Әлем • 14 Қараша, 2021

Елбасы бастамасымен құрылған ұйым

226 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Өткен жұмада Түркияда Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңе­сі­нің VIII саммиті өтті. Жиын қорытындысы бойынша кеңесті бұдан былай Түркі мем­лекеттері ұйымы деп атау туралы шешім қабылданды. Бұл – Елбасы Н.Назар­баевтың екі жыл бұрын айтқан ұсынысының тікелей жүзеге асуының ай­қын кө­рінісі. Осылайша, Елбасы негізін қалаған  Түркі бірлестігінің ауқымы ке­ңейіп, алып Еуразия құрлығындағы прогрессивті ұйым болу бағытында батыл қа­дам жасалды.

Елбасы бастамасымен құрылған ұйым

«Цифрлық дәуірдегі жасыл технологиялар мен ақылды қалалар» тақырыбына арналған Түркітілдес мемлекеттердің ын­ты­­мақтастық кеңесінің VIII саммиті Ыс­тан­бұл қаласының оңтүстік-шығы­сын­­да, Мәрмәр теңізінде орналасқан Де­мо­кратия және бостандық аралында өтті.

 Демократия және бос­тандық аралында өткен алқалы жиынға түгел түркінің басы қосылды десек артық айт­қандық емес. Саммитке Қазақстан Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев, Түр­кия Президенті Режеп Тайып Ердоған, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қатысты. Сондай-ақ іс-шараға Түркітілдес мемлекеттердің ын­тымақтастық кеңесіне бақы­лаушы ел­дер­дің басшылары Түрік­мен­стан Пре­зи­денті Гурбангулы Берді­мұха­медов пен Мажарстан Премьер-ми­нистрі Виктор Орбан да келді.

Саммит кезінде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркітілдес мем­лекеттер ынтымақтастығы кеңесінің VIII саммитіне қатысушыларға видео сә­лем жолдады.

«Президент Режеп Тайып Ердоғанға бүгінгі кездесуге Түркі кеңесінің Құрметті төра­ғасы ретінде қатысуға шақырғаны үшін шын жүректен ризашылығымды біл­діремін. Биыл көктемде менің бастамам­мен өткен Түркі кеңесінің бейресми онлайн саммитіне қатысқандарыңыз үшін алғысым зор. Сіздердің шешімдеріңіз бойынша Түркістан қаласы түркі әлемінің рухани астанасы мәртебесіне ие болды.

Жуырда Түркістанда Түркітілдес мем­­ле­кеттер парламенттік ассамблея­сы­ның Х мерейтойлық сессиясы сәтті өтті. Болашақта қасиетті Түркістанға сіздердің де жолдарыңыз түседі деп сенемін. Қадірлі саммитке қатысушылар! Елдеріміздің еге­мен­дігін ең алғаш бауырлас Түркияның танығаны біздің халықтарымыздың есінде мәңгілік сақталады. Бұл белеске барша түркі елдерінің тарихи жетістіктермен жеткені – біз үшін зор мақтаныш. Сонымен қатар мемлекеттеріміз алдына өршіл ұлт­тық даму мақсаттарын қойып отыр.

Президент Ильхам Гейдароғлы Әлиев­­тің басшылығымен қарқынды дамып келе жатқан Әзербайжан өз аума­ғы­ның тұ­тас­ты­ғын қайта орнатуына 1 жыл тол­ға­нын атап өтті. Бұл – бәріміз үшін қуа­ныш. Қа­рабақта ауқымды қалпына келтіру жұ­мыс­та­рын бастады», деді Н.Назарбаев.

Елбасы өз сөзінде Қырғызстан Пре­зи­денті Садыр Жапаров республикада күрделі саяси реформалар жүргізуді қолға алып, елдің 2026 жылға дейінгі ұлт­тық даму бағдарламасын орындауға кіріс­ке­ніне тоқталды.

«Президент Режеп Тайып Ердоған 2023 жылы Түркия Республикасының 100 жылдығы қарсаңында елін жаңа жетіс­тіктерге жетелеп келеді. Президент Шавхат Мирзиёевті «Жаңа Өзбекстан стра­тегиясы» бағдарламасын ұсынып, жуыр­­да өткен мемлекет басшысы сайлауында айқын жеңіске жетуімен тағы да шын жүректен құттықтаймын.

Түрікменстан ел бейтараптығы мәр­те­­бесінің 25 жылдығын атап өтіп, Прези­дент Гурбангулы Бердімұха­ме­дов­тің бас­шылығымен 2030 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму бағ­дар­ла­­м­асын жүзеге асыруды жалғас­ты­рып отыр. Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанға түркі әлеміне көрсетіп келе жатқан жан-жақты қолдауы үшін алғы­сымды білдіремін.

Барша түркі мемлекеттері басшылары халықтарының қарыштап өсу-өркендеу жолында алға қойған мақсаттарға жете беруін тілеймін. Елдеріміздің ұжымдық жұ­мысының арқасында осы саммитте аса маңызды шешімдер қабылданатыны қуантады. Президент Гурбангулы Берді­мұ­­хамедовті, бауырлас Түрікменстан хал­қын Түркі кеңесіне бақылаушы ел ре­тінде қосылуымен құттықтаймын. Бұл қадамның маңызы зор және формал­ды түрде түркі елдерінің бас бірігуін біл­ді­ре­ді», деді Елбасы.

Елбасы екі жыл бұрын Бакуде жасаған екі ұсынысын қолдағаны үшін мемлекет­тер басшыларына алғыс айтты. Соған сәйкес, «Түркі әлемінің келешегі – 2040» страте­гиялық құжаты әзірленді және қабыл­данады. Бұл концептуалды бағ­дарлама ұйымның ұзақ мерзімді перспективаға арналған мақсаттарын бел­гілеп көрсетеді.

«Екіншіден, бүгіннен бастап біздің бірлестік Түркі мемлекеттерінің ұйымы деп аталады. Бұл қадам елдеріміз ара­сын­­­дағы ықпалдастықты ілгерілету ісін жаңа деңгейге көтеріп, ұйымның мәр­те­белі миссиясын жүзеге асыруға тың серпін береді деп сенеміз. Осылайша, Ыстан­б­ұлда қабылданатын шешімдер бауыр­­лас мемлекеттердің көпқырлы ын­ты­мақтастығын жандандыруға елеулі ықпал етуі тиіс.

Бүгін түркі әлемінің даму тарихында жаңа дәуір басталғалы отыр. Бұл ретте менің пікірімше, осы басқосудан бір­не­ше месседж жолдауға болады. Бірін­шісі бауырлас халықтарымызға ба­ғыт­талған. Біз олардың назарын түркі өр­кениетінің әлемдік тарихта көп ғасыр­дан соң алғаш рет қайта жаңғырып жат­қа­нына аударып отырмыз. Түркі елдері бірігіп, жаңа күн тәртібі мен идеологиясын қалыптастыруда. Сонымен бірге мемлекеттерімізде ата-бабаларымыздың ортақ тарихын, рухани мұрасын қайта байыптау үдерістері жүріп жатыр. Басқаша айтқанда, ХХІ ғасырда түркі әлемі қайта жан­данып, кең ауқымды әрі ежелгі түркі ша­ңырағына жататын елдердің өзара бел­сенді жақындасу үрдісі жүреді», деді Тұңғыш Президент.

Н.Назарбаевтың сөзіне сүйенсек, сам­миттің екінші месседжі жер бетіндегі ең алып құрлық – Еуразияға бағытталған. Осылайша, Еуразия жұртшылығы қазіргі кезеңде үлкен ортақ құрлықтың ортасында орналасқан елдеріміздің түркі әлемінің парадигмасы шеңберінде үйлесімді жұмыс істеп жатқанынан хабардар болмақ.

«Осы ретте ірі көршілерімізбен, әсіресе, Ресей, Қытай, Үндістан және Еуроодақпен өмір­шең әрі өзара тұрақты қарым-қа­ты­наста болуына мүдделіміз. Оның үстіне, интег­рациямыздың стратегиялық мақсат­та­рының бірі – түркі әлемі негізгі өзе­гін құрайтын Үлкен Еуразияның бірі­гуіне ықпал ету. Бұл Үлкен Еуразияның бар­лық мемлекеттерінің әрекеттестігіне не­гіз­делген құрлықтық қауіпсіздіктің бе­рік жүйесін қалыптастыруға да септігін ти­гізеді.

Үшінші месседж бүкіл әлемге бағыт­тал­ған. Біз осы жаңа ұйымның барлық мем­лекеттермен және халықаралық ұйым­дармен ынтымақтастыққа дайын еке­нін паш етіп отырмыз. Оның ешкімге қарсы бағытталмағанын атап өткен жөн. Бұл – жаңа блок емес, қызметі БҰҰ Жар­ғы­сының негізгі мақсаттары мен прин­цип­те­ріне сай келетін прогрессивті бір­лестік.

Түркі әлемі ғасырлар бойы Ұлы Жібек жо­лының қалыптасуында маңызды рөл ат­қарды. Ең алдымен, Шығыс-Батыс бағы­тын­дағы қатынастардың кең контексінде мәдениеттер мен өркениеттер арасын байланыстырып келді. Сонымен бірге ол жалпы адамзат мәдениетінің рухани және материалдық қазынасына да өз үлесін қосты. Бүгін біз жаһандық тарихи эво­лю­цияның жаңа кезеңінде сол үрдістің қай­талануын көріп отырмыз», деді Елбасы Н.Назарбаев.

Жиын барысында Қазақстан Пре­зи­ден­ті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөй­леді. Мемлекет басшысы түркі елде­рі­нің 30 жылдық азаттық мерейтойы­мен құт­тық­тады. Осы кезеңде іргемізді бекітіп, еңсе­міз­ді тіктегенімізді еске салды.

«Мемлекеттеріміздің арасындағы дос­тық қатынасты нығайта түстік. Биыл­дың өзінде екі рет бас қосып, жоғары деңгейде Саммит өткіздік. Бұл – мызғымас ба­уыр­лас­тығымыздың айқын көрінісі. Қа­зақта «Төртеу түгел болса, төбедегі келе­ді» деген ұлағатты сөз бар. Осы жерде жиналған елдердің жоғары дең­гей­­дегі өкілдерінің ниеті түзу. Біз бар­лық мемлекеттерді ынтымақтастыққа ша­қырамыз, сондықтан бүгінгі басқосу тамыры бір, тарихы ортақ елдердің ауыз­біршілігін арттыра түсері сөзсіз», деді Қазақ­стан Президенті.

Саммитте сөз сөйлеген Түркия Пре­зи­денті Режеп Тайып Ердоған түркі ел­де­рін терроризмнің бүкіл түрімен кү­ре­суге шақырды. Сондай-ақ «жасыл эко­но­микаға» көшуде ортақ әрекет етудің маңызына тоқталды. Табиғи апаттармен кү­ресу мақсатында күш-жігерді үйлестіру үшін «Түрік мемлекеттерінің азаматтық қор­ғау механизмін» құруды ұсынды.

Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Түркі мемлекеттері ұйымының маңызы елдеріміз, халықтарымыз үшін ғана емес, бү­кіл әлем үшін одан әрі арта түсетініне сенім білдірді.

Халықтарымыз арасындағы бірлік пен бауырластық күн сайын нығайып келеді. Бүгінде біз ұлан-ғайыр географияны қам­тып жатырмыз, бұл осы географиядағы үл­кен экономикалық, саяси, әскери күш. Ел­деріміздің бай табиғи ресурстары, заманауи инфрақұрылымы мен көлік жолдары бар. Біздің ұйым алдында тұрған барлық міндеттерді орындайды деп сенемін», деді И.Әлиев.

Қырғызстан Президенті Садыр Жапа­ров өз елін түркі әлемінің ажырамас бөлігі екенін айтты. «Қырғызстан алдағы уақыт­та да түркі әлемімен байланыста, туыстық қарым-қатынас орнатуда белсенді рөл атқарады», деді ол.

Өзбекстан Президенті Шавкат Мир­зиёев Ауғанстанда болып жатқан оқи­ға­­ларға назар аударып, елдің лаңкес­тер­дің оазисіне айналмауы керектігін айтты. «Ауғанстанның гуманитарлық дағдарысқа ұшырауының, халықаралық аренада оқшау­лануының және лаңкестердің орта­лы­ғына айналуының алдын алу өте ма­ңыз­ды. Ауғанстанмен диалогке ортақ және біртұтас көзқарас болуы керек», деді ол. Ш.Мирзиёев ұйым атын өзгерту туралы шешімді құптап, келесі саммитке қатысатын барлық түркі елдерінің басшыларын Өзбекстанға шақырды.

Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан 2022 жылы Будапештте Түркі ұйымы мен Вишеград ел тобы (V4) арасын­да ең жо­ғары деңгейде саммит өткізуге бас­та­ма­шы­лық білдірді.

Өз сөзінде Мажарстан Премьер-министрі­ өз елі 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін V4 ынтымақтастығына жетекшілік ететінін еске салды. В.Орбан сонымен қатар мажар және түркі халықтары ғасырлардан бері келе жатқан тарихи және мәдени мұраны бөлісетінін айтты.

Саммит барысында жаһандық күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар бойынша ортақ іс-қимылдың маңызына ерекше екпін берді. Сондай-ақ ұйымның бо­ла­шағына қатысты бірқатар маңызды мә­се­лелер бо­йынша шешім қабылдады. Жо­ға­ры­да атап өткеніміздей, Түркі кеңе­сі­­нің атауы «Түркі мемлекеттерінің ұйы­мы» деп өзгертілді.

Жиын кезінде үшінші тараптармен және институттармен ынтымақтастықтың жаңа әдістерін анықтау, Түркі инвес­ти­ция­лық қорын құру туралы айтылды. Сондай-ақ Ұйымның орта және ұзақ мерзімді мақсаттары мен міндеттерін ай­қын­дайтын «Түркі әлемінің келешегі – 2040» бағдарламасы бекітілді.

Мемлекеттер басшылары аймақ­та­ғы бірқатар маңызды саяси және эконо­ми­ка­лық оқиғалар туралы пікір алмасты. Осы сын-қатерлерді халықаралық арена­да шешуде Ұйымның рөлі өсіп келе жатқанына тоқталып, оның рөлі мен келешегі зор еке­нін атап өтті. Сонымен қатар сауда мен инвестицияларды ұлғайту, көлік және логистика, жасыл әрі жаңартылатын энер­гия, қоршаған ортаны қорғау салаларында жемісті ынтымақтастықты одан әрі нығай­ту қажеттігіне екпін берілді.

Саммитте Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның ұсынысы бойынша Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев елді басқыншылардан азат етіп, аумақтық тұтастығын қалпына келтіргені үшін «Түркі әлемінің Жоғарғы орденімен» марапатталды.

Саммитте ұйымға төрағалық Әзербай­жан­нан Түркияға беріліп, мемлекеттер бас­шылары Ыстанбұл декларациясын қабылдады.