Аймақтар • 14 Қараша, 2021

Ғалымдығы қайраткерлікпен ұштасқан тұлға

428 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Манаш Қозыбаев – қа­зақтың біртуар тұл­ғаларының бірі. Ол – тәуелсіздік жылдарында қазақтың азат ойлы, дербес тарихнамасын қалыптастырған ең ірі тарихшы ғалым­дарымыздың бірі, Қа­зақстан тәуел­сіз­дігінің қалыптасуы жылдарында бо­йындағы барлық күш-жігері мен білімін туған елінің туының бе­рік орнығуына өл­шеусіз үлес қосқан аса белсенді қоғам қай­раткері.

Ғалымдығы қайраткерлікпен ұштасқан тұлға

1990-1993 жылдары Қазақ КСР Жоғары Кеңесіне депутат болғанда атақты академиктер Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Жабайхан Әбділдин, Өмірбек Жолдас­беков және т.б. бірге Қазақ­станның Мем­лекеттік еге­мендігі туралы дек­лар­а­ция­­сының, Қазақстанның Тә­­уел­сіздігі туралы заңы сияқ­­ты тәуелсіздіктің ірге­та­сын қалаған құжаттардың қа­былдануына белсенді ара­ласқан тұлға. Олар – қазақ ұлтының мүддесін қорғау жо­лында өздерінің энцикло­педиялық білімдерімен қар­сыласқандардың аузын аштыр­маған ерен қайрат­керлер.

1970 жылы Манаш Қо­зыбаев Ш.Уәлиханов атын­дағы Қазақ КСР Мемлекеттік, 1995 жылы Қазақстан Рес­пуб­ликасы Мемлекеттік сый­лықтарын, ал 1997 жылы  Тұң­ғыш Президенттің Бей­біт­шілік және рухани келі­сім сыйлығын алған. Сегіз жыл бойы Қазақ энци­кло­пе­диясының бас редакторы болып, Тарих және эт­но­логия институтын 1988 жыл­дан 2002 жылы өмір­ден өт­кенінше 14 жылдай бас­қарған. 71 жасында өмір­ден өткен ғалымның туған хал­қына берері әлі де көп еді, бірақ тағдыр оның маңдайына ұзақ ғұмырды жазбапты. Қа­зір жас ұрпақ ғалымның ар­­тында қалған мол мұра­сы­мен сусындауда. Ал есімі Алматы қаласында бір кө­шеге, Қостанай қаласында бір мек­­тепке және Солтүстік Қа­зақ­­стан университетіне беріл­ген.

Жуырда осы университетте ғалымның 90 жылдығына арналған «М.Қозыбаев оқу­­лары – 2021: Білім мен ғы­лым­ды дамытудың жаңа ба­ғыттары және заманауи көз­қарастар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конфе­ренциясы өтті. Кон­фе­рен­цияға қатысушылар ал­дымен университеттің ал­дындағы ғалымның ескерт­кішіне гүл шоқтарын қойды. Одан кейін «Манаш Қозыбаев – Тә­уелсіздік жаршысы» ға­лым өмірінің деректерінен құрастырылған бай көрмені тамашалады.

Конференцияны ашқан уни­верситеттің ректоры Ер­лан Шұланов құттықтау сөз­дерін айту үшін облыс әкімінің орынбасары Ға­ни Нығыметовке сөз бер­ді. Ол облыс әкімі Құ­мар Ақсақаловтың құттық­тауын оқып берді. Парламент Се­натының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төр­ағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед өзінің сөзінде ғалымның ІІ Дүниежүзілік соғысқа қа­тысты «Қазақстан – арсенал фронта» атты докторлық диссертациясына қатысты классикалық монографиясын тілге тиек етті. «Аспанда, жерде, теңізде жер жүзінің 70-тен артық мемлекетін қамтыған адамзат тарихындағы ең үл­кен соғысты зерттеуге қос­қан үлесін ескеретін бол­сақ, ол – ең алдымен әскери-та­­рихшы ғалым. Жауға атыл­­ған 10 оқтың тоғызы Қазақстанда жасалғандығын және бүкіл Шығыс майдан­дарда қолданылған қа­ру-жарақ пен шикізатты шы­ғарған ең үлкен арсенал Қа­­зақстан болғандығын да тұң­­ғыш дәлелдеген Ма­наш Қабашұлы», деді ол.

Сонымен бірге М.Қо­зы­баевтың Қазақ КСР эн­циклопедиясының қалып­тасып, дамуына қос­қан зор еңбегі мен ұстаздық қырлары туралы да айтып өтті. Ол 90-ға жуық ғылым докторлары мен кандидаттарын дайындаған. Соның ішінде Өзбекәлі Жәнібеков, Абай Тас­болатов сияқты көр­нек­ті тұлғаларға да ғылы­ми жетекші болғанын атап өтті.

Өзінің құттықтау сөзінде Тайыр Мансұров тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің құ­рылуы кезеңінде Манаш Қа­баш­ұлының фундаментал­ды ғылыми еңбектері отан­дық тарихи және саяси көз­қарастың қалыптасуына айрықша реңк бергенін атап өтті. Сонымен бірге өзінің М.Қозыбаевпен ғылым мен баспагерлік ең­бек­тер жо­лын­да болған әріп­тестігін жо­ғары бағалайтынын, оның адам­гершілік жоғары қыр­­ларына көзі жеткенін атап айтты.

Л.Н.Гумилев атында­ғы Еуразия Ұлттық уни­вер­­­ситетінің ректоры Ер­лан Сыдықов өзінің құт­тық­­­­тауында Манаш Қабаш­ұлы­ның Тарих және этноло­гия институтының өрісін кеңейтіп, ғылыми бәсекелік ортаға айналдырғанын, тарих­шылардың жаңа көзқарасын қалыптастырғанын, Қазақ­станда тұлғатанудың жаңа­шыл бағдарын өмірге әкел­генін, қазақ тарихын алыс-жақын шетелдерге таны­мал еткенін, Ұлттық ғылым академиясының отан­дық бе­делін көтергенін, ұлт та­ри­хын зерделеудің жаңа ғы­лыми-теориялық негіз­де­месін жасағанын атап көрсетті.

Генерал-лейтенант Абай Тасболатов өзінің сөзін әс­кери қызметте жүргенде ғы­лыммен айналысып, тарихшы болуына Манаш Қозыбаевтың әсер еткенін, сол үшін оған шексіз риза екенін айтудан бастады. «Қазақстанның әс­кери тарихының негізін қа­лаған да Манаш Қозыбаев болатын. Ол Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанында айтылған деректердің өмір шындығына сәйкестігін алғашқы болып дәлелдеді. Халық арасында «тарихтың маршалы» атанған Манаш Қабашұлын жерлегенде де әскери дәстүр қолданылған еді», деді ол.

900-дей ғылыми еңбек жазған ғалымның өз өмі­рінің 14 жылдай мерзімін Тарих және этнология инс­титутының директоры болуға арнағанын еске алған инс­титуттың қазіргі директоры Зия­бек Қабылдинов Манаш Қозыбаевтың экономикалық дағдарыс қыспаққа алып тұрған жылдардың өзінде ғылыми зерттеулерді жалғас­тыра бергенін айтты. «Өте күрделі, экономикалық дағ­дарыс жылдарының өзін­де ол қазақ тарихының акаде­миялық басылымын жарыққа шығара алды», деді ол.

Өзі­нің «Қазақ тарих­шы­­ларының атасы» атты баяндамасында Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры Зарқын Тай­шы­бай М.Қозы­баевтың отандық тарих ғылымының жаңа бағытының әдістемелік негізін жасап бергенін айтты. «Тоталитарлық-комму­нистік тәртіптің тар шеңбе­рінде кептеліп қалған тарихи сананың өзгеруіне М.Қозыбаев бас болды. Ол тарих­шыларға еліміздің тер­риториялық тұтастығын қыз­­балыққа салынбай, ұлт мүд­десіне сай ғылыми тұрғы­дан негіздеу қажеттігіне ба­ғдар жасап берді», деді.

«Тәуелсіздік және ұлттық тарихи жады» атты баяндамасында белгілі тарихшы, академик Хангелді Әбжанов Манаш Қозыбаевтың тарихшылар арасында «жаңашыл ғалым», «сергек ғалым»  болғанын айтты. «Ғылым дегеніміздің өзі белгісіздің құпия сырын ашу, ал білім баяғыдан бел­­гіліні білмейтінге үй­рету. Манаш Қозыбаев халқымыздың ақтаң­дақ­тарының сырын ашып, қазақты өзінің төл тарихымен қауыштырды, құпия сырларын ашты. Кешегі ком­му­нистік идеологиялық өк­темдік біздің тарихымыз­ды бұрмалады, өтірік жа­зылған жерлері де көп болды. Ақтаңдақтар қаптап кетті. Осының бәрінің астарын ашып, халықты өз тарихына жақындатқан Манаш Қабаш­ұлы», деді ғалым.

Бұдан әрі Түркиядан Әб­діуақап Қара «Академик М.Қозыбаев еңбектеріндегі Отан тарихының зәру мәсе­лелері», Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия универ­ситеті тарих факуль­тетінің деканы Тілеген Садықов «Академик Манаш Қозыбаевтың тұл­ға­лық феномені», Қоста­най университетінің профес­соры Аманжол Күзем­бай­ұлы «Алғашқы қазақ сі­бір­­танушысы» деген та­қы­­­рып­тарда баяндамалар жасады. Бұдан да бас­қа бірнеше баяндама тың­далды. Конференция барысында ғалымның ұлы Ілияс Қозыбаевтың жетекшілігімен дайындалған «Тарихшы және оның заманы» және Сол­түстік Қазақстан универ­си­те­тінің ғалымның 90 жыл­дығына арнаған «Академик Ма­наш Қозыбаев және тәуел­­сіздік белестері» атты жинақ­тарының тұсауы кесілді. Осы­нау маңызды конференция­ны дайындауға Солтүстік Қазақстан университетінің оқытушы-профессорлық құ­рамы, соның ішінде ректор­­дың кеңесшісі, тарих ғы­лымдарының докторы Ақ­марал Ыбыраеваның еңбегі айрықша болды.