Қазақстан • 15 Қараша, 2021

Дизайны – ерек, реңі – бөлек

553 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Біздің теңге – дизайны жағынан әлемдегі ең әдемі ақшалардың бірі. Айталық, әртүрлі мемлекеттің ақшаларына талдау жасаған британиялық The Telegraph газеті ең үздік 15 ұлттық валютаны іріктеген еді. Соның ішінде қазақтың теңгесі де бар. Халықаралық банкноталар бірлестігі де (IBNS) қазақстандық банкнотты «дизайн жағынан жылдың үздік валютасы» деп мойындаған.

Дизайны – ерек, реңі – бөлек

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Қазақстанда коллекциялық және инвестициялық теңгелердің ұзын-саны – 500-ден асады. Оның көбі дизайны жағынан талай халықаралық конкурстарда топ жарып жүр. Ұлттық банктің қолма-қол ақша айналысы департаментінің бас дизайнері Алмат Басеновтің айтуынша, соңғы жылдары коллекциялық теңгелер нарығы жақсы дамып, оны сыйлық ретінде сатып алушылар көбейген. «Әлемнің көптеген Теңге сарайлары коллекциялық монеталарды жасағанда бұрынғыдай кон­­сервативті тәсілден гөрі кәдесый бағытына көбірек мойын бұра бастады. Дизайны жағынан классикалық  үлгі­дегі монеталар трендке енді», дейді ол.

Елімізде жәдігер ретінде шығарылған монеталар көп. Олардың әрқайсысы – дара дизайнымен ерекшеленеді. Атап айтқанда, құны 5000 теңгелік, салмағы 1 кг 925 сынамалы күмістен жасалған Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған алтын, күміс монеталар, Түркістанның 1500 жылдығына, ұлттық валютаның 10 жылдығына ар­нап шығарылған алғашқы түрлі-түс­ті күміс монеталар, «Қазақстан петроглифтері», «Қазақстанның кызыл кі­табы», «Қазақстанның қолөнері», «Сәулет және тарихи ескерткіштер», «Көшпенділер алтыны», «Ертеде со­ғылған монеталар» сериясындағы мо­неталар, тағы басқа­лары – бүгінде тарихи ескерткіш ретін­де Ұлттық банктің мұра­жайында сақтаулы.

1

2

3

Жақында ғана Ұлт­тық банк тағы бір кол­лек­циялық монета­ны ай­налымға шы­ғара­тынын хабарлады. Бұл –  номиналы 500 теңгелік «Шығыс күн­тізбесі» монеталар сериясынан шығатын «Барыс жылы» алтын және күміс коллекциялық монеталары. Оның дизайнында «Шығыс күнтізбесі» субұрқағының (Алматы) сәулет эле­мент­тері пайда­ла­ныл­ған. Мүсіндік композицияны суретші-монументалист В.Твердохлебов, А.Татариновпен және В. Кацевпен бірлесе жасаған.

«Барыс жылы» монеталарының аверсінде аспан әлеміндегі жұлдыз­дар картасындағы жұлдыздар шоғырының мифологиялық символы бейнеленген. Жанында монета дайын­далған металл және оның сынамасы мен массасын білдіретін жазу бедерленген. Монетаны айналдыра «ҚАЗАҚ­СТАН РЕСПУБЛИКАСЫ» жә­­­­не REPUBLIC OF KAZAKHSTAN деген жазулар, күннің стильді бейнесі және монетаның номиналы жазылған.

Монеталардың реверсі­нің орталық бөлігінде шы­ғыс күнтізбесі бо­йынша 2022 жыл­дың символы – барыс бе­й­­­не­сі бейнеленіп, айналдыра «2022», «ШЫҒЫС КҮНТІЗБЕСІ», «ВОС­ТОЧ­НЫЙ КАЛЕНДАРЬ» жә­не ORIENTAL CALENDAR деген жазу бар.

«Барыс» алтын және күміс монеталар да нумизматтар коллекциясында ойып тұрып орын алатын жәдігер болғалы тұр. 

Ұлттық банктің бас ди­зай­нері коллекциялық мо­­не­талар – ең қымбат сый­лықтардың бірі еке­нін айтады. «Кез келген кол­лекциялық монета бір­ден қомақты кіріс әкеледі деуге болмайды. Бірақ оны болашаққа салынған инвестиция ретінде қабылдауға болады. Өйткені коллекциялық монеталар белгілі бір көлемде, шағын партиямен ғана шығарылады. Айталық, Ұлттық банк бір монета түрінен 3 мың дана шығарамыз деп хабарласа, артық-кемі жоқ сол көлемде өндіріледі. Осы монетаны Ұлттық банк белгілеген баға­мен арзанға сатып алып, кейін нарықта қымбатқа өткізуге болады. Сирек кездесетін монеталардың бағасы қысқа мерзімде мың есеге өсетін кездері болады», дейді бас дизайнер.

1999 жылдан бері теңгенің дизайнын жасауға қатысып келе жатқан Алмат Басенов өзі де монеталар жинайтынын жасырмады. Оның ең жақсы көретін және бағалайтын монетасы – Тамғалы тас петроглифтеріне арналып шығарылған «Қазақстан петроглифтері» монеталар топтамасы екен. «Бұл монеталардың туу тарихы да ойламаған жерден болды. Бірде Мұрат Әуезовпен кездесіп, көшпенділердің мәдениеті мен тарихы туралы әңгімелесіп отырғанбыз. Ол маған Алан Медоевтің «Гравюры на скалах» деген кітабын көрсетті. Онда көне түркілердің ізі қалған археологиялық ескерткіштер, көне замандағы тасқа таңбаланған петроглифтер туралы кеңінен мағлұмат беріліпті. Осы кітаптан кейін «Қазақстан петроглифтері»  моне­талық топтамасын шығару идея­сы туындады. Қазір бұл монеталар қайталама нарықта жоғары бағаланатын коллекциялардың тізімінде», дейді дизайнер.