, химия, денешынықтыру пәндері сынақ ретінде тек орыс тілінде жүргізілді» деп Елбасының 2008 жылы: «Қазақ тілі үш тілдің бірі емес, негізгісі, маңыздысы болады» деген сөзін мысалға келтірді. «Президенттің осы айтқанын мен мемлекеттің саясаты деп білемін» деп Конституцияның 7-бабы, 1-тармағындағы нормаларды қайта қараса деген тілегін білдірді. Мәжіліс депутаты Оразкүл Асанғазы тілді оңалтудың негізгі бастауы балабақша мен мектепте, жоғары оқу орнында екенін тілге тиек етіп, «Біз балаларды білім ұяларында мемлекеттік тілге баулысақ, тіл мәселесіндегі проблема шешіледі», деп қазақ, орыс тобы деген сөзді азайтатын уақыттың жеткенін, «Тіл жанашырлары» жастар ұйымын құруды ұсынды. Ол сонымен бірге, жарнамалардағы жанды қинайтын оралымсыздықты бүкіл жұрт болып қолға алу керектігін жеткізді. Белгілі ақын Серік Тұрғынбекұлы бәріміздің сөзге келгенде тосылмайтынымызды, бел шешіп істеуге икеміміздің аздығын, өзгеге итере салуға бейім тұратынымызды, тәуелсіз ел болғалы ширек ғасырға тая­са да орыс тілі өз дегенін істеп келе жатқанын, оған өзге емес, өзіміздің кінәлі екенімізді тарқатып, «Қазір қазақ тілін білмесеңіз, ештеңеңіз де кетпейді. Сондықтан, мемлекеттік тілді қажеттілікке айналдырмай, бағы жанып, бәсі артады дегенге өз басым сене бермеймін. Мәңгілік тілсіз – мәңгілік ел болмайды. Кейбір азаматтар, әсіресе, жастар қазақ тілін біле тұрып, алқалы жиында ағылшынша сөйлейтінді әдетке айналдырып барады. Оны өзіне мақтан санайды. Бір замандары орыс тілі де осындай дәрежеге көтерілген болатын. Әрине, тіл білу керек, бірақ өз тіліңнің құнын түсірмеуің қажет. Біз осыны жастардың санасына сіңіруге тиістіміз. Ол үшін бастауыш сыныптарды мүмкіндігінше қазақыландыру қажет. Істейтін істің бір тұсы осы. Осыны оңалтсақ, тіл туралы әңгіме тыйы­лады» деп сөз аяғын түйді. Ал Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы Қайрат Сақ мектептерде көркем әдебиетті оқыту мәселесі көңіл көншітпейтіні туралы ой сабақтап: «Осыдан ба, жастардың тілі жұтаң, ойының әрі де, нәрі де төмен. Бізге журналист болсақ деп талапкерлер келіп жатады. Бір өкініштісі, солардың көбі жүйкеңді жұқартып, екі­ауыз сөйлем құрай алмай, бай тіліміздің қадірін кетіреді. Сол ұрпаққа қарап, бір кездері өзгелер біздің ана тілімізді жұтаң екен ғой деп қабылдамасына кім кепіл бола алар екен», деді. Тіл тағдыры талқыға түскен дөңгелек үстелде Ж.Әбуов, А.Кендірбекұлы, тағы да басқа азаматтар өздерін толғандырып жүрген мәселелерді қозғады. Соңғы түйін: мемлекеттік тілдің мәртебесін бүгінгіден де биіктету үшін Қазақ елін Отаным деген барлық азаматтар түйсініп, сөзден іске көшсе ұтарымыз мол деген байламға тоқтады. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан».