Аймақтар • 15 Қараша, 2021

Сенаторлар келіп кетті...

166 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының «Өңір» депутаттық тобының басшысы Ерік Сұлтанов, сенатор Әлімжан Құртаев және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков болған топ Солтүстік Қазақстан облысына іссапармен келді. 11 қарашада түстен кейін жеткен олар сол күні кешке облыстық әкімдікте «Еңбек күші артық өңірлерден азаматтарды еңбек күші тапшы аймақтарға көшіру мәселесіне» арналған кеңеске қатысты. Кеңесті облыс әкімі Құмар Ақсақалов жүргізіп отырды.

Сенаторлар келіп кетті...

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және кәсіпкерлікті жаппай дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» шеңберінде Үкімет жұмыс күші артық өңірлерден  Солтүстікке қоныс аударуды ынталандыратын ықпалды шаралар жасап отыр. Бұл жұмыстың қазіргі нәтижесі туралы сенаторларға облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Алмаз Қошманов баяндады. Бағдарлама басталғаннан бері екі мыңға жуық отбасы Солтүстікке қоныс аударғаны айтылды. Басқарма басшысы қоныс аударушыларды орналастыру жұмыстары­на қанағаттанарлық баға берді. Жалпы, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының мерзімі осы жылдың аяғында аяқталады. Одан кейін, қоныс аудару шарасы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы шеңберінде іске асырылатын болады. Өзінің сөзінде «Өңір» депутаттық тобының басшысы Ерік Сұлтанов бұл жобаға «Өңіраралық еңбек ұтқырлығы» шеңберінде қоныс аударушылар саны және Қазақстан Республикасына қоныс аударған отандастар (қандастар) саны – деген іс-шаралар енгізілгенін айтты. Сонымен қатар Үкіметке квота санын ұлғайту, ауылшаруашылық мақсатында пайдалануға арналған жер телімдерін бөлу, несиесі бар азаматтарға каникул беру, мектеп құрылысын оңтайландыру мәселелерін қарастыру ұсынылғанын айтты. Сонымен бірге ол қараша айының соңына жоспарланған «Өңір» депутаттық тобының қорытынды отырысында мемле­кеттік және жергілікті органдарға осы мәселеге байланысты басқа да ұсыным­дар жолданатынын жеткізді.

Сенатор Әлімжан Құртаев облысқа 27 мыңға жуық қоныс аударушының өте аз екенін тілге тиек етті. «Біздің есебімізше бұл көрсеткіш өте аз. Осы уақытқа дейінгі атқарылған жұ­мысты саралай келе, квота санын 5-6 есеге арттыру қажеттігі айқын», деді ол өзі­нің сөзінде. Сонымен қатар ол статисти­ка деректеріне сүйенгенде Солтүстік Қазақ­стан облысы қабылдаушы аймақ ретінде көшіп келушілерді ең көп қабылдаған облыс деп атай отырып, Солтүстік Қазақ­­стан облысының атқарылған жұмыс­тарын басқа қабылдаушы аймақ­тарға модельдік аймақ ретінде көрсетіп, оның оң тәжірибесін осы игі істе пайда­лануға тиіс деп білетінін жеткізді. 

Ал Дүниежүзі қазақтары қауымдас­тығы Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков Солтүстік Қазақстанда «Асар» әдісімен шетелден келетін қазақ­­та­р­ға тұрғын үйлер салу мәселесі туралы айтты. Дүниежүзі қазақ­тары қауым­дастығының Төрағасы Н.Назар­баев­тың шетелдердегі қазақтарды тарихи ота­нына әкелу, қазақстандықтардың әлеу­меттік қорғалмаған санаттарының тұр­ғын үй мәселелерін шешу және жаңа жұ­мыс орындарын ашу туралы тапсырма­сы аясында қолға алынған бұл жоспар Ақ­мола мен Түркістан облыстарында іске асып жатыр. Сондай әдіспен коттедждік агро­қала­шықтар салу енді Солтүстік Қазақстан облысында іске асырылмақшы. Оған 180 гектардай жер бөліну жоспарланды.

Сенаторлардың қоныс аударушыларды қолдап, олардың орналасуын бақылауда ұстап отырғандарына риза боласың. Үкімет те бұл іске қажетті қаржыны бөліп отыр. Тек бұл істе әттеген-ай дейтін бір-ақ мәселе бар. Ол – салынған үйлердің солтүстіктің суығына төтеп бере алмайтын сапасыздығы. Сырты қанша әдемі болса да көптеген үйдің суығы, сапалы салынбаған соң қанша от жақса да жылынбайтындығы қоныс аударушы ағайынның қабағына кірбің түсіреді. Сенаторлар осы мәселеге назар аударып, салынған үйлерді қабылдаған комиссиялардың жұмысына баға беруде ыждағаттылық керектігін талап еткенде – олардың қолдауына халық тіпті ырза болар еді. Сонымен бірге әдейі келген соң, тым болмаса облыс орталығының маңындағы бір-екі ауылға барып, қоныс аударушылар үйлерінің сапасын өз көздерімен көргендері нұр үстіне нұр болар еді. Алайда сенаторлар ертесіне тек Петропавл қаласында салынып жатқан құрылыстарды көріп, түстен кейін астанаға аттанып кетті.

Қоныс аударушылардың жалпы мәселесі онсыз да  белгілі болатын, оларға квотаны арттыру, қаражат бөлдіру мәсе­лелері астанада отырып-ақ шешіледі емес пе.  Ал бұл жерде депутаттардың қоныс аудару­шылардың өздерімен кездескені, мәсе­лелерін өз көздерімен көргендері екі жақ­қа да тиімді болар еді. Өкінішке қарай, сенаторлар олармен кездесуді жос­пар­л­амаған көрінеді.

 

ПЕТРОПАВЛ